Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫНДА ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫНДА ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ


А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде қала әкімі Н.Нәлібаевтың қатысуымен 2017 жылдың қорытындысымен үздіктерді марапаттау салтанатты шарасы ұйымдастырылды.
    Салтанатты шарада шаһар басшысы жыл көлемінде өңіріміздің жеткен жетістіктері мен атқарылған ауқымды жобаларға тоқталып, барша қала тұрғындарын санаулы күндерден кейін төрімізге енетін Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
    - Өтіп бара жатқан жыл біздің өңіріміз үшін де шын мәнінде бірлік пен берекенің, жаңа жетістіктер мен мүмкіндіктердің, халық қалаған серпінді жобалардың орындалуымен аса құнды жыл болды.
    «Мақсат – жетістіктің желкені» деген халқымыздың қанатты қағидасын ұстанып, дