АДАМЗАТТЫҢ ТАБИҒАТСЫЗ КҮНІ ЖОҚ
«Таза болса табиғат, аман болар адамзат». Бұл адам мұқтажын қамтамасыз ететін тіршілік бесігінің сақшылары – орман шаруашылығы қызметкерлерінің мәңгі ұраны. Бізді қоршаған ортаның тазалығы осы саланың мамандарына тікелей байланысты. Әрбір адам табиғаттың тазалығына жауапты болғанымен, орман күтушілері ондағы қалыпты жағдайды бақылаушы нағыз сақшылар.
«Табиғат адам үшін жаралыпты, бар қызық табиғаттан таралыпты» деп қазақ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, адам баласының табиғатсыз күні жоқ. Жұтып отырған ауамыз, күнделікті асымыз, табиғи ресурстар бәрі де осы қоршаған ортадан алынады. Оның қажеттілігі біз айтпасақ та түсінікті. Міне, осы тіршілік нәрі болған ортақ үйді сақтауға, таза ұстауға арнайы форма киген мамандар жауапты. Олар ондағы өсімдіктер мен жануарларды қорғап, заңсыздықтарға төтеп береді, адамдардың табиғатқа зиян келтірмеуін ескертеді. Өлкені көркейту-көгалдандыру ісінің басы-қасында жүретін де осы кісілер. Сондықтан орман шаруашылығы қызметкерлерінің жұмысы қырағылыққа, өжеттікке, жауапкершілікке негізделген.
Көктем шықса, өсімдіктерді қорғап, өртті болдырмау, қыс келе қалса, аң-құсты қырып-жоюға жол бермеу үшін ауданда үлкен ұжымдардың бірі – «Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ қызметкерлері жұмыс жасайды. Күндіз-түні орман-тоғайдың күзетінде жүретін олар жыл бойына өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқаруда. Мекеменің еншісіндегі 236 530 гектар орман қоры жерінде өрт болдырмау, ретсіз аң-құс ауламау, Заңға қайшы келетін қылмыстық істердің орын алмауына тынымсыз еңбек етуде. Сондай-ақ, халыққа отындық ағаш босату, тұрғындарға ақбөкен аңын, қызыл мия тамырын, сексеуіл ағашын қорғауға үндеу жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді.
Жасыл түсті киімдегілер қоршаған ортаны жасылдандыруға да жоспарлы жұмысты атқаруда. Жыл сайын орман қоры жеріне сексеуіл тұқымын себу, аудан көлеміндегі елді-мекендерге көшеттер таратып, ағаш егуге үлес қосады. Оған қоса, жыл көлемінде уақытылы акциялар ұйымдастырып, қоршаған орта қалыптылығын қамтамасыз етуде. Мәселен, балықтың көбеюіне орай «Уылдырық-2018» акциясы өткізілсе, балық шабақтарын құтқаруға «Шабақ-2018» акциясы бірнеше рет ұйымдастырылған. «Таза су-2018» акциясы аясында да дарияның жағалауы тұрмыстық қалдықтардан тазартылыпты.
Осы айтылған істерді ауданның орман шаруашылығы қызметкерлері жауаптылықпен атқарып келеді. Өздерінің кәсіби мерекесі қарсаңында олар жасалған жұмыстарды бір пысықтап алды. Бұл істе абырой биігінен көрінгендер алғысқа бөленді. Шат-шадыман күйге бөленген табиғат сақшылары жасап жатқан жұмыстарының адамзат үшін маңызы зор екенін айтып, бір марқайып қалды.
Ердос БЕРКІНБАЕВ