Сырдария сенім биігінде
Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Ұлт тарихы өлке тарихынан бастау алады. Бүкіл адамзаттық құндылықты, әлемдік құндылықтар мен ұлттық құндылықтар құрайтын болса, өлке тарихы сол құндылықтардың басты бұлағы», – деп туған жердің қасиетіне ерекше тоқталады.
Биыл Сырдария ауданына – 90 жыл! Осы жылдар шежіресінде аудан өткеннен сабақ алып, болашақтың мақсатын айқындады. Бұл Тәуелсіздіктің жемісі, Елбасы саясатының нәтижесі еді.
Аудан аты аталғанда Сырдария өзенінің сылдыры естіледі. Ұлан-ғайыр қазақ даласында өзен көп болғанымен, дария аталғаны екі-ақ өзен. Сол қос өзеннің бірі – Сырдария десек, қазақ елі тарихындағы сан оқиғаның, түрлі қоғам мен кезеңнің куәсі болған дария атындағы аудан да өзіндік тарихымен, дамуымен ерекшеленеді.
Ырыс пен ынтымақтың қайнар бұлағына айналған ауданның өндіріс орындары өркендеп, ауыл шаруашылығы дамыған өңір ретінде танылып келеді. Соңғы жылдары ауқымды жұмыстар атқарылып, бірқатар тың жобалар жүзеге асуда. Жыл сайын ауыл шаруашылығы бойынша көшбасшылар қатарында келетін ауданның әлеуметтік-экономикалық, рухани, мәдени саладағы жетістіктері бір төбе.
Бүгінгі «Рухани жаңғыру» аясында, туған жерге тағзым етіп, еліміздің тарихи тәжірибелері мен дәстүрлердің уақыт сынынан өткен озық жақтарын өмір қағидаттарына айналдыра білген сырдариялықтардың игілікті көрсеткіштері тоқтамақ емес. Аудан өміріндегі еңбекті ұйымдастырудың, елге басшылық жасаудың жауапкершілігін жоғары деңгейде атқарған аға буынның өнегелі істерін, жемісті тәлімдерін кеңінен пайдаланып келеді.
Береке мен байлықтың, дархандықтың киесіне айналған Сырдария ауданынан 2 Кеңес Одағының Батыры мен 8 Социалистік Еңбек Ері және Қазақстанның Еңбек Ері шықты. Киелі жерден шыққан тарихи тұлғалардың ісі кейінгі ұрпаққа өнеге екені анық.
Сан тарихтың куәсі болған ұлы дария атымен аталатын Сырдария ауданы – Сыр шежіресіне қатысты көптеген жәдігерлер сақталған аймақтың бірі. Жент қаласының орны, «Мүлкілән», «Сырлытам» кесенелері, «Жетімасар», «Қосасар» асарлары, ХІХ ғасырдың тамаша туындысы «Қалжан ахун» мешіт-медресесі халық тарихындағы баға жетпес құндылықтар. Аудан көлемінде діни-ағартушылық мектептердің көп болғаны білім дәстүрінің іргетасы ерте қаланғанын меңзейді.
Сырдариялықтар даму жолында қуатты серпіліс жасады. Ізденімпаздық, еңбексүйгіштік, экономика мен қоғамдағы мегатрендтерді анықтай алуы жаңа жолға түсуге ықпал етті. Іріктелген кәсіби мамандар озық технологияларды өндіріске батыл енгізді. Осының нәтижесінде аудан бірнеше жылдан бері көшбасшылар қатарында. Облыстың толағай табыстары да осы кезеңге сәйкес келеді.
Ақындар «таланттардың өлкесі» деп жырға қосқан Сырдария ауданы сатира сардары Асқар Тоқмағамбетов, халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов пен Әбіраш Жәмішев, театр саңлағы Сәбира Майқанова, ақын-жазушылар Танаш Дәуренбеков, Сейфолла Оспан, Нұрхан Жанаев, Қайырбек Асанов, Қанафия Дәрібаев секілді талантты тұлғалар мен жерлестер мақтанышына айналған елжанды азаматтарды өмірге әкелді.
