Сәбиі құрсағында шіри бастаған: Астанада екі жүкті әйелдің өліміне қатысты сұмдық жайт белгілі болды
Өткен аптада Астанада екі жүкті әйел қайтыс болды. Бұл туралы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова елордада өткен брифинг барысында айтты, деп хабарлайды Stan.kz.
31 қазанда 30 жастағы жүкті әйел өз үйінде қайтыс болған. Өкінішке орай оны да, сәбиін де құтқару мүмкін болмапты.
«Аяқ астынан қайтыс болған. Сот-медицина сараптамасы мәйітті сою барысында бас миы қан тамырларының туа бітті ақауын анықтады. Өкінішке орай, бұл әйел тірі кезінде анықталмаған», – дейді Әлия Рүстемова.
Ал екінші қайғылы жағдай 4 қарашада орын алыпты. 38 жастағы жүкті әйел қаладағы №2 перинаталдық орталыққа шала-жансар күйде жеткізілген.
«Медициналық көмек көрсету барысында барлық қызмет, республикалық клиника мамандары тартылды. Медициналық көмек толықтай көрсетілді. Алайда, біз құдай емеспіз», – дейді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Сонымен қатар ол әйелдің жүктілігі жоспарланбағанын айтты. Некеден тыс бала көтерген әйел жүктілігін қаламаған. Ол аяғы ауыр екенін туыстарынан жасырып келген және емханаға тіркелмепті. Сонымен қатар жүктілігі бойынша есепте тұрмаған.
«Әйел туыстарының үйінде тіркеуде болған. Алайда көрсетілген мекен жайда тұрмаған. Пәтерді үнемі ауыстырған екен», – дейді Рүстемова.
Ал елордадағы штаттан тыс акушер-гинеколог Иван Коркан марқұмның сәбиі құрсағында шіри бастағанын айтты.
«Ол үш күн бойы үйінде ауыр жағдайда жатқан. Жүктілігін тоқтату үшін көп табелтка, ауырсынуды басатын дәрілер қабылдаған. Құрсағындағы сәбиі әйел үйінде болған кезде шетінеп кетіп, ағзасында шіри бастаған. ол перзентханаға ауыр халде жеткізілді», – дейді Иван Коркан.
Әйелдің өлімінің себебі гистологиялық зерттеуден кейін белгілі болады.