ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ ЖОҒАРЫ
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында бұрнағы күні «Мемлекеттік қызметшілерді жаппай құқықтық оқыту» семинары өткізіліп, оған дербес бөлім басшылары мен мамандары, ауылдық-округ әкімдіктерінің қызметкерлері қатысты. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров ашып, қазіргі таңдағы мемлекеттік қызмет түрлерінің жетілдіру барысын түсіндіріп өтті.
Семинардың басты мақсаты мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыру, құқықтық мәдениетін жоғарылатуға, құқықтық сауаттылығын қалыптастыруға бағыттау болып табылады. Негізгі міндеттеріне көрсетілетін мемлекеттік қызмет, оның талаптарының сақталуы туралы, нақты практикалық міндеттерді шешуде нормативтік құқықтық актілердің рөлі және оларды пайдалану дағдыларын қарастыру, нормативтік құқықтық актілердің әзірленуі және олардың Әділет органдарына және ашық НҚА дерек қорына енгізілу тәртібі, заңды тұлғалардың Жарғыларын Әділет органдарына тіркеу тәртібі, қолданыстағы Жер кодексі бойынша жер қатынастарын, сондай-ақ жер заңнамасының сақталуын, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімдерінің жер нормаларына сәйкес жұмыстары жайында түсіндіру, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың тәжірибелік дағдылары, соңғы өзгерістерді көпшілікке ұғындыру кіргізілген. Жоғарыда аталған міндеттерді басшылыққа ала отырып, бірқатар жауапты лауазым иелері көпшілікке оқыту жұмысын жүргізді. Алғашқы кезекте «Мемлекеттік қызмет көрсетуде заң талаптарын сақтау» тақырыбында Қызылорда облысының цифрлық технологиялар басқармасы мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің басшысы Ж.Жұмабаева мәлімдеме жасады. Жалпы алғанда мемлекеттік қызмет көрсетуде бірқатар кемшілікті болдырмау мақсатында жауапты қызметкер жылдам жұмыс жүйесін қалыптастыру қажет екендігі айтылды. Сонымен қатар электронды қызмет түрінің артықшылығы басты назарға қойылды. Өз кезегінде «Нормативтік құқықтық актілердің әзірленуі және олардың Әділет органдарына және ашық НҚА дерек қорына енгізілу тәртібі» тақырыбында Қызылорда облысының Әділет департаментінің бөлім басшысы Г.Жалғасбайқызы, «Заңды тұлғалардың Жарғыларын Әділет органдарына тіркеу тәртібі» туралы аудандық әділет басқармасының бас маманы М.Есбаев қатысушыларға мол мағлұмат берді. Ал, «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтырулар» тақырыбында облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы С.Айтпаева мәлімдеме жасап, бүгінде жер мәселесінің маңыздылығын тілге тиек етті. Жерге қатысты соңғы уақытта қабылданған заңдардың халық игілігіне жұмыс жасайтындығы жөнінде айтты. Сондайақ, «Мемлекеттік сатып алу: басқару тәсілі және оны ұйымдастыру, заң бұзушылықтың алдын алу» тақырыбы төңірігінде орын алатын мүмкіндік пен қиындықты, аудан көлеміндегі бірқатар мәселелерді облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының бөлім басшысы А.Қуандық жиналған жұртшылыққа егжей-тегжейіне дейін ұғындырды.
Жиын соңында сала мамандары көкейдегі сауалдарын жолдап, тұщымды жауап алды.
Б.ОРДАБЕКОВ