Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЫЛДЫҚ ЖҰМЫСТЫҢ ЕСЕБІ БАСТАЛДЫ

ЖЫЛДЫҚ ЖҰМЫСТЫҢ ЕСЕБІ БАСТАЛДЫ

Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен жыл сайын барлық деңгейдегі әкімдер халық алдында есеп береді. Соған орай, биылғы халық жиындары қаңтардың 14 күні бас­талып, аудан әкімі Ғ.Қазантаев және ауыл әкімдері өткен жылғы жұмыстардың қорытындысын жария етті. Әдеттегідей, есепті кездесу Айдарлы, Жетікөл және Аманкелді ауылында өтті. Оған облыстық мәслихат депутаты Ж.Нұрымбетов, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме, бөлім басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты. Халық жиындарын аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов ашып, жүргізіп отырды.
Айдарлы. Ауыл әкімі Ғ.Дүйсебеков 2018 жылдағы елді мекеннің даму тенденциясына тоқталды. Әр сала бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілгенін айтты. Ауыл шаруашылығы, денсау­лық сақтау, мәдениет, білім, спорт саласында жетістіктер бар. Жыл бойына тиісті жұмыстар жасалған.
Сондай-ақ, елді мекенде кәсіпкерлік саласына бетбұрушылық бар. Атап айтқанда, ауылда 98 кәсіпкерлік субъекті тіркелген. Оның ішінде, 74-і жұмыс жасап тұр. Өткен жылы 26 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліпті. Олар мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде түрлі жобаларды жүзеге асырып, кәсібін дөңгелетуде. Ауыл жас­тары Е.Әлтаев, А.Накыпова, Ө.Есболатов «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасына қатысып, «Мүгедектерді оңалту» орталығы бойынша жеңімпаз атанған.
Жиында ауылдық учаскелік полиция инспекторы Б.Баймаханов қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмысты болдырмау мақсатындағы есепті жұмысын баяндады. Ауыл сақшысы өткен жылы 10 қылмыс жасалып, оның 3-і ашылғанын айтты. Елді мекенде құқық бұзушылықты болдырмау үшін түрлі ескертулер жасалған, біршама жұмыстар жүргізілген. Баяндамада учаскелік полиция инс­пекторы қылмыстың алдын алу мақсатында өзіне жүктелген міндеттерді атқара беретініне сенім білдірді.
Мұнан соң аудан әкімі Ғ.Қазантаев өткен жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есепті баяндамасын жасады.
– Өздеріңізге белгілі, Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2018 жылдың 5 қазанында Қазақстан халқына Тәуелсіз еліміздің кезекті дамуының стратегиясы мен тактикасын айқындаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жариялап, қазақстан­дықтардың әл-ауқатын өсіруге тікелей ықпал ететін 6 басымдықты айқындап, нақты бағыт-бағдар берді. Сонымен бірге, Ел Президентінің Жарлығымен 2019 жыл «Жастар жылы» ретінде белгіленді. Бұл елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын жастарға зор мүмкіндіктер ашылады деген сөз, – деп бастаған аудан басшысы 2018 жыл аудан үшін табысты болғанын айтты. Оған қоса, мерейлі белестер жылы. Өткен жылы қазақстандықтар Астана қаласының 20 жылдығын кең көлемде атап өтсе, сырбойылықтар Ақмешіт шаһарының 200 жылдығын тойлады. Ал сырдариялықтар ауданның торқалы 90 жылдығын республика көлемінде атап өтіп, мерейі үстем болды.
Өз баяндамасында аудан басшысы бірлескен жұмыстар нәтижесінде барлық маңызды салалар бойынша дамудың оң динамикасына қол жеткенін атады. Сонымен қатар, елді мекендерде де бірқатар мәселелер шешімін тауып, жос­парлы жұмыстар жүріп жатқанын тілге тиек етті. Мәселен, осы жылға облыстық бюджетке 25 жоба ұсынылса, соның ішінде Айдарлыдағы ескі емхана ғимаратын балабақша етіп қайта жаңғыртуға қаржы бөлінбекші. Баяндама барысында аудан әкімі барлық саладағы жетістіктерді атап көрсетіп, алдағы міндеттерге де тоқталды.
Есепті баяндамалардан кейін ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Ауыл ақсақалдары өз ұсыныстарын жетікзіп, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.
Жетікөл.
Ауылдық округ әкімі Ж.Қожахметов есепті жұмысын халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласынан бастады. Өзі шағын ауыл болғандықтан өткен жылы 14 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Одан бөлек, қоғамдық негізде, әлеуметтік жұмыспен қамтылғандар жетерлік. Соның нәтижесінде, ауылда жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрады.
Кәсіпкерлікті қолдау жылы аясында елді мекен тұрғындары оның игілігін көруде. Ол үшін ауыл әкімдігі аппаратынан кәсіпкерлерге қызмет көрсету бөлмесі ашылған. Сол негізде, Жетікөлде 54 кәсіпкерлік субъекті тіркелсе, оның 94,4 пайызы жұмысын жасап тұр. Ауыл халқы ет-сүт өндіруді, бақша дақылдарын егіп, пайда табуды кәсіп етуде. Оған қоса, «Жылыжай ашу» және өзге жобаларды қолға алған. Ауыл әкімі баяндамасында маңызды салалар жұмысын да тізбектеді.
Сөз кезегінде ауылдық учаскелік полиция инс­пекторы С.Сайфулла есепті мерзімде атқарған жұмысы есебін берді. Ол өткен жылы елді мекенде 7 мал ұрлығы, 1 бөтен ұрлық тіркелгенін айтып, қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында тұрғындармен бірлесе жұмыс жасалып жатқанын жеткізді.
