Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Денсаулық сақтау жүйесіне арналған кодекс дайындалуда

Денсаулық сақтау жүйесіне арналған кодекс дайындалуда

Ұлт саулығы – елдің гүлденіп, көркеюінің негізі. Осы қағиданы бетке ұстаған еліміз халық денсаулығына барынша көңіл бөлуді басты міндет санайды. Бұл ретте байыпты бағдарлама қабылдап, жүйелі жұмысқа негіз болып жүрген құқықтық нормаларды да реттеп, түзеп отыру маңызды.
Денсаулық сақтау саласы – ауқы­­мы өте кең әрі әлеуметпен тіке­­лей жұмыс істейтін бірден-бір ірі сала. Ондағы түрлі реформалар, қол­ға алынған бастамалар ха­лықтың тұр­мыс-тіршілігіне тіке­лей әсер етеді. Ен­деше қазіргі таңда әзір­леніп жатқан «Ха­лық денсау­лы­ғы және денсаулық сақ­тау жүйесі тура­лы» жаңа Кодекс­тің жобасы да па­циенттердің қажет­тілігіне бағыт­талғаны құба-құп.
Президенттің биылғы Жолдауын іске асыру шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі жылдың басынан бері аталған Кодекс жобасының жаңа редакциясын әзірлеуді бастаған болатын. Заң жобасын қабылдау меншікті және халықаралық тәжірибенің үздік үлгілеріне негізделген денсаулық сақтаудың ұзақ мерзімді, тиімді және тұрақты моделін әзірлеумен енгізуге бағытталған. Бұл медициналық қыз­мет­тердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етпек.
Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цойдың айтуынша, заң жобасының мақсаты – денсаулық сақтау жүйесіндегі қолданыстағы заңна­маны жетілдіру және дамыту, қо­ғамдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту, еліміздегі медициналық білім беру мен ғылымды, электронды ден­саулық сақтауды жетілдіру, меди­циналық көмек көрсетудің сапасы мен тиімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесіндегі қолданыстағы заңнаманы жетілдіру.
Жаңа кодексті əзірлеу барысында басты бағыттар ретінде Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Стра­тегиялық жоспары, Қазақ­стан­ның əлемнің 30 дамыған елінің қа­та­­рына қосылу жəне «Қазақ­­стан-2050» Стратегиялық даму жос­па­­ры басшылыққа алынған.
«Заң жобасын денсаулық сақтау жүйесінің стратегиялық бағыттарын жетілдіру мен дамытуға бағытталған бірнеше негізгі блоктарға шартты түрде бөлуге болады. Біріншісі – қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту, екіншісі – медициналық көмек көрсету жүйесін жетілдіру, үшіншісі – денсаулық сақтау саласындағы білім беру мен ғылым қызметін жетілдіру, төртіншісі – фармацевтикалық қыз­мет және дәрі-дәрмек айналымы саласында жасушалық биотехноло­гиялар саласындағы қызметтің құқық­тық негіздемелері берілетін бола­ды. Бесін­шіден, ағымдағы жылы интеро­пе­рабильділік платформасын іске қосу жоспарланып отыр, бұл барлық медициналық ақпараттық жүйені кезең-кезеңімен интеграциялауға және халықтың электронды денсаулық сақтау паспорттарының бірыңғай банкісін іске қосуға мүмкіндік береді. Алтыншы – жергілікті атқарушы орган­дардың бірінші кезекте халыққа амбулаторлық-емханалық көмек көрсетудің тиімді ұйымдастырылуын қамтамасыз ету үшін жауапкершілігін күшейту жоспарлануда. Жетіншісі – медициналық кадрлардың тап­шы­лығын төмендету мақсатында жер­гілікті жерлерде 2019 жылдан бастап мемлекеттік грант бойынша оқыған бітірушілердің өңірлердегі міндетті үш жылдық жұмыспен өтеуі енгізіледі. Денсаулық сақтау саласындағы адами ресурстарды басқарудың осы және басқа да мәселелері Кодекстің жобасында ескерілетін болады», дейді вице-министр А.Цой.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, адам денсау­лығының бар болғаны 10 проценті ғана денсаулық сақтау жүйесімен байланысты, ал одан басқа бөлігі адамның өз жеке басының жағдайына қатысты екен. Яғни денсаулық жағдайы адамның өмір салты, оның ішінде ақпараттық ортасы, таңдау құқығы, әлеуметтік мәрте­бесі және қолжетімділік мүмкін­­­діктері, тағы басқа да адамның өмір сүру ортасымен, болмысымен қалып­тасады. Демек қоғамдық денсаулық сақтау саламатты өмір салтын, дұрыс тамақ­тануды, созылмалы инфекциялық емес аурулардың алдын алу шараларын насихаттауға бағытталады.
