Қызымыз — қаңғыбас, ұлымыз — ұры болмасын десек…
Соңғы кезде Атырауда кәмелет жасқа жетпеген жасөспірімдердің себепсіз сабақтан қалуы, ешқандай ескертусіз үйден кету деректері жиілеп кетті. Оған не себеп? Бірнеше жерден табыс таба жүріп, бала тәрбиесін ұмыт қалдырған ата-ана ма, әлде, жас ұрпаққа үлгі бола алмаған қоғам ба? Бәлкім, өзі білмей, білгеннің тілін алмай жүрген баланың өзінен болар бәленің бәрі!
«Тәрбие тал бесіктен басталады» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Ұл да, қыз да ұяда не көрсе, ұшқанда соны қайталайтын әдеті емес пе? Мұны бүгінгі ата-ана есінен шығарып алғанға ұқсайды. Әйтпесе, бүгінде ұлт тәрбиесіне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын — айлап мектепке бармау, қызғыштай қорып отырған әке-шешеден безіну секілді жат қылықтар орын алмас еді ғой. Сонымен бірлескен тексеріс нені көрсетті?
— Маскүнемдік, ұрыс-керіс, осының барлығы жасөс-пірімдердің психологиясына кері әсерін тигізеді. Міне, арнайы рейдтің мақсаты да тұрмыстық жағдайы нашар отбасыларды анықтау болып табылады, — дейді балалардың құқығын қорғау және қорғаншылыққа алу жөніндегі бас маман Ақмарал Ермекова.
Кіріп келгенімізде, шашылып жатқан заттарға аяғымыз сүрініп, ас пен жуынатын бөлмелердің санитарлық талаптарға сай келмейтінін көрдік. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар 29 жасар үй иесімен тілдесіп көрді. Бірақ ол қызының тіл алмайтынын, сабаққа қатысқысы келмейтінін сылтауратқаннан басқа ештеңе айта алмады. Осы кезде немересіне анасынан бетер алаңдаған әжесі сөзге араласты.
— Немеремнің тәрбиесімен анасы мүлде араласпайтыны ащы да болса шындық. Ол білім алудың орнына ала таңнан қара кешке дейін сыртта жүреді. Бірнеше рет суық та тиді, денсаулығына қатты алаңдаймын. Өзіне салсақ, біресе барғысы келеді, біресе жоқ. Былтыр менің тәрбиемде болған кезде оқу озаты атанған еді. Курилкенде тұрсам да, оны таңғы сағат сегіздегі сабағынан қалдырмай апарып жүрдім. Әйтпесе, ол өздігінен бармайды. Ал қазір күнделігін алып қараңыз, «үштіктен» көз ашпайсыз. Қал-жағдайын білмек болып үйге келсем, қызым есік ашпайды. Баланың аты бала ғой, оның тәрбиесіне осалдық танытуға болмайды. Біздер, алдыңғы буын өкілдері осылай тәрбиелендік. Сондықтан бұл мәселеге қатысты бір шарасы алынса екен, — деді ол.
Расымен де, айтса айтқанындай, қазіргі ата-аналардың не ойлағанын түсіну қиынға соғып барады. Бауыр еті баласына жаны ашымаған адамнан басқа не күтуге болады? Айтпақшы, бұл үйге инспекторлардың бесінші мәрте келуі. Қашан келсе де, әлгі бала сыртта ойнап жүреді екен. Демек, қанша ескерту берілсе де, оған құлақ асып жатқан ешкім болмағаны ғой.
Әйтсе де, қанша жерден даттасақ та, Света анасының мойнына асылып алып, жібергісі келмейді. Иә, ана мен баланың арасындағы махаббатта шек жоқ қой, бірақ, заңнан аттауға да болмайды. Сондықтан мамандар баланың қолынан жетектеп, автобусқа отырғызып, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына алып кетулеріне тура келді. Анасы болса, ақылы кірді ме, әйтеуір, «мектепке бармайтын болсаң, осылай алып кетеді» деп қызына ескерту беріп жатты…
Бұл күні де қыз бала үйде жоқ болып шықты. Инспекторлар әкесіне телефон шалды, ол да ештеңе айта алмады. Сонда өрімдей қыз жеті түн ішінде не істеп жүр?! Мұны ешкім білмейді. Ал шын мәнінде оны анасы білуі тиіс еді, әрине. Себебі, заң бойынша баласы 18 жасқа толғанға дейін ата-анасы жауапты. Бірақ ана байғұс жіберген кемшіліктен сабақ алғанын айтып, жағдайды түзеуге ант берді.