Аудан әкімі Ғ.Қазантаев жылдық есебінде ауылдағы ауыз су мәселесіне тоқталды. Қазіргі таңда ауданда Жетікөлден басқа елді мекендер тәулік бойына сапалы ауыз суды тұтынып отыр. Енді осы жылы Жетікөлдегі мәселе де шешім таппақ. Аудандық бюджет есебінен ауылдық округтің тұрғын үйлеріне дейінгі ауыз су жүйелерін жүргізуге жобалық сметалық құжаттама дайындап, сараптамадан өткізуге тиісті қаржы бөлінген.
Одан бөлек, аудан басшысы дамудың өзегі болған кәсіпкерлік саласына кеңінен тоқталды.
– Аудан бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайтудың қазіргі таңдағы негізгі бағыты – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Өздеріңізге белгілі, аймақ басшысы 2018 жылды өңірімізде «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялаған болатын және облысымызда «жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы» деп қайта жариялады. Айта кету керек, 2018 жылғы рейтинг қорытындысы бойынша Қызылорда облысы бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасаған ең үздік өңір деп танылып Мемлекет басшысы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа «Ең үздік бизнес орта құрғаны үшін» номинациясы бойынша «Алтын сапа» сыйлығын табыстады. Баршаңызға құтты болсын, – деген аудан әкімі Ғанибек Қонысбекұлы бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылғанын атады. Атап айтқанда, жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2017 жылмен салыстырғанда өткен жылы 18 пайызға артты. Сол бойынша 5 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, тіркелген шағын кәсіпкерлік субъектілері де 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге өсіп отыр. Бұл орайда, аудан тұрғындарын жаппай кәсіпкерлікке тарту үшін кәсіпкерлікті дамыту «Жол картасы» бекітілген. Статистикалық мәліметтерді атап көрсеткен аудан басшысы жұртшылықты ауданда кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетуге шақырды.
Мұнда да ел ағалары есепті баяндамаларға қанағаттанып, атқарылған жұмыстарға жоғары баға берді.
Аманкелді. 3 мыңға жуық халқы бар ауылда да жоспарлы жұмыс жыл бойына жүрген. Ауыл әкімі Қ.Құлымбетов өткен жылға бөлінген қаржы толығымен игерілгенін айтты. Салалардағы ақылы қызметтер де 100 пайыз орындалған. Халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында кәсіпкерлік саласын дамытуға жағдай жасалған. Сол бойынша ауылда 124 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасап тұр. Сонымен қатар, өткен жылы ауылда 41 кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 есеге өсіпті. Яғни, ауыл халқының көпшілігі кәсіппен айналысуға ден қойған.
Өткен жылы елді мекенде 12 қылмыс тіркелген. Оның 5-і ашылыпты. Ауылда пробациялық есепте тұратын адамдармен тиісті түсіндіру жұмыстары жасалып келеді. Бұл туралы ауылдық учаскелік полиция инспекторы Б.Жармаханов жеткізді.
Есепті баяндамада аудан әкімі сырдариялық­тардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақ­сарту мен қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау мақсатында 2013 жылы барлық елді-мекенде облыс әкімінің қолдауымен құрылған Қоғамдық кеңестер ұрпақ тәрбиесі, елдегі ауызбірлік пен татулықты, тазалықты сақтауда табысты еңбек етуде екенін атап айтты. Бүгінде Кеңестер құрамындағы қоғамдық ұйым өкілдері, ардагерлер өзекті мәселелердің шешімін табуға өздерінің лайықты үлестерін қосуда. Осындай бірлескен жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі күні ауданда қоғамдық-саяси және діни ахуал тұрақты.
– Құрметті ардагерлер! Сіздер еліміздің өркендеуі мен дамуы үшін өз қажыр-қайраттарыңыз бен ақыл-кеңестеріңізді аямай, еліміздің өркендеп, гүлденуіне атсалысып жүре беріңіздер. Сіздерге ерекше алғысымды білдіремін, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң кезек ұсыныс-пікірлерге беріліп, аманкелділіктер ұсыныстарын жеткізді және жылдық жұмысқа лайықты баға берді.
Айта кету керек, есепті баяндамалардан, сондай-ақ ұсыныс-пікірлерден кейін аудан әкімі халыққа кәсіпкерлікке бет бұруды тағы қайталады. Өйткені, қазіргі заманның талабы осы екенін жеткізді. Қазіргідей мүмкіндік барда соны пайдаланып, әркім өз тағдырына ие болу қажеттігін, кейінгі ұрпақ билікке телміріп отырмай, өздері кәсібін дөңгелету керектігін тілге тиек етті. Ол үшін атқарушы билік тарапынан қолдау көп. Тек жұмыла жұмыс жасап, ауызбірлікті сақтап, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту керек.

Е.БЕРКІНБАЕВ

15 қаңтар 2019 ж. 1 732 2

Гость JeaOrer от 18 ақпан 2019 04:57
Can You Open Keflex Capsule cheap cialis Tadalis Sx Soft Comprar Viagra Farmacia Propecia Para Alopecia

Гость JeaOrer от 9 наурыз 2019 09:00
Free Viagra Without Prescription Viagra Professional Online Pharmacy viagra Cephalexin Prescribed For Acheter Viagra France Pas Cher