Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАҚЫТЫМ ДА, БАЙЛЫҒЫМ ДА – ДЕНСАУЛЫҚ

БАҚЫТЫМ ДА, БАЙЛЫҒЫМ ДА – ДЕНСАУЛЫҚ


Қазіргі таңда мемлекет тарапынан бұқаралық спортты дамытуға көптеген нақты қолдаулар көрсетілуде. Аудан орталығындағы стадионнан бөлек, кент орталығы мен ауылдарда заман талабына сай салынған спорт алаңдары жұмыс жасауда. Бұл спортты серік еткен аудан тұрғындары үшін керемет мүмкіндік екені анық. Өйткені, жастар бос уақыттарында аталған спорт алаңдарында командалық ойын түрлерінен жарыстар ұйымдастыруды қолға алған. Спортпен тұрақты айналысып, биік белестерді бағындырған жерлестеріміз де көп.
Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен оқу жылы барысында мектеп оқушылары арасында дәстүрлі спартакиадалар, жарыстар, байқаулар мен біріншіліктер өтеді. Соңғы жылдары мектеп оқушыларының спортқа деген көзқарасы өзгергенін де айтып өткенім жөн. Спорттық жарыстарға белсене қатысатын оқушылар оқуда да озат, үлгілі. Жеңіске деген жігері мол жастарға барлық жағдай жасалғандықтан олар бос уақыттарын тиімді пайдалануда. Оқушылардың спортта жеткен жетістігі білім беру ұжымының да мәртебесін асқақтатады. Осы орайда, оқушыларды жақсы іске бағыттап, спорт үйірмелерінің жұмысын жүйелендіріп жүрген білікті ұстаздардың еңбегі зор.
Негізінен, спортпен күнделікті шұғылдануды әрбір азамат міндетім деп білуі, сезінуі керек. Қоғам мүшелері темекі, арақ секілді жат әдеттерден арылып, денсаулықтарын нығайтуға бет бұрса, өмір сүру жастары ұзарары сөзсіз. Аталған тұжырым медицинада дәлелденген. Сонымен бірге, дұрыс тамақтанудың да маңызы зор. Адамға күш-қуат беретін табиғи, нәрлі өнімдерді тұтыну түрлі кеселдердің алдын алады. Ал, белсенді іс-қимыл қан айналым жүйесін жақсартып, күні бойы сергек жүруімізге жол ашады. Осы ретте, баланың бас ұстазы болып саналатын отбасындағы ата-аналар өз балаларының тәрбиесімен қатар, тазалығына, спортпен айналысуына баса мән беру керек.
Жалпы, Сыр өңірінен, оның ішінде Сырдария ауданынан шыққан спорт саңлақтары көп екені белгілі. Олар өскелең ұрпақ үшін үлгі, мақтаныш. Сол себепті, саламатты өмір салтын ұстанған жастар чемпион аға-әпкелеріне қарап бой түзейді. Ел сенімін ақтаған саңлақтар секілді биік белестерді бағындыруды мақсат тұтады. Сондықтан жастардың спортпен шұғылдануына мемлекет тарапынан қолдау жұмыстарын алдағы уақытта да жандандыра түсу керек. Бұл түптеп келгенде, болашақ үшін жасалған игілік. Бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіздігіміздің баянды болуының негізі саламатты өмір салтын қалыптастыруға тікелей байланыс­ты. Осы қағидаларды басшылыққа алып, денсаулықты жақсартуға көп көңіл бөлсек, келешегіміз кемел, ертеңіміз еңселі болмақ.

Мұрат БӨДЕЕВ,
№126 орта мектеп мұғалімі,
Қалжан ахун ауылы
28 қараша 2017 ж. 3 111 0