Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АТА ЗАҢ – МЕМЛЕКЕТ ТІРЕГІ

АТА ЗАҢ – МЕМЛЕКЕТ ТІРЕГІ


Ұлық мереке – Ата Заң күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы мен аудандық орталық кітапхана қызметкерлері бірлесіп «Конституция – асқақ айбарымыз» атты тақырыптық кеш өткізді.

Кешті аудандық кітапхананың бөлім меңгерушісі Р.Құлмаханова жүргізді. – Біздің негізгі заң – бұл біз бірлесіп жаңа қоғам, жаңа мемлекет, жаңа экономика тұрғызып жатқан сенімді іргетас. Қысқа мерзімде еліміз болашаққа серпінді секіріс жасады. Біздің көз алдымыз да еліміздің жаңа тарихы қалыптасуда. Ұшар басында алып самұрығы қанат қаққан «Қазақ елі» монументі – бабаларымыздың «Мәңгілік ел орнату» идеясына қойылған ескерткіш белгі. Халқымыздың өткені мен болашағын жалғап тұрған, оның мәңгілік мұраты мен асыл арманы бейнеленген бұл алаң – еліміздің басты алаңы. Конституция біздің тәуелсіздігімізді нығайтты, мемлекетті және бүкіл қоғамды берік етті, – деді ол.
Сондай-ақ кеш барысында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал кеңесшісі Б.Ахметов, филиал жанындағы қоғамдық кеңес төрағасы Ш.Нұрсейітов, аудандық жергілікті полиция инспекторы А.Нұрымбетова Ата Заң – еліміздің басты құжаты, мемлекеттің тірегі, айбары екендігіне кең көлемде мағлұмат берді. Биыл тәуелсіз мемлекетіміздің Ата Заңының қабылданғанына 23 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде еліміз тәуелсіздігін орнықтырып қана қоймай, одан әрі нығайтып, әлем таныған мемлекетке айнала білді. Қазақстанның жүзеге асырған экономикалық, әлеуметтік, саяси қайта құрулары мен қол жеткен жетістіктері түгелдей Конституциямызбен тығыз байланысты екені күмәнсіз. Осы жылдар ішінде көптеген жаңа заңдар қабылданып, халық игілігіне қызмет етуде. Сол заңдардың қайнар көзі, бастауы – Конституция. Қолданыстағы Ата Заңымыз азаматтардың өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына сапалық және құқықтық негіз жасауына кең жол ашты. Қазақстан мемлекетінде адам құқығы және бостандығының жоғары құндылығы құқықтық мемлекеттің негізгі қағидасын реттеп отырады. Қазақстан мемлекеттік-құқықтық даму бағдарламасын, халықтың өмір сүру жағдайын, адам және азаматтардың құқығы мен бостандығының қорғалуы, мемлекеттің жоғары билік органдарына қадағалау жүргізіп, бақылап отырады.
Кешті аудандық орталық кітапхана директоры Г.Нұржакиева қорытындылап, Конституциямыз келешекте еліміздің алдыңғы қатардағы мемлекет болуына, демократияның тиімді экономикалық реформалардың қалыптасуына жағдай жасайтын басты нормативтік құжат болатыны анық екендігін, бұған қол жеткізу үшін әрбір азамат Конституцияда көрсетілген өз құқықтары мен міндеттерін терең түсініп, сақтауы қажеттігін айтты.
Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ
03 қыркүйек 2018 ж. 2 152 0