Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БӘСІРЕ ДӘСТҮРІНІҢ МӘНІ НЕДЕ?

БӘСІРЕ ДӘСТҮРІНІҢ МӘНІ НЕДЕ?


Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ұлтты ұйыстыруға, өткенімізді саралап, келешегімізді кемелдендіруге үндейді. Бастысы, «ұлттық кодты» сақтап қалудың сан алуан бағытын байыптайды. Бағдарламалық мақаласында Елбасы ұлттық рухани жаңғыруды жариялап, иірімі терең идеологиялық ұстанымның қадау-қадау қазықтарын қағып, шешімдерін шегелеп берді. Тарихтың толқындарын таразылаудан басталып, ұлт болмысын барынша бағамдаумен байланысып, мемлекеттік атқаруы тиіс міндеттерін межелеп берген мақала біраз игілікті істің бастауы болды.
Ежелден салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа бай халықтың біріміз. Ата-бабадан жалғасып келе жатқан ұлттық құндылықтарымыздың астарында ұрпақ тәрбиесі жатыр. Мәселен, шаңыраққа тұлымды ұл келсе бабаларымыз сол күні туған құлынды немесе ботаны нәрестенің бәсіресі деп атайтын болған. Ұмтылып бара жатқан салт-дәстүріміздің бірі осы – бәсіре.
Бұл ғұрыпты көнекөздер болмаса, жастар жағы біле бермеуі де мүмкін. Ұмытылуға айналған дәстүрлеріміздің ішінен «бәсірені» бөліп алып отырғанымыздың өз мәні бар.
Бәсіре – ер бала ат жалын тартып мінуге жараған кезде ата-анасының немесе нағашыларының мінгізетін тайы. Бәсірені баламен бірге қадағалайды, бұла қылып өсіреді. Бұл дәстүрдің тәрбиелік мәні зор. Меншігіне тиген тайын бала өзі күтіп, баптап жүріп өзіне үлкен жауапкершілік артылғанын сезініп, шаруаға бейімделеді. Яғни, есейе келе бәсіресі бар баланың малға деген ықыласы артып, пейілі түзу болады. Сондай-ақ, бәсіре дәстүрі бала денсаулығын да шыңдап, физикалық тұрғыдан мықты болып өсіп-жетілуіне септігін тигізеді. Кішкентайынан ат үстінде отырып, буынын бекітіп, дене тұлғасын түзейді.
Қазақ халқының ұғымы бойынша, дүниеге келген баланың болашағы өзіне атаған бәсіремен тығыз байланысты. Сондықтан оны ешкімге мінуге бермейді, сатпайды. Бастысы, оны сойып жемейді.
Ал енді бәсіре сыйдың салмағына тоқталар болсақ, баланы жастайынан еңбекке баулудың бірден-бір жолы. Еншісіне тиген тайды баптап-өсіру бала үшін де қызықты. Сыйға тартқан бәсіресі өсіп келе жатқан жеткіншекті болашаққа, жақсы күндерге апаратын көлігі, қанаты болсын деген жақсы ырымы. «Бәйгеге салса жүлдесі, додаға түссе қайраты, тойға барса мақтанышы, жауға шапса сенімді серігі, әрі қаруы болсын» дейтін ұлы тілегі. Алайда, бүгінгі бәсекелестіктің бағындырмаған белесі қалмады деуге болады. Көбіне төркіндеп барған қыздың сәбиіне нағашы жұрты бәсіре сыйдың ең қымбатын беруге әуестеніп кеткен секілді. Тай орнына темір тұлпар мінгізіп, доллар ұстату, депозит ашып беру сынды заманауи сыйлыққа көшкен.
Расында, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» – деген болатын. Ата-бабамыздан жеткен рухани құндылықтарымыздың заман ағымына қарай жаңғыруы жөн шығар. Алайда, асыра сілтеп, ұрпақ тәрбиесін ұмыт қалдырып жатқан жоқпыз ба?
«Қатарынан кем қылмайын» деген ата-ана әрине баласына жамандық ойламайды. Ең жақсысын алып, ең тәттісін аузына салғысы кеп тұрады. Мақсаткер, өнегелі де өнерлі ұрпақтың өсіп-өнуі – ата-ана тәрбиесінен. Ал, тәрбиенің бастау бұлағы – салт-дәстүр, әдет-ғұрып екені аян. Оны бұрмалап, тай орнына темір тұлпардың тізгінін ұстатқаннан кім не ұтпақ?

Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ,
Шиелі ауданы
24 шілде 2018 ж. 1 524 0