ҰЛТТЫҚ МҰРАНЫ ТАНУҒА ҮЛКЕН СЕРПІН
Аудандық ішкі саясат бөлімінің мәжіліс залында Елбасы Н.Назарбаевтың жақында жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын талқылауға арналған жиын болды. Алқалы жиынға аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, бөлім басшылары, Үкіметтік емес ұйым жетекшілері мен жастар өкілі қатысты. Жиында Елбасының мақаласында айтылған ұлтымыздың рухани мұрасы мен мәдениетін жаңаша заман талабына сай дамытуға жол ашатын жаңа жобаны іске асыру тұрғысында мағыналы ойлар айтылды.
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында келтірілген деректер, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұралар ұлтымыздың әлем өркениетіндегі орнын айшықтауға бағытталған қадам.
– Елбасының алдыңғы жолғы «Рухани жаңғыру» мақаласы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары әрбір қазақстандықтардың көкейінен орын алды. Бүкіл санамызды ұлттық мәдениетіміз бен тарихымызға бағыттадық. Ежелгі заманда Ұлы дала төсінде пайда болған бабалардан келе жатқан ұлттық мұраларымызды, мәдениетімізді терең тануға жаңа қырынан ұлықтауға жаңа серпін берді. Сондықтан бұл мақала қазақ елі ұрпақтарының рухани санасына әсер ететін маңызды тарихи құжат болып қалатыны сөзсіз, – деді Д.Серікбайұлы.
Марат Омаров, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры: – «Бүгін бабалардан аманат болып қалған қазақтың киелі дәстүрін ұлықтап, Елбасының тарихи маңызы бар мақаласын талқылаудамыз. Өздеріңізге мәлім, осыдан бір жарым жыл бұрын жариялаған «Рухани жаңғыру» мақаласы қазақ қоғамының руханияты мен мәдениетінің көкжиегін ашқан мақала болды. Ал, жақында жарияланып отырған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ұлттық мұраны терең тануға серпін беретін үлкен тарихи мәнге ие өсиет болып табылады. Елбасының алдыңғы мақаласында керемет айтқан сөзі бар: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Әсіресе, Ұлы Даланың ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің қайнар бұлағы», – деп атап айтқан жолдары рухани жаңғырудың негізін қалады. Еліміздің көне өнері мен мәдениеті санамызда жаңғырып тұруы тиіс. Елбасы мақаласының парасатты қағидаттарының негізінде талай-талай шығармашылық жұмыстарды бірлесе отырып жандандырамыз деген ойдамын.
Ұлмекен Жаналиева, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы: – Бүгінгі жиында Елбасының мақаласына өз үнімді қосуға өздеріңізбен қауышуға келгеніме қуаныштымын. Мен үшін бір қуантарлығы бойында ұлттық рухани тәлімі мол ұрпағымыз өсіп келеді. Қазір заман жаңарды, білім алу да жаңарды. Дегенмен, Елбасы ұлттық дәстүріміз көне заманнан бастау алғанын тағы да бір еске салғандай. Әлемдегі ең мәдениетті, өнерлі, шебер халық қазақ халқы. Себебі ұлттық құндылықтарымыздың қайнар көзі ата-бабамыздың ұстанған салт-дәстүрі. Біз ешқашан бойымыздағы ұлттық рухымызды түсірмедік.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы барша жастардың тарихын тереңінен танып біліп, Отансүйгіштік қасиетінің артуына сөзсіз жоғары идеологиялық тәрбие болмақ. Ұлттық құндылықтарды тарих арқылы санамызға жаңғырта бастағанымызға ерекше қуаныштымын. Жастарымыз сонау замандарда Қазақстанның қай түкпірінде болмасын атабабаларымыздың тектілігіне тағы да бір көз жеткізетін болды. Елбасы мақаласында жазылған жолдар баршамыздың жүрегімізден орын алды деп ойлаймын. Өйткені тарихымыз бен мәдениетімізді өскелең ұрпақ санасына жеткізу қастерлі міндеттің бірі.
Кенже Тұрғанбекова, №35 мектеплицейдің тарих пәнінің мұғалімі: – Елбасының мақаласының мәні мен маңызының арқасында маңдайымыз жарқырайтын, қазақ қандай ел болған деген сауалдарға жауап берілетін күн туды. Бұл біз үшін естен кетпес тарихи сәт – жас ұрпақ ғұлама халқымыздың болғанын тағы да терең түсінетін сәт туды! Елбасы-бұл жолы жаңғыруымыздың жаңаша бағытын ұсынды. Мақалада сонымен бірге атқа міну мәдениетінен бастап, Ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, «Алтын адам», түркі әлемінің бесігі, дала фольклоры мен музыкасының мың жылы секілді маңызды аспектілерді қамти отырып, қазақ ұлтының мәдениеті мен тарихы мыңдаған жылдар бұрын басталғанын дәлелдей түседі. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – ұлтымыздың жаңғыруына, келешек ұрпақтың өз тарихын тануына бағытталған баға жетпес құнды дүние.
Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының бастамасымен «Тұлпар мініп, ту алған» атты ұлттық оқу эстафетасын қазақ ауыз әдебиетінің баға жетпес құнды дүниесі «Алпамыс батыр» жырын жатқа оқу жалғасын табуда. Соның дәлелі Сырдария аудандық білім бөлімінің басшысы Баян Орынбекқызы ұлттық жобаны қолдап, қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау мақсатында әр мектеп басшыларына табыстады. Ол фейзбук желісінде қызу қолдау тауып, жалғасуда. Әрбір мектеп басшылары жырды жатқа оқып, келесі мектептерге табыстауда. Бұл бастама бұнымен тоқтап қалмай жалғасын табады деп нық сеніммен айта аламын.
Талқылауға қатысқан жиында жиналғандар Елбасының мақаласы аясында осынау игі бастамаға атсалысу – баршаның қастерлі міндеті екенін және бұл бастамаға қолдау білдіретіндерін жеткізді.
Б.ЖАНӘЛІ