АУЫЛ АЙМАҚ ТЫНЫШТЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА
Ел ішіндегі тұрақтылық пен қоғам тыныштығын сақтауда жұмыла жасаған жұмыстың нәтижесі айқын. Осы рете құқық қорғау саласының қажырлы еңбегі кез келген қылмыстың алдын алуға себепкер болатындығын айта кеткен орынды. Жақында аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес шалғайда жатқан елді-мекендердегі жалпы құқық қорғау саласының бүгінгі көрінісін зерделеп білу мақсатында кеңейтілген кездесу жиыны өткізілді. Оған аудан прокуроры Ерлан Алмазұлы, аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Ерлан Сағидуллаұлы қатысты.
Қалжан ахун ауылынан басталған жиында аудан әкімінің орынбасары Д.Серікбайұлы көпшілікке қылмыспен күрес ортақ міндет екенін айтты. Бұл ретте аудан прокуроры аудандағы жұмыс процесін тізбектеп, бұған дейінгі тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар, тұрғындарға алдағы уақытта атқаратын жұмыстың ауқымы көптігін жеткізе отырып, құқықтық және кез-келген қоғам өміріндегі мәселені бірлесіп шешуге шақырды. Өз кезегінде барлық дерлік ауыл әкімдері мен учаскелік полиция инспекторларының үстіміздегі жылдың 10 айлық есебі тыңдалды. Бүгінгі таңда аудан көлемінде белең алған қылмыс түрлерін күн тәртібіне қойып, дүйім ел болып, күресу жолы басты назарға алынды. Салғырттық пен немқұрайлылық қашанда сан алуан тәртіп бұзушылықты тудыратыны сөзсіз. Демек, қатаң қадағалау процесін жүргізу жауаптылық жүгін арттырады.
Жиын барысында әр ауылдың өз төңірігіне байланысты шешімі табылмай келе жатқан мәселе жан-жақты талқыланды. Өзге өңірдің немесе ауданның, ауылдың қолданысқа енгізген озық тәжірибесін игеру жөнінде тапсырма берілді. Сондай-ақ, әр ауылдағы учаскелік полиция инспекторының жұмысына баға берген ауыл тұрғындары кейбір жәйтті назарға ұсынды. Географиялық орналасуына, ауылдың бір-бірімен тығыз немесе шалғай жатуындағы аталмыш қиындықты шешу жолдарын қарастыру күн тәртібінен түскен жоқ. Елге қызмет етемін деп келген әрбір учаскелік полиция инспекторының назарынан ауыл ахуалы тыс қалмауы тиіс. Қайта күн сайын аудан орталығымен байланыс орнатып, дереу ауылдағы орын алған құқық бұзушылықты хабардар ету қажет. Әр ауылдағы учаскелік полиция инспекторы өзінің функционалдық міндеттерін атқара отырып, елді-мекендегі қоғамдық ұйым өкілдерінен, жергілікті атқарушы билік өкілдерімен тығыз байланыста болуы керек. Сонда ғана жұмыс нәтижелі болмақ. Әр тұрғынның ұялы телефонында инспектордың нөмірі болу керектігі айтылды.
Бұдан бөлек актив жиынында барлық елді-мекендегі қордаланған мәселе шеңберінде жан-жақты пікір алмасу жүргізілді. Ендеше, ауылдағы ағайынның бас ауруына айналған жәйттерді ретімен ұсынамыз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