«ҰШҚЫН» МҮГЕДЕКТЕРДІҢ МҮДДЕСІН ҚОРҒАЙДЫ
Бұрнағы күні аудандық мекемелер үйінің мәжіліс залында «Ұшқын» мүгедектердің құқығын қорғау және жәрдем беру» қоғамдық бірлестігінің мүшелері аудан тұрғындарымен кездесу өткізді. Шараны аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ғ.Акбаров ашып, жүргізіп отырды. Оған аудандық мүгедектер қоғамы қоғамдық бірлестігінің төрағасының орынбасары Б.Жантүгелов, аудан бойынша «Ұшқын» мүгедектердің құқығын қорғау және жәрдем беру» қоғамдық бірлестігінің өкілі Ж.Нарымбетов, сала мамандары мен аудан тұрғындары қастысты.
Өз кезегінде ұйым төрағасы Б.Жұмашев аталмыш бірлестіктің негізгі қызметі мен мақсатын түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, бірқатар аудан тұрғындарға естелік сыйлық табыстады. Жалпы алғанда «Ұшқындықтардың» құрамына білікті маман иелері жұмылдырылған. Бұлар полиграфиялық орталықта, тігін және жиһаз цехында жұмыс жасайды. Аталған қызмет түрінен түскен табыстың отыз пайызы мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек ретінде жұмсалады. Алғаш 2012 жылы ашылғаннан бері бар жағынан жұмысты оңтайландыру қарастырылған. Жыл сайын тұрғындарға қайырымдылық көмек көрсетіп, құқықтық жәрдем беруде. Соның арқасында ұйым 2013 жылы «Жаншуақ» сыйлығын 2018 жылы облыс бойынша «Үздік ұжым» номициясын иемденсе, «Жомарт жүрек» республикалық байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанды.
Кездесу барысында аудан тұрғындары ұйым жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, толғандырған сауалдарына тұщымды жауап алды.
Шараның екінші бөлімі спорттық жарыстармен жалғасын тауып, қатысушылар «дартс», «дойбы», «асық ату», «қол күресі» бойынша сынға түсті. Аталған жарыс нәтижесінде жеңімпаздар анықталды.
Б.АЯБЕКҰЛЫ