Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨЛМЕЙДІ

ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨЛМЕЙДІ

Қазақтың дүние танымында «Елдің атын – ер шығарады, ердің атын – ел шығарады» деген тәмсіл бар. Алайда, бұл абырой мен құрметке екенің бірі лайық дей алмаймыз. Халқы мен ел жұртының алдында атқарған еңбегіне қарай оны бағалап, өзгелер кейінгі ұрпаққа өнеге етеді. Осындай халық сыйлаған арда азамат, егер өмірден ерте кетпегенде әлі талай қайырымды істердің басында жүретін, ауданға танымал ұстаз, білікті басшы бола білген – Қайрақбай Нұрыбаев болар еді.

Мәңгілік ғұмыр ешкімнің пешенесіне жазылмағаны ақиқат. Көзді ашып жұмғанша өткен 60 жыл ғұмырында қоғам алдындағы азаматтық парызын барынша лайықты өтеуге тырысты. Үнемі ел игілігі үшін тынбай қызмет етті. Қалжан ахун ауылындағы мектепті тәмамдап, кейін Н.В.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі мамандағын игеріп шықты. Алған білімін ұрпақ тәрбиесіне шыңдап, ұштастыра білді. Еңбек жолын өзі тәлім алған қазіргі №126 орта мектепте мұғалім болып бастаған Қайрақбай Нұрыбаев, әр жылдары аудандық Кеңестің атқару комитетінде нұсқаушы, кейін осы бөлімде меңгеруші, ауыл атынан бірнеше мәрте депутат болып сайланды, одан соң аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Қалжан ахун ауылдық Кеңесінің атқару комитеті төрағасы қызметінде болды. Ал, 1988 жылдан өмірінің соңына дейін осы елді мекендегі білім ошағының директоры лауазымын 20 жыл бойы абыройлы атқарды.
Иә, Қайрақбай Нұрыбаевтың қайрат­керлік бейнесі Қалжан ахун ауылындағы мектептің жаңа ғимаратын салуға мұрындық болған ісі оны биіктете түсетіндей. Ел арасында «жақсының аты өлмейді» деген түсінік бар. Мұның дәлелі, Қайрақбай жасаған ұлы істер іспетті. Саналы ғана ғұмырында жүрегі «халық» деп соққан дара тұлға тек білім саласында ғана емес, аудандағы талай талантты жастардың өнер әлеміне қанат қағуына себепкер болды.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қанатты сөзді санасына сіңірген ұлағатты ұстаз 2005 жылдары мектеп ұжымын ұйымдастырып ауыл сыртын жасыл желекке айналдыруға қадам жасап, 900 түп терек көшеті мен 5 мың түп сыр талын отырғызды. Бүгінде ол мекен «Қайрақбай ағашы» деп аталады.
Сонау тоқсаныншы жылдардың басында Оспан Мәлібаев ауылының құрамында екі бірдей ауыл болды. Ол Қызылдихан мен Аманкелді елді мекені еді. Аманкелді бөлімшесі 1997 жылы өз алдына «Қалжан ахун ауылы» деген атау алды. Осы жерге «Қалжан ахун» атауы берілуіне де Қайрақбай Нұрыбаевтың тікелей ықпалы болды. Сол жылдары ол кісінің Қалжан ахун Бөлекбайұлының өмірін зерттеп, көптеген мақа­лалары облыстық, аудандық бас­­­­па­сөзде жарияланды. Міне осындай қаншама қайратты істердің басында жүрген азаматты бұрнағы күні №126 орта мектептің ұжымы еске алып, арнайы оқушылар арасында турнир ұйымдастырды. Ашылу салтанатында мектеп басшысы М.Төлегенов сөз сөйлеп, бір минут үнсіздікпен еске алды. Балалары, замандас достары мен мектеп оқушылары қатысқан шарада ел үшін сіңірген еңбегі зор азаматқа арнау өлеңдер оқылды. Қалжан ахун ауылы дегенде Қайрақбай Нұрыбаевтың есімі қоса айтылып, өнегелі өмірінен сыр шертетін бейнероликтер көрсетілді.
Кейін шахматтан аудандық Қ.Нұрыбаев атындағы турнир өз жалауын тікті. Ауданға қарасты бес мектептен 11 оқушы бақтарын сынаған сайыс төрт сағатқа созылды. Жарыс бәсекесі 3 айналымнан тұрды. Оқ бойы оза шапқан дарабоздар көш басына шығып, жүлделі орындарға таласты. Сонымен екі топқа бөлініп, сайыс көркін қыздырған қыз-жігіттер арасында жеңімпаз атанған №210 О. Абдулпаттаев атындағы орта мектептің оқушылары – Жібек пен Әсет Өмірбековтер. Оларға арнайы алғыс хат пен бағалы сыйлық берілді және қатысқан барлық жас шахматшы да құр алақан қайтпады бұл сайыстан. Аудандық білім бөлімінің дипломдары мен ынталандыру сыйлықтары үлестірілді.

Майя СЕЙДІКӘРІМ

11 қазан 2018 ж. 1 366 0