— Балаларыма соңғы кезде көңіл бөлмей кеткенімді мойындаймын. Рас, ата-ана ең бірінші саналы ұрпақ тәрбиелеуге міндетті. Сондай-ақ ұстаз бен ата-ананың арасында да тығыз байланыс жоқ. Енді ата-аналар жиналысынан қалмауға тырысамын, — деді ол бізбен әңгімесінде. Ендеше, әлі де болса жақсылықтан күдер үзбеген жөн. Олай болса, жағымсыз жайттың енді қайталанбасына сенім білдірейік.
— Бұл жерде қазір 13 бала есепте тұр. Оның екеуі — аудандардан, ал, қалғаны облыс орталығынан жеткізілген. Енді бұл тізім тағы екі баламен толығып отыр. Әрине, баланың орны бұл жерде емес. Олар өз үйлерінде, әке-шешесі мен бауырларының қасында болғаны дұрыс. Өкінішке орай, осыны кей ата-аналар түсінбей, саналы түрде қателікке бой алдырады. Ондайлардың көбісі — ішімдікке салынғандар. Тағы бір бөлігі — бір-бірімен ажырасып, күйзеліске түскен отбасылар. Бірақ ата-ана ең алдымен өздері дүниеге әкеліп, өсіріп келе жатқан перзенттеріне көңіл бөлуі керек қой. Өмірдің ащы шындығы мен тұрмыстық кикілжіңдер олардың бұл әрекетін ақтай алмайды, — дейді ол.
Светаның әжесі мұнда немересімен бірге келді. «Құлыншағына» бұл жерге келіп тұратынын және көп ұзамай алып кететінін айтып жатыр. Екеуі бір-бірімен қимай қоштасты. Рас, жүрек елжіретер көрініс. Енді осы олқылықты қайталамаған жөн-ақ. «Бүгінде Атырау қаласы бойынша осындай 72 отбасында 192 бала тәрбиеленуде. Оларды айына төрт рет, яғни, аптада бір рет үйлеріне барып тексеріп тұрамыз», — дейді учаскелік полиция инспекторы Жанерке Нұрқуатова.
— Ұстаз шәкіртінің мектептен тыс ортада қалай өмір сүріп жатқанын танып-білмейінше, тәрбие жұмысын жолға қою мүмкін емес. Сәйкесінше, ата-ана да баласының мектептегі тірлігін білуге мүдделі болуы керек. Тәрбие саласындағы олқылықтың орнын толтыру үшін ынтымақтастық педагогикасын жаңғырту қажет. Елбасының өзі бұған зор көңіл аударып отыр, — дейді ол.
Жалпы, шарана шыр етіп дүниеге келгеннен бастап жеті жасқа дейінгі алған тәрбиесі, көрген-білгені, санасына сіңіргені алдағы тағдырына көп әсер етпек. Сондықтан ата-ана баланың киімі көк, тамағы тоқ болса жеткілікті деп ойласа, қателеседі. Заттық дүниелер қажет те шығар, бірақ, адамның санасы мен жүрегіне әсер ету мүлде бөлек нәрсе. Меткептегі ұстаз да «шайлығыма жетер айлығымды алсам болғаны» деп ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қараса, бұдан ештеңе шықпасы анық.
— Балалар үш ай мерзімге дейін бейімделу орталығында болады. Осы уақыт аралығында ата-ана жанұядағы жағдайды түзеп үлгеруі керек. Тәрбие берілген жерде білім де, өнеге де қалыптасары сөзсіз. Ал ол қайдан келеді? Ең алдымен, отбасынан келеді, әрине. Мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс өте тығыз болғанда ғана, оң нәтижеге қол жеткізуге болады, — дейді кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі бас маман Гүлайым Қарымсақова.
Р.S.: Бұл проблеманы біз басқа да отбасыларына сабақ болсын деген ниетпен көтердік. Мұны мамандар да шегелеп айтудан кенде емес. Дегенмен өткеннен сабақ алуға асықпайтындар да арамызда баршылық. Соларды заң алдында жауапқа тарту қажет. Қолмен жасағанды мойынмен көтере білген жөн. Ата-ананың қателігі үшін балалар кінәлі емес. Ендеше, олардың зардап шегуі дұрыс па? Ал сіз қалай ойлайсыз, ойлы оқырман? Ұрпақ тәрбиесі үшін кім жауапты? Ұсыныс-пікіріңіз болса, бізбен бөлісіп, хат-хабар жолдап отыруды ұмытпаңыз!
Мағау Мағзом,
https://elana.kz/