Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Таза бейсенбі: «Жастар» аллеясында экологиялық акция ұйымдастырылды

Таза бейсенбі: «Жастар» аллеясында экологиялық акция ұйымдастырылды

Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «AMANAT» партиясы қолға алған «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы бүгін партия мүшелерінің қатысуымен Қызылорда облысы, Сырдария ауданында ұйымдастырылды.

Акция шеңберінде Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентіндегі А.Иманов көшесінің бойындағы «Жастар» аллеясына тазалық жұмыстары жүргізілді.

Тазалық акциясына «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының атқарушы хатшысы, аудандық мәслихаттағы депутаттық Фракция жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы, аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетов, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, Жастар рухының еріктілері мен филиал қызметкерлері қатысты.


– Тазалық – баршаға ортақ құндылық. Туған өлкеміздің тазалығы өзімізге тығыз байланысты. Осыған орай акция басталған уақытта бері ауданымызда ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Аудан бойынша жыл басынан бері 7 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылып, жалпы ұзындығы 70 шақырымды құрайтын каналдар мен арықтар тазартылды. Біз осындай акциялар арқылы тазалық жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, тұрғындарды экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да шақырамыз. Бірер жыл бұрын аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық Фракцияның қолдауымен «Жастар» аллеясын салуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген болатын. Қазір бұл маң жастар үшін қолайлы мекенге, демалыс орнына айналды. Партия Таза Қазақстанды құратын, дамытатын жастардың бастамаларын әркез қолдайды,– деді партия филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған акцияға 50-ге жуық адам қатысып, аллея тазартылды. Айта кету керек, «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аудан орталығынан бөлек ауылдық округтерде де өткізілді.

#AMANAT
27 қараша 2025 ж. 52 0