Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ПИТЕР ТИЛЬДІҢ ТӨРТ БИЗНЕС-САБАҒЫ

ПИТЕР ТИЛЬДІҢ ТӨРТ БИЗНЕС-САБАҒЫ

Питер Тиль – PayPal халықаралық төлем жүйесінің және бірнеше инвестициялық қорлардың негізін қалаушы. Ол әлем халқына түрлі бағыттағы бизнес сұрақтар турасында алабөтен ойлай алатын ерекше қабілеті арқылы танымал болған. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ел азаматтарына бәсекеге қабілетті болу мен прагматистік көзқарасты ұстану міндеттелгенін білеміз. Осы ретте біз өз тарапымыздан әлемдік аренада тәжірибелі мамандардың жетістікке жету тарихын, олардың бұлжымайтын қағидаларын ұсынуды жөн көрдік.
Монополия құрыңыз
Тильдің айтуынша, әлемдегі маңдайалды алып компаниялардың барлығы жария емес монополиялардың қатарында. Бұл ретте Google компаниясын мысалға келтіруге әбден болады. Аталған компания іздеу функцияларын иесі іспетті. Бірақ нарықта іздеу браузері ретінде алып компаниялармен бәсекеге түсіп отырған технологиялық ұжым сияқты көрінеді.
Бәсекеге түсу жөнінде бұл компанияны Uber, Detroit, Tesla технологиялық ұжымдарының үлескері ретінде қарасақ, жоғарыда келтірген фактілеріміз ақиқат. Бірақ Google-дің негізгі құралы, негізгі кәсібі іздеу функциясы болып есептеледі. Бұл компания әлемдік нарықтағы іздеу құрылғыларының 90 пайыздық үлесінің иегері болып саналатыны да компанияның монополия екенін айқындай түсетіндей. Монополия саналатын алыптардың қатарына Microsoft және IBM компанияларын да қосуға болады.
Бәсеке деңгейін анықтаңыз
Питердің айтуына қарасақ, қазіргі сауда нарығындағы бәсеке өте жоғары деңгейде. Мысалы, адамдар мейрамхана, кафе, асхана кәсібінен ешқандай пайда таба алмай қалуы әбден мүмкін. ал нарықта монополия дәрежесіне көтерілген компаниялар кірістің барлығын өзінен кейінгі ұсақ ұжымдарға қалдырмауы кәдік. Сондықтан, кәсіп барысында сауда нарығын, қоғам сұранысын, бәсеке деңгейін толыққанды әрі жиі аралықта зерттеп отырған жөн. Осы дәйектер арқылы Тиль басқалар жасамайтын дүниені жасаудың маңыздылығын жеткізеді.
Алғашында кіші нарықты игеріп алған дұрыс. Мысалы, Facebook Гарвард университетінен бастаса, Tesla электронды спорт көліктерін жасаудан бастап, аталған нарықты толық игеріп, бәсекелестерін шаң қаптырды. Осы дәрежеге жеткеннен кейін барып қана бұл ауқымды кеңейту жұмыстарына кірісу керек.
Алғашқы болмаңыз, соңғы болыңыз
Алғашқы болу – жетістікке жетудің алғышарты немесе міндеттемесі емес. Мысалы, Google компаниясына дейін бірнеше іздеу функцияларын атқаратын компаниялар болды. Десек те, Google соңғы болып келіп, іздеу құрылғыларының нарығында ешкім бәсекелестік таныта алмайтын алыпқа айналды. Мұның сыры аса бір құпия деуге келмейді. Соңғы болып келген ұжым алдыңғыларынан кемінде он есе креативті және заманауи талаптарға сай тұтынушының ыңғайына сәйкестендірілген болуы тиіс. Тильдің айтуы бойынша, осы ретте ғана бәсекелестерден басым түсіп, нарықта жылдам бедел жинауға мүмкіндігіңіз артпақ.
Google-дің жетістікке жету құпиясы – PageRank алгоритмі. Осы алгоритм арқылы Google өзге іздеу компанияларынан басым түскен еді. Содан кейін ғана аталған ұжым әлемдегі ең ірі әрі танымал, беделді іздеу компаниясына айналып шыға келді.
Сәтсіздіктерден қорықпаңыз
Бастамалар әлемінде қателіктерді тек жетістікке жету жолындағы тәжірибе жинау құралы деп есептейді. Бұдан шығатын түйін қандай? Түйіні сол, қателіктерді кәсіппен айналысушы адам өзіне өте ауыр қабылдамай, тек одан мансаптық тәжірибе ғана алуы керек. Рас, барлығы қателіктерге ұшырамауды қарайды. Өйткені, дәл осы кәсіп жолындағы қате қадам құлдырауға, өндірістің, кәсіптің қарқынының баяулауына әкеліп соғады. Дегенмен, қателіктерге үрейлі көзбен қараудың өзі қателік екенін ұмытпаңыз.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы азаматтардың руханиятын, ойлау қабілетін, бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыруды көздейтінін айтып келеміз. Қазір мемлекеттің шағын және орта бизнеске аса үлкен көңіл бөліп отырғаны да белгілі. Демек, ел азаматтары, жастар алдағы уақытта жаппай сапалы білім алуға және жеке кәсіппен айналысуға бет бұрары анық. Осы ретте жоғарыда айтылған кішігірім кеңестерді жадында сақтаса, өзгелердің басынан өткен қателіктер қандастарымыздың жолына кедергі бола алмасы айқын.

https://syr-media.kz/

08 тамыз 2018 ж. 751 0