«Қазақстан – 2050» даму стратегиясын жүзеге асыруды қолға алғаннан бергі 5 жылдан астам уақытта, аудандағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 33,2 процентке артып, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 792,8 млн теңгеден 16 732 млн теңгеге жеткізілді. Аудан бюджеті соңғы 5 жылда 58 процентке, оның ішінде өз кірістері 92,4 процентке артып отыр. Аудан көлемінде ұйымдастырылған қоғамдық кеңес жұмысының тәжірибесі республика көлеміне тарап, елімізде нәтижелі жұмыс жасауда. Халық бірлігінің нәтижесінде жүзеге асқан жүйелі жұмыстарды өзге өңірлер өз тәжірибесіне енгізуде. Соңғы жылдары барлық салалар бойынша дамудың оң динамикасына қол жеткізілді. Құрылыс, инвестиция көлемі артып, ауданның бюджеті бірнеше есеге артты. Аудан орталығы мен ауылдық округтерде жаңа нысандар салынып, пайдалануға берілді. Күріштен рекордтық көрсеткіште өнім жиналып, Сырдария ауданы бірнеше рет облыста «Үздік аудан» атанды.
ЖЫЛДАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ
Тарихқа көз жүгіртсек, Сырдария (Тереңөзек) ауданының тыныс-тіршілігі колхоздастыру кезеңдерінен бастау алады. Октябрь революциясының жеңісінен кейін алғашқы онжылдықта ауылдар мен елді мекендерді әлеуметтік және экономикалық дамыту мәселелері қойыла бастады. Осыған сәйкес коммунистік партияның 1927 жылғы 2-19 желтоқсанда өткізілген 15 съезінде Советтік Социалистік Республикаларындағы ауыл шаруашылығын дамыту жолдары талқыланды. Онда лениндік кооперативтер құру қағидасына сүйене отырып, ауылшаруашылығын коллективтендіру жұмыстарын жүргізу шешімін қабылдады.
1927 жылы үш машина жобалау пункті Шиеліде, Талсуатта, Тереңөзекте құрылады. Оларда 96 ауыл шаруашылығы машиналары болған. Бұл ұжымдық шаруашылықтар сол кезеңде 13 мың десятинадан астам жерді өңдеп, егін еккен. Тереңөзек кентінің тарихы осы 1927 жылғы машина жобалау бекетінен басталған деуге болады.
1927 жылы желтоқсан айының аяғында Қызылорда қаласында советтік партия белсенділерінің актив жиналысы өткізіліп, жаппай коллективтендіруге көшу, байларды кәмпескелеу есебінен колхоз мұқтаждығын шешу мәселелері талқыланды. Соның нәтижесінде 1928 жылғы көктемгі егіс уақытында Қызылорда қаласы, Шиелі, Қараөзек станцияларынан 3 машина-трактор пункті құрылады. Міне, алғашқы ұжымдық шаруашылықтар қазіргі Қызылорда облысының территориясында 1928 жылдан бастау алады. Ал жаппай ұжымдастыру 1929 жылдың екінші жартысынан бастап жүргізіледі. Жоғарыда айтқанымыздай, бүкілодақтық коммунистік партияның 15 съезінде колхоздастырумен қатар, жаңаша әкімшілік-территориялық басқару жүйесі ендіріледі. Революцияға дейінгі губерния, уезд, болыс және ауылдар әкімшілік бөліністерінің орнына округтер мен аудандар құрыла бастады. 1928 жылға дейін Қызылорда уезді болса, 1928 жылдың 17 қаңтарында Қызылорда округі болып құрылады. Округке 8 аудан кірді. Олар Арал, Қазалы, Қармақшы, Қараөзек, Қарсақпай, Шиелі, Қызылорда және Аламесек ауданы еді.
Осы жылы Қараөзек ауданы Тереңөзек ауданы болып қайта аталады. «Сырдария» деген аудан атауы бұл уақыттарда мүлдем болмаған. Округ, аудан болып құрылу үшін соған сәйкес колхоздастыру, елді мекендерді ірілендіру жұмыстары жүргізіледі.
1930 жылы Голощекиннің бастамасымен әкімшілік басқарудың жаңа реформасы жүргізілді. Маусымда барлық округтер таратылды. Қазақстан территориясында 175 аудан құрылды. Осылай 1932 жылы құрамында 19 ауданы бар Оңтүстік Қазақстан облысы құрылады. Ондағы алты аудан Қызылорда округіне қарасты аудандар болатын. 1934 жылдың тамыз айында Қазақ АССР-ы Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен Тереңөзек ауданы таратылып, жер көлемі Қармақшы мен Қызылорда аудандарына берілді.