Қазірдің өзінде ел Үкіметі қоғам­дық денсаулық сақтау қызметінің үлгі­сін мақұлдады, бұл оның инсти­туцио­налдық дамуына және меди­ци­налық-санитарлық алғашқы кө­мекпен бірігуіне мүмкіндік береді. Қа­былданған үлгі шеңберінде мемлекет ДДСҰ белгілеген барлық он негізгі оперативтік функцияларды жүзеге асыруға міндеттеледі. Қоғамдық ден­сау­лық сақтаудың негізгі функ­ция­ларының бірі – адамдардың ден­сау­лығына жауапкершілігін артты­руға және адамдарға сау болуына көмек­тесуге бағытталған ақпараттандыру жұмыстары.
Бүгінгі таңда адамдар интернеттің арқасында өз денсаулығы туралы ха­бардар бола алады. Адамдардың денсаулығы мықты болуы үшін бар­лық заманауи және инновациялық ақпа­раттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануға барынша әрекет жасалуда. Қазақстанда сондай-ақ қоғамдық денсаулық сақтау аясында жаңа нарықтарды қалыптастыру мақсатында мемлекеттік және жеке сектор арасындағы серіктестік дамуда. Елі­мізде іске асырылып жатқан ден­саулық сақтауды дамыту бағдар­ламалары ауруларды емдеу және алдын алуда кешенді тәсілді қамтамасыз етеді және денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арт­тыруға бағытталған. Осыған орай халық денсаулығының, мысалы, ана, нәресте, баланың өмір сүру ұзақ­тығы және жалпы өлім-жітімнің ста­тистикалық көрсеткіш­терінің дәйекті жақсаруы байқалады.
Мәліметке сүйенсек, бүгінде қа­зақ­стандықтардың жалпы өмір сүру ұзақ­тығы 1,85%-ке (1,3 жыл) артып, 72,95 жасқа жетті. Ал өткен жылы алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының саны 6%-ке артқан. Медициналық ұйымдардың 96%-не медициналық ақпараттық жүйелер енгізілген. Сондай-ақ халық­тың қалыптасқан электронды паспорт­тарының саны 11 миллионнан астам бірлікті құрады. Ал 2020 жылы халық 100 процент электронды денсаулық паспортымен қамтамасыз етіледі деп жоспарланған. Сонымен қатар биыл 3,5 млн адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.
«Халық денсаулығы және денсау­лық сақтау жүйесі туралы» заң жобасы осы қол жеткізілген жетістік­тер­ді сақтауға және дамытуға, денсау­лықты сақтау мәселелерін шешуге бағытталады, сондай-ақ саланың жос­парлы және пәрменді дамуының негізі болады деп күтіледі. Тағы бір айта кетерлігі, қазірдің өзінде министрлік Кодекстің жобасын барлық алаңда мүдделі тараптармен талқылауға да­йын. Кодекс жобасымен Денсаулық сақтау министрлігінің mz.gov.kz сайтында танысуға және ұсыныстарды кері байланыста болу үшін Kodeks_zdorovya_RK@mail.kz электрондық мекенжайына жіберуге болады екен. Сондай-ақ қазіргі кезде Кодекс тұжырымдамасының жобасы тәуелсіз сарапшыларды, ҮЕҰ мен БАҚ-ты тар­та отырып, жұмыс топтарында қаралуда.
Динара БІТІК,
egemen.kz
04 қыркүйек 2018 ж. 932 0