Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Орман-тоғай өртінің алдын алу міндетіміз

Орман-тоғай өртінің алдын алу міндетіміз


Қыстың да  қаhары кайтып, көктем айының басталғанына да  екі айға жуық уакыт болды. Кең даламызда көк қаптап, орман-тоғайдың көркі жиде, жыңғыл, сыр талдары бүршік жарып айнала табиғатқа көрік беруге асығуда. Қоршаған ортаны өрттен қорғау әрбір азаматтың қасиетті парызы. Жыл сайын сәуір-қазан айлары  аралығы өрт  қауіпті маусым айлары болып саналады. Наурыз айынан бастап өрт қауіпті маусымға дайындық жұмыстары жүргізіледі. Көктемгі өрт қауіпі  бар кезеңінің басталуына байланысты шаруашылық, мекеме және жеке тұлғаларға ескерту хаттар, плакаттар таратылады. Әрбір орман күтушілер өз қарамағындағы ауылдық округтерінде орман-тоғай өртінің алдын алу және болдырмау мақсатында ауыл тұрғындары мен ұжымшарлар арасында, мектептерде, ұстаздар мен оқушыларға  өрт қауіпі бар маусымында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, лекция оқылады.
Ертеректе дария бойының екі жағасын қаптап өскен сыр талдары мен жиде ағаштары көз тартатын еді. Тоғайда ертеңгі, кешкі уақыттарда құстар сайрап, құлақтары елеңдеген қояндар жүгіріп жүрсе, қырғауылдардың дауысы естіліп тұратын. Қазіргі таңда орман-тоғайлар жиі  өртеніп қоршаған ортаға орасан зиян келтіруде. Табиғатты  осындай дәрежеге жеткізген кімдер деген сұрақтар туындауы мүмкін. Біріншіден: жайылымдағы малдар кенелемесін деп өрт қойса, күріш егілетін алқаптарда су келетін каналдардағы құрғаған қамыстарға от жағу салдарынан өрт болып жатады. Кейбір кісілер бақша егу барысында арам шөптерді тазалау мақсатында өрт қояды. Екіншіден: мал іздеп жүрген кісілердің тастаған темекі тұқылынан өрт ұшқындауы, тоғайға демалуға барып от жағып, оны толық сөндірмеу салдарынан өрт ұшқынынан  шығып жататыны баршаға аян.
Әр елдің өзінің табиғи ерекшеліктеріне сай өзен, көлдері баршылық. Бізде де дария бойын қуалай жағалай өскен жиде, тораңғыл ағаштары мен сыр талдары қаптап өсіп, бұрынғы дәрежесіне жетіп келеді. Көмірден кейінгі отын, сексеуілдер жылда егіліп, қамқорға алынып, қалың орманға айналуда. Қоршаған ортаның, орман-тоғайдың тазалығын сақталуына өрттен қорғауға жауапкершілікті арттыру әрбір тұрғынның парызы. Үлкен болсын, кіші болсын от жаққанда абай болайық. «Сақтансаң, сақтаймын»,-дегендей өрт-тілсіз жау. Қоршаған ортаның гүлденуіне өз үлесімізді қосайық. Олай болса орман-тоғайды өрт қауіпінен сақтайық, ағайын!

С.Садақбай,                     
«Сырдария орман және жануарлар дүниесін
қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі»
КММ-нің аға өрт сөндірушісі            
13 сәуір 2018 ж. 2 345 0