1938 жылдың 15 қаңтарында бұрын аудан құқында Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында болған Қызылорда жаңадан облыс болып құрылды. Облыс құрамына Арал, Қазалы, Қармақшы, Тереңөзек, Шиелі, Жаңақорған, Сырдария ауданы кірді. Ал облыс орталығы – Қызылорда қаласы болды. Осылайша аудандардың бірсыпырасы 90 жылдық мерейтойын тойласа, Қызылорда қаласы биік белесті 200 жылдығын атап өткелі тұр.
1938 жылдың 15 қаңтарында Тереңөзек ауданы қайта құрылады. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің облыстық ұйымдастыру комитетінің президиумы отырысының №38 хаттамасының қаулысына сәйкес аудан құрамына 18 ауылдық кеңес енді. Олар Тереңөзек, Қызылөзек, Көкжиде, Бесөзек, Жаңа ауыл, Жәдігер, Ақжарма, Шіркейлі, Қызыл Ту, Далакөл, Аламесек, Бірінші Май, Калинин, Ақбойдақ, Құндызды, Еңбекші, Шолақарық және Мәдениет ауылы. Кейіннен төрт ауылдық кеңес Жалағаш ауданына беріледі.
1963 жылдан 1964 жылға дейін Қызылорда облысы «Оңтүстік Қазақстан аймағы» құрамында болуына байланысты Арал, Жалағаш, Тереңөзек, Жаңақорған аудандары таратылады. Тереңөзек ауданының елді мекендері Сырдария, Қармақшы аудандарына бөлінді.
«Оңтүстік Қазақстан аймағы» таратылғаннан кейін Қызылорда облыстық жұмысшы депутаттар кеңесінің 1966 жылғы №21/443 қаулысына сәйкес Тереңөзек ауданы қайта құрылды. Оның орталығы осы қаулы бойынша Тереңөзек селосы болды. Тереңөзек ауданының құрамына Сырдария ауданынан Тереңөзек, Шіркейлі, Құндызды, Қызыл Ту, Қызылөзек, Бесөзек ауылдық кеңестері берілсе, Жалағаш ауданынан Далакөл ауылдық кеңесі берілді. Он жылдан соң облыстық атқару комитетінің №180-шешімімен Тереңөзек селосына қалалық поселке мәртебесі берілді.
ҚР Президентінің 1997 жылғы №3627 Жарлығымен Тереңөзек ауданы Сырдария ауданы болып қайта аталды. Орталығы Тереңөзек қыстағы болды. Ауданға Аманкелді ауылы және Айдарлы, Бесарық, Қоғалыкөл ауылдық округтеріне қарасты елді мекендер берілді.
АЛТЫН БЕСІК
Алтын бесік саналатын ауыл жағдайын түзеу – аудан әкімінің басты назарында. Барлық экономикалық реформалардың негізгi мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру десек, аудан халқының басым бөлігі ауылдарда орналасқаны белгілі. Бір кездері ажары кетіп, жаппай қалаға қоныс аударудан көңілге орнаған сенімсіздік пен ауыл келешегіне деген алаңдаушылық мәселелері қазір өз шешімін тапты. Елді мекендерде жаңадан ауыл әкімдігінің ғимараттары, білім ордалары, ауылдық клуб үйлері, балабақшалар, дәрігерлік амбулаториялар салынды. Мысал ретінде, аудан орталығынан шалғай орналасқан бір ғана Іңкәрдария ауылында атқарылған жұмыстарды айтуға болады. Ауылға жаңадан әкімдік ғимараты салынып, 120 орындық клуб үйі мен дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді және білім ошағы күрделі жөндеуден өтті. Былтыр, соңғы он жылдан бері өзекті мәселеге айналған елді мекеннің кіреберіс автомобиль жолын күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 291 млн теңге бөлініп, жұмыстары аяқталды. Жөндеуден өткен жолдың ұзындығы 7 шақырым, ені 7 метрді құрайды. Бүгінде Іңкәрдария ауылының халқы 24 сағат бойы таза ауызсу тұтынып отыр. Айдарлы ауылында аудандық бюджет есебінен ауылдық клуб үйі бой көтерді. Шіркейлі ауылында жаңа мектеп пен мөлтек аудан ашылып, инфрақұрылым жүргізу жұмыстары аяқталды. Сәкен Сейфуллин ауылында да аудандық бюджет есебінен балабақша, ауылдық клуб, орта мектептің акт залы мен кітапханасы салынып, пайдалануға берілді. Соңғы жылдары ауылдардың әлеуетін көтеру бағытында біраз нәтижеге қол жеткізілді.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ – ЕЛДІҢ ЫРЫСЫ
Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында алдағы 5 жылдың ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырды. Осыған орай, ауданның агроөнеркәсіп кешенін дамытудың агрокартасын жүзеге асырудың 2018-2022 жылдарға арналған іс-шара жоспарында негізгі бағыттардың бірі – өңдеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау және өндірісті әртараптандыру болып айқындалды. Биыл бекітілген сызбаға сәйкес 29926 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде күріш – 18500, жаздық бидай – 500, жүгері – 200, мақсары – 300, картоп – 310, көкөніс – 190, бақша – 320, жаңа жоңышқа – 2906 және ескі жоңышқа 6700 гектар.
Былтыр 39 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Оның ішінде 14 кооператив 20 өзіндік қосалқы шаруашылықтардың бірігуі арқылы құрылған. «Ақжарма Инвест» және «Ақжарма Ынтымақ» өндірістік кооперативтері «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы мүйізді ірі қара малының сүтті тұқымдарын көбейту бағытында 152,8 млн теңге қаржыға 1074 бас мүйізді ірі қара мал алынып, бағылуда. Сонымен қатар, «Ақжарма Инвест» кооперативі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-дан 27 млн теңге несие алып, мал сою алаңын, ет өнімдерін өңдеу және сүт қабылдау пунктін ашу үшін құрал-жабдықтар сатып алуда.
Ауданда ауылшаруашылық саласы бизнестің іргетасына айналған. Осы салада бағын сынап, айналысушылар қатары мол. Өйткені нарықтың талабы осы. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бастамалар мен ұсыныстар кәсіп игеремін деген жанды қолдауға бағытталған.
2018-2020 жылдар облыста «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялануына байланысты ауданда кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Жол картасы» бекітілді. Сонымен қатар, әрбір кент және ауылдық округ бойынша жол картасы жасалып, көрсеткіштердің орындалуы қатаң бақылауға алынды. Ауылдық округтерде кәсіпкерлікке қызмет көрсету кабинеттері ашылған. Онда әрбір кәсіпкер салық есебін тапсырады және аудандық кәсіпкерлік палатасы мамандарынан «скайп» арқылы кеңестер алады. Бүгінде аудандық кәсіпкерлік палатасы арқылы «Бизнес-Кеңесші» курсын 136 азамат тәмамдаса, «Бастау-Бизнес» курсын оқуға 170 адам тізілді. Кез келген ортада кәсіпкерлікті дамытудың ең басты әрі маңызды талабы – қолайлы бизнес ахуал құру. Негізінен, бұл шағын және орта бизнес үшін аса маңызды әлеуметтік индикатор. Бүгінде аудан экономикасы тұрақты өсуде, бұл бюджетке түсетін қаржының жалпы құрылымына да әсерін тигізеді. Сондай-ақ, жеке табыстың да артуы байқалады.
КӨПІР САЛУ– МОЛ САУАП
Көпір салу – сауапты іс, халыққа берері мол игілікті жұмыс. Соңғы жылдары ауданда көпір салу құрылыстары қарқынды жүргізілді.
Сырдарияға Тереңөзек кентінің тұсынан көпір салу жарты ғасырдан астам шешімін таппай, аудан халқы сандаған жылдар бойы қиналып жүрген еді. Оның да күрмеуі шешілді. Көпір арқылы 13 елді мекен тұрғындары аудан орталығына тікелей қатынай алады. Оны салуға Үкімет тарапынан 2 млрд 511 мың теңге қаржы жұмсалған. Аудан тұрғындарының көпір құрылысы жұмыстарын жүргізген арнайы мамандандырылған «Мостостроительный отряд 25» ЖШС мен бас жоспарлаушы «Институт Геопроект» ЖШС-на да айтар алғыс шексіз.
