Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңаша оқыту – болашақтың бастауы

Жаңаша оқыту – болашақтың бастауы

Елімізде білім саясатына әрдайым басым бағыт беріп келеді. Қазақстан Рес­публикасы білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында нақтылағандай, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу, жаңартылған білім бағдарламасын іске асыру – бүгінгі мектептің негізгі міндеті. Өйткені, ертеңгі күннің бүгінгіден нұрлы болуына ықпал етіп, адам баласын алға жетелейтін құдіретті күш – білім. Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенері хақ. Сондықтан әлемдік білім кеңестігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе.
Ұлы педагог Шалва Амонашвили айтқандай: «Әр балада күн бар, тек оған жарық беруге мүмкіндік беріңіздер». Ендеше қазіргі білім беруге арналған технологиялардың басты көздеген мақсаты – әрбір саналы тұлғаның ой – санасын дамыта отырып, сын тұрғысынан ойлай білу, өздігінен зерттеу және ақпаратты терең талдау дағдыларын меңгерту. Демек сол өсер ұрпаққа білім беру жаңа ізденіс, тың жаңалықтар мен мезгіл сұранысына көзқарас арқылы жүзеге асу керек. Расымен де бұл жауапкершілікті өз деңгейінде атқару заман талабына сай білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс жасап, оқытудың жаңа технологиясын шебер меңгерген ұстазға жүктелер міндет жоғары.
Жақында білім саласына енген жаңашыл ұстаздардың іс – тәжірбиесін тарату, шығармашыл ұстаздарға қолдау көрсету, мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында № 37 мектеп – лицей базасында аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің жоспарына сәйкес жаңартылған білімге – жаңаша көзқарас «Ізденістер мен шешімдер» тақырыбында семинар – кеңес өткізілді.
Инновациялық технологияларды пайдалану арқылы оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту жолындағы мұғалімдердің құзіреттілігін қалыптастыруға ден қойған семинар – кеңеске ауданның барлық мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіс бірлестігінің жетекшілері мен пән мұғалімдері шақырылды.
Шара қонақтарын мектеп – лицейінің талантты бүлдіршіндері өз өнерлерімен қарсы алды. Қонақтар жаңа білім ошағының оқу кабинеттері мен жұмыс процесімен, жақында ашылған «Рухани жаңғыру: Оқу мен тәрбие» кабинетіндегі жұмыстарын көрді. Сонымен қатар оқушылардың шығармашылығы, пән әдіс бірлестігі мұғалімдерінің жетістіктері, жаңа ақпараттық технологиялардың оқу үдерісіндегі алатын орны туралы мәлімет беретін көрме жұмысы насихатталды.
Семинар – кеңес жұмысын мектеп – лицей директоры Г.Жаңабаева, аудандық білім бөлімінің әдіскері Қ. Қалжанова ашып, қатысушыларға бүгінгі бас қосудың мақсат міндеті туралы айта келе, келелі істің табысты өтуіне тілектестік білдірді. Мұнан соң мектеп – лицейінің пән мұғалімдері өз тәжірбиелерін әріптестерімен бөлісу мақсатында ашық сабақтар өткізді. Жоғары санатты ұстаз М. Аусымбаева қазақ әдебиеті пәні бойынша 10 сыныпта «Мәшһүр Жүсіп шығармашылығы» сабағында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, ауыз әдебиеті үлгілерінің жинаушысы М. Жүсіптің өзіндік ерекшеліктеріне жаңа тұрғыдан талдау жасады.
Сонымен қатар пән мұғалімі Л.Ділдәбекованың «Нарынқұм зауалы», Л.Жаңабай өткізген «Табиғаттың құпия сырлары» мен Э.Баймағанбетованың,  Н.Ақыштың «Нағыз әже қайда?» әңгімесі тақырыбындағы 5 сыныптағы дәрістері сәтті өтті. Сонымен қатар жас ұстаз Г.Балтабаеваның 9 сыныпта қазақ әдебиеті пәні бойынша өткізген «Сыр бойын мекендеген қос тұлға – Асан Қайғы мен Қорқыт ата» тақырыбындағы ашық сабағы көпшілікті риза етті.
Оқушының шынайы өмірге деген көзқарасын қалыптастыруда, рухани жан – дүниесін байытуда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің орны ерекше. Өйткені, қазақ тілі бала тілінің дұрыс жетіліп, әдеби тілде сөйлеуін үйретсе, әдебиет – оқушыға беймәлім өмірді танытатын үлкен құрал. Әдебиет арқылы біз оқушыларға ұлттық болмысымызды, асыл қасиеттерімізді танытамыз. Сондай ойлы көзқарастар өткізілген сабақтар барысында оқушылардың осы пәнге деген қызығушылығын арттыру үшін ойлау қабілетін дамытатын, шығармашылық, зерттеушілік белсенділігін арттыратын әдіс – тәсілдерді қолдана білді. Оқушыларға сұрақ қоя отырып, өздерін бағалауды үйрету, әр сабақтың өз ерекшелігі баланың ашылмаған қабілетін көрсетуге негізделген. Тек электронды технологияға, оқулықтарға, жоспарлы білімге, дәстүрлі сабақ беру үдерісіне жүгініп қана қоймай, ұстаздар арнайы көрнекілік құралдарды өзгеше тәсілдерде пайдалана білді.
Шара барысында жас ұстаз Гүлнұр Досбайының ұйымдастыруымен «Сыр сүлейлері» тақырыбында әдеби – танымдық кеш өткізілді. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы тарихтың кешегісі мен бүгінгісін сабақтастыра отырып, оқушылар белгілі өнер иелері Шораяқтың Омары, Дүр Оңғар, Тұрмағамбет шығармаларын мәнерлеп оқып, көріністер көрсетті. Шараға белгілі жырау Берік Саймағамбетов қатысып, Сыр сүлейлерінің бірнеше термелерін нақышына келтіре орындап, көпшілікті тәнті етті.
Семинар – кеңестің қорытынды кезеңінде шара қонақтары Облыстық әдістемелік оқу орталығының қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша әдіскері Ақсәуле Асылбекқызы Ахметова, Абайтанушы, ардагер – ұстаз Абат Тоқташ сөз сөйлеп елін, жерін, тілін, дінін мақтан тұтатын ұрпақты оқытатын да, қалыптастыратын да жауапты тұлға мұғалім екендігіне назар аударды. Мәңгілік ел болуға апаратын бірден – бір жол қазақтың төл мәдениетін тану мен оның бай ана тілінде білім алуы, содан кейін өзге тілді меңгеру керектігін айтты.
Педагог кадрлардың орта білім мазмұнын жаңғырту бағдарламасы аясындағы мұндай шараның өтуіне мән бере қараған ұжымға пән мұғалімдерінің өрелі істеріне алда табыс тіледі. Озық тәжірибиелі мектеп лицейінің бірнеше пән мұғаліміне аудандық білім бөлімінің «Алғыс хаты» табыс етілді.

Ардагүл Жаңабай,
№ 37 мектеп – лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні әдіс бірлестігінің жетекшісі
13 сәуір 2018 ж. 1 214 0