Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАПСЫРМА ТИЯНАҚТЫ ОРЫНДАЛДЫ

ТАПСЫРМА ТИЯНАҚТЫ ОРЫНДАЛДЫ


Аудан әкімі Ғанибек Қазантаевтың тікелей бас­тамасымен 2014 жылдың тамыз айында аудан әкімдігіне қарасты бірқатар бөлім аудандық мекемелер үйіне орналасып, жұмыстар жүйеленген болатын. Бұл біріншіден, халықтың уақытын үнемдесе, екіншіден, тұрғындарға бір жерден қолжетімді қызмет көрсету бағытындағы жұмыстардың нәтижесі. Бұған дейін ақпарат құралдарында ұтымды үйлестірілген аталған жұмысқа тұрғындар тарапынан ризашылықтар да білдірілген еді.
Өткен аптада аудан басшысы аппарат мәжілісінде қолжетімді қызмет көрсетудің маңыздылығын ескеріп, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне, Тереңөзек кенті әкімдігіне тапсырма беріп, жер және тұрғын үй кезегіне байланысты халыққа қызмет көрсету жұмыстарын аудандық мекемелер үйінде ұйымдастыруды тапсырған болатын. Осыған байланысты жоғарыда аталған мемлекеттік мекемелердің мамандары қазіргі таңда аудандық мекемелер үйінің екінші қабатына орналасты. Сала мамандары тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, тиісті бағыт-бағдар, кеңестер беруде. Сонымен бірге, әрбір маман өз салалары бойынша жеке және заңды тұлғаларға тиісті мемлекеттік қызметтерді көрсетуде. Бұл аудан әкімі Ғанибек Қонысбекұлының тапсырмасының тиянақты орындалғанын білдіреді.
Айта кету керек, аудандық мекемелер үйінде бүгінде аудандық ішкі саясат бөлімі, аудандық жер қатынастары бөлімі, аудандық ауылшаруашылығы бөлімі, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі, аудандық ветеринария бөлімі және аудандық «Жастар ресурстық орталығы», аудандық «Жұмыспен қамту орталығы» тұрғындарға қызмет көрсетуде. Бір жерде орналасқан мемлекеттік мекемелердің басты міндеті – халыққа сапалы қызмет көрсету болып табылады.

А.ИБРАГИМҰЛЫ,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы

31 наурыз 2018 ж. 1 037 0