Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫРДАРИЯ – БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ІРГЕЛІ АУДАН

СЫРДАРИЯ – БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ІРГЕЛІ АУДАН


Сырдария – ұлдары ержүрек, қыздары қылықты, ынтымақ пен еңбек­ті ту еткен аудан. Туған жерімнің бүгінгі күнге дейін де, қазіргі таңда да жеткен жетістіктері аз емес. Қай салаға қарасаң да көз тоятын, көңіліңе мақтаныш ұялататын, «Бұл – менің ауданым!» деп мақтана айтатын толағай жетістіктер молынан табылады.
Ақ күріштің айдынында жүрген еңбек ерлері, қолына қалам ұстап, білім нәрімен сусындатқан, оқушы жүрегіне жол тауып, шабыттандырған ардақты ұстаздар, тәртіптің қырағы күзетінде жүрген тәртіп сақшылары, жаны-тәні ауырғанның қасынан табылған ақ халатты абзал жандар, кәсібін дөңгелете білген кәсіпкерлер, ел қамқоры, халық үшін күні мен түнін аямай еңбек еткен ел ағалары ауданымыз үшін аянбай еңбек етуде.
Биыл ауданымызға – 90 жыл. Сыр елі, жыр елі, Сырдарияның жасы тоқсанда. Тоқсан жасқа тоқсан түрлі тартуымен келген бұл жыл – берекенің жылы. Аудан орталығында бой көтерген әсем ғимараттар, зәулім үйлер салына бастады. Халықтың көптен күткен саялы үйлері өз иелерін тауып, ел игілігіне айналуда. Бұл – Елбасының көреген саясатының жемісі, аудан халқының адал еңбегінің нәтижесі.
«Туған жердің түтіні де ыстық», – дейтін қазақ жұрты Сырдың бойын дархандықтың, береке мен байлықтың иесі санаған, оны қадір тұтқан. Менің ауданым – менің мақтанышым. Мақтаныш болған Сыр топырағы, Сыр елім еңбек дүбірімен оянып, жаңа жобалармен, аппақ армандармен мәңгілікке жасай берсін демекпін.

Динара Биғалиқызы,
№ 42 Қ.Баймағанбетов атындағы
мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы
27 желтоқсан 2018 ж. 697 0