«7-20-25» бағдарламасы әр өңірдің өз ерекшелігіне негізделу керек - сенатор
Бұл туралы Парламент Сенатының депутаты Дулат Құсдәулетов бүгінгі өткен қос палатаның бірлескен отырысынан кейін айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
"Бүгін Елбасы Парламенттің төртінші сессиясының ашылуында сөз сөйлеп, алда тұрған міндеттерді белгілеп берді. Қабылданатын заңдар туралы айтылып, міндеттер айқындалды. Бізге келетін заң жобаларының бірқатары Мәжілістің қарауында болса, енді бірі Үкіметте әзірленіп жатқаны белгілі. Сенатқа келіп түсетін заңдарды жан-жақты талқылап, уақыт создырмай қабылдау – біздің басты міндетіміз. Сондықтан, бізді қарбалас жұмыс күтіп тұр" - дейді депутат.Оның айтуына қарағанда, Елбасы тапсырмаларының бірі - Бес әлеуметтік бастаманы іске асыруға қажетті құқықтық тетіктер болып отыр.
"Ол туралы халықпен жүздескен кезімізде жан-жақты айтып, түсіндірдік, оның қажеттігі мен ерекшеліктері туралы егжей-тегжейлі айтылды. Маңызды мәселелердің бірі – «7-20-25» бағдарламасын еліміздің әр аймағында жүзеге асыру. Әрине, жұмыстар басталды, бірқатар шаруалар атқарылды. Алайда, оның нәтижесі қандай, әр облыстың өзіндік ерекшеліктері ескерілді ме? Бұған Үкімет пен Парламент тарапынан бақылау жасалуы тиіс. Бақылау нәтижесі сарапталып, кемшілігі көрсетіліп, түзетіліп, бұл туралы ақпарат халыққа жеткізіп отыру қажет" - дейді сенатор.
Пікір 1