Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖОЛДАУ ОРТАҚ МАҚСАТҚА ЖҰМЫЛДЫРАДЫ

ЖОЛДАУ ОРТАҚ МАҚСАТҚА ЖҰМЫЛДЫРАДЫ


Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында жүзеге асырылуға тиіс 10 негізгі міндет айқындалды. Соның ішінде, Елбасы атап көрсеткен жетінші міндет – адами капиталдың жаңа сапасын қалыптастыруға бағытталған және білім беру саласының тың тетіктері сараланған.

Қазіргі заман табалына сәйкес, білім берудің барлық саласы экономиканың қажеттілігін өтеуге тиіс. Бұл тұрғыда жауапкершіліктің басым бөлігі мұғалімдерге жүктелетіні белгілі. Осыған орай, Елбасының Жолдауында ұстаздар қауымының мәртебесін көтеру жағы да қарастырылған. Елбасының Жолдаудағы «Мұғалім­дердің жалақысы біліктілігінің расталуына байла­нысты тұтастай алғанда 30 проценттен 50 процентке дейін өседі» деген сөзі ұстаздар қауымының көңіліне медеу болып отыр.
Ұлт Көшбасшысының мұғалімдерге деген қамқорлығы мемлекеттің болашағы – жастарға деген қамқорлығы деп білемін. Өйткені, табысты ел болудың басты факторы білім екені баршамызға мәлім. 
Бүгінде 
аудандағы білім саласының жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай. Былтырғы оқу жылында 196 оқушы ұлттық бірыңғай тестке қатысып, орташа балл 86,6 пайызды құрап, алдыңғы қатардан көріндік. ҰБТ-ға қатысқан 196 оқушының 144-і мемлекеттік грант иегері атанып, облыс бойынша ең жоғарғы көрсеткішке жеттік. Бұл ортақ жеңіс, ортақ абырой екені анық.
Елдің аманатын арқалап, облыстық мәслихат депутаты атанғандықтан білім саласының жай-күйі менің ұдайы назарымда. Оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуын халық қалаулысы ретінде жіті қадағалаймын. Білімге ұмтылысы мол жастарды қолдауға, бастамаларына бағыт-бағдар көрсетуге әркез дайынмын. Өйткені, жастар – елдің ертеңі. Мәселен, биыл аудан  бойынша 2017-2018 оқу жылында 11-сыныптарда барлығы 336 бітіруші білім алуда. Оның ішінде 249 оқушы ҰБТ-ға қатысады деп жоспарлануда. Қыркүйек айынан бастап аудан әкімдігінің қолдауымен «Жалын» тынығу лагері базасында 11-сынып оқушылары үшін ҰБТ-ға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ауданда оқушылардың онлайн режимдегі жаңа форматтағы сынама тестке қатысып, тапсыруына жағдай жасалды. Биылғы оқу жылында  39 бітіруші «Алтын белгіге» және  12 бітіруші  «Үздік аттестатқа» үміткер болып отыр. Жалпы, биылғы жылдың ҰБТ қорытындысы бойынша жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Себебі, мектеп бітірушілерге барлық жағдай жасалған. Бұл бұдан бұрынғы Жолдаулардан туындаған міндеттердің ауданда сапалы жүзеге асқанын білдіреді.
Жалпы алғанда, Елбасының биылғы Жолдауы барша халықты ортақ мақсат жолында жұмылдыратын, болашаққа деген қадамымызды айқындайтын маңызды құжат. Бірлігі бекем, тірлігі тындырымды сырдариялықтар жасампаз жұмыстарымен алдағы уақытта да Жолдауда айтылған Елбасы тапсырмаларын іркіліссіз орындайтынына сенім мол.
 
Расул ЕСЕНОВ,
облыстық мәслихат депутаты,
«Углесбыт» ЖШС директоры
13 ақпан 2018 ж. 1 277 0