ХАЛЫҚ ТАБЫСЫНЫҢ ӨСУІ – ТҰРМЫС ДЕҢГЕЙІН АРТТЫРАДЫ
Қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттырудың басымдықтары белгіленген Елбасы Жолдауын аудандағы орман шаруашылығы қызметкерлері талқылады. «Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-де табиғаттың сақшылары бұл жолғы Жолдау да халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналғанын айтып, ой-пікірлерімен бөлісті.
Стратегиялық құжаттың мән-маңызын айтқан мекеме басшысы Ж.Ешмаханов онда әлеуметтік-экономикалық мәселелер жан-жақты қамтылғанын, ел тұрғындарының өмір сапасын жақсарту басты басымдық ретінде айқындалғанын, алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға барлық мүмкіндіктер қарастырылғанын жеткізді. Оның басты бағытында халық табысын өсіру міндеті елге деген қамқорлық екеніне тоқталды.
– Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев осы айдың басында халыққа арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында елдің әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты екенін айтты. Соған сәйкес, алғашқы басымдық халық табысын өсіруге қатысты болды. Онда келер жылдан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе көбейтуді тапсырып, ол ең төменгі күнкөріс шегіне байланысты болмайтынын атады. Яғни, халық табысының өсуі ол тұрмыс деңгейінің жақсаруына септігін тигізбек. Оның үстіне, еңбекақы көбейген сайын адамдардың да жұмысқа деген ынтасы арта түседі, – деді Жарбол Ұлтанбекұлы.
Сонымен бірге, мекеме басшысы басты құжаттың негізгі міндеттерін саралап, олардан туындаған міндеттерді жұмыла атқаруы қажеттігін айтты. Әрбір азаматтың елдегі өзгерістер үдерісіне белсене атсалысуы, бұл бағытта орман шаруашылығы қызметкерлері де тиісті міндеттерді жүзеге асыру тиіс. Қолайлы орта болу үшін адамға табиғи ортаның тазалығы, айналамыздың көркейіп тұрғаны керек. Бұл істе мекеме қызметкерлері өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауы қажет. Сондықтан Жолдауда жүктелген міндеттер аталған мекеме мамандарына да тікелей қатысты. Осыны атаған Ж.Ешмаханов елді өркендету жолында аянбай еңбек ету керектігін айтты.
Жиын барысында орман күтуші Т.Сарымбаев, орман шебері С.Әбікенов, мекеменің бас есепшісі М.Жақсымағанбет жыл сайынғы Жолдаулар дер уағында жарияланып, елдің еңсесін тіктеуге бағытталатынын, жаңа Жолдау да халық тұрмысының түзелуіне, Отанымыздың дамуына мүмкіндік беретінін атап, бірауыздан қолдайтындықтарын жеткізді.