Бұған дейін 13 елді мекендегі 21000 адам аудан орталығына жету үшін 120-180 шақырымды айналып жүретін еді. Осы көпір арқылы 20 шақырым жол жүретін болды. Қуаттылығы – 180 тонна, ұзындығы 220 метрді құрайтын көпір Сырдария ауданының дәулетін арттырып, жұртшылықтың тыныс-тіршілігіне қызмет ете бермек. Сонымен бірге, 2015 жылы аудандық бюджет есебінен 150 млн теңгеге Тереңөзек кенті И.Тоқтыбаев көшесіндегі «Әйтек» каналына көпір салынды. Тереңөзек кентінде «Майжарма» деген канал бар. Аталған каналдың тұсындағы Б.Момышұлы көшесінде 130-ға жуық отбасы тұрады. Көше тұрғындарының көпірге қатысты мәселесі бюджет қаражатынсыз-ақ шешілді. Құны 25 млн теңге болатын жаңа көпір салынып, бірлікпен, ынтымақпен, ел азаматтарының ауызбіршілігімен тұрғындардың өтініші қанағаттандырылды. Көпір асарлатып салынды. 2017 жылы облыстық бюджет есебінен Бесарық елді мекеніне кіреберіс жолдағы «Жаңадария» каналына көпір салуға 124 млн теңге бөлінді. Жұмыстар биыл аяқталады. Сонымен қатар, «Қызылорда-Қоғалыкөл-Шіркейлі» автожолындағы екі көпірді күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 100 млн теңге қарастырылған.
БАСПАНА – БЕРЕКЕНІҢ БЕЛГІСІ
Қай халықтың да ертеңге артар үміті көп болады. Ал енді біреу оны тек тілекпен күтсе, біреу оған жоспарлы еңбекпен, сенімді жүрекпен жетеді.
Кент орталығындағы А.Иманов пен Н.Ергешбаев көшелерінің қиылысында көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы басталды. Салынып жатқан тұрғын үй құрылысы да мерейтойға тарту іспетті. Бүгінде құрылыс алаңында мердігер мекеме «Дәнекер ҚК» ЖШС жұмыс жүргізуде. Техникалық қадағалаушы «Қаймар Инжиниринг» ЖШС мекемесі. Тапсырыс беруші «Сырдария аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» КММ. Негізінен жыл соңына дейін 42 пәтер пайдалануға беріледі деп күтілуде. Тұрғын үйлер ауласы абаттандырылып, балалар мен ересектер демалатын орындар ашылады. Келешекте бұл жерлерде тұрғын үйлер саны артып, мөлтек аудан пайда болады. Аталған мөлтек ауданда Тереңөзек кентінің бас жоспарына сәйкес, 3 қабатты 9 тұрғын үй салынады. Ауылға қызмет етуге келген жастар баспаналы болып, аудан дамуына өз үлестерін қосады.
МЕРЕЙТОЙ
Жалпы мерекелік шаралар бірнеше бағытта өтеді. Алдымен кент орталығындағы «Парасат» алаңының ашылуынан басталатын мерейтой Сәкен Сейфуллин ауылында ат жарысына ұласады. «Парасат» алаңында ауданнан шыққан мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, Социалистік Еңбек Ерлерінің ескерткіш-бюстері орнатылған. Мерейтой аясында ғылыми-практикалық конференция, «Сырдария-ІІ» кітабының тұсаукесері өткізіледі. Келген қонақтар орталық саябақта орналасқан «Құрметті азаматтар» аллеясымен және «Еңбек даңқы» музейінің жұмысымен таныса алады. Осы күні халық жазушысы, белгілі драматург Қалтай Мұхамеджанов пен ақын Әбіраш Жәмішевтің 90 жылдығына арналған «Қаламы қарымды тұлғалар» атты әдеби кеш өтеді. Сонымен бірге, Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» спектаклінің қойылымы, облыстық жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасы көпшілікке ұсынылады. 11 тамыз күні республикалық ақындар айтысы өтеді. Оған елімізге белгілі айтыс ақындары қатыспақ. Одан басқа меймандар ауданның тыныс-тіршілігімен, үкіметтік емес ұйымдардың жұмыстарымен танысуға мүмкіндік алады. Ардагерлер және Ассамблея мүшелерімен кездесу өткізу де жоспарланған. Сондай-ақ, әр салада табысты еңбек етіп жүрген, өмірлік бай тәжірибесі бар, сыртта, алыс және жақын шетелдерде, республика аумағында қызмет жасап жүрген өнегелі жерлестермен жастардың «Жаныңда жүр жақсы адам» атты кездесуі ұйымдастырылады. Мақсат – ұрпақтар сабақтастығы жолымен алдыңғы толқын аға-апалардың өнегелі өмір белестерін кейінгі жастарға үлгі етіп көрсету, оларға ой салу, туған елге деген патриоттық сезім, үлкенге деген құрмет қалыптастыру. Шара соңында Қазақстанның эстрада артистерінің гала-концерті, лазерлік шоу ұйымдастырылатын болады.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
«Сыр бойы».