Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЗОР ӘЛЕУЕТТІ ТАНЫТУДЫҢ БАҒДАРЫ

ЗОР ӘЛЕУЕТТІ ТАНЫТУДЫҢ БАҒДАРЫ


Осыдан бір жарым жыл бұрын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарық көрген болатын. Мақала қоғамда үлкен резонанс тудырып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына ұласқаны баршамызға белгілі. Сонымен қатар үстіміздегі жылдың қарашасында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қисынды жалғасы екені баршаға мәлім. Осы аталған мақалаларда келтірілген тарихи-философиялық терең тұжырымдар мен прогрессивті ойлардың мазмұнынан Президент Н.Назарбаевтың ұлт руханиятына деген қамқорлығы айқын сезіледі. Қазір дүниежүзінде өнеркәсіп өнімдеріне қарағанда интеллектуалдық өнімдерге деген сұраныс әлдеқайда жоғары. Сондықтан да, Елбасы ұлтымыздың бәсекелестік қабілетін күшейту арқылы мемлекетіміздің саясат сахнасында ғана емес, мәдениет пен өнердегі орасан зор әлеуетін бүкіл әлемге кеңінен танытуға бағыт-бағдар беріп отыр.
Жақында аудандық мәдениет үйінде ҚР Президентінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жүзеге асыруға бағытталған кездесу кеші өткізілді. Келелі басқосуға аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бағдат Кәрібозұлы, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының «Атамекен» бөлімінің басшысы Бекарыс Нұриманұлы, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Серікбай Қылышбайұлы және облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Әлима Жақыпқызы мен барлық сала қызметкерлері қатысты.
«Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес. Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір-салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады» деді Елбасы өз мақаласында. Бүгінгі күні тарихи сананы өзгертудің қаншалықты маңызды екенін осы сөзден аңғаруға болады. Сонымен қатар «Дала фольклорының антологиясын» жасау керектігін атап айтты. Өйткені, біз ұрпаққа материалдық игіліктермен қатар, өнер мен мәдениет саласындағы мұраларымызды және рухани-интеллектуалдық әлеуетіміздің өлшеміндей ана тіліміздің байлығын да жүйелеп, жинап, өскелең ұрпаққа аманаттап қалдыруға тиіспіз.
Мақалада көрсетілгендей «...біздің дәуіріміздің бірінші мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды» деп көрсеткен еді. Алаш – түркі халықтары бөлінбеген ерте кезден келе жатқан ортақ атау. Осы атаудың этимологиясына терең зер салсақ, Сыр өңірінің Еуразия кеңістігін кең жайлаған барша түркі текті ұлттар мен ұлыстардың табан тірейтін ортақ ұясы болғаны нақтылана түседі. Демек, Түркі әлемінің генезисінде аймағымыздың алар орны ерекше десек артық емес. Түрік халқының «Біз жай түрікпіз, қазақтар ұлы түрік» деуінің астарында зор мән жатыр. «Кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді», – деді Президент.
Бұл ретте аймағымызда қала мәдениетінің қалыптасу процесін шетелдік ғалымдарды қатыстыра отырып, жан-жақты зерттеудің қажеттігі арта түсуде. Мақалада аталғандай өз жеріміздегі төл тарихымыздың құндылығының мол екені және халқымыздың ауыз әдебиетіне бай екені ежелден белгілі. Сол себепті де өнеріміз бен мәдениетіміз, тарихи болмысымыз атадан балаға ұлттың жады арқылы жетіп келеді. Ендеше рухани құндылықтарымызды қадірлей білейік.

Айдана МАРАТҚЫЗЫ
22 желтоқсан 2018 ж. 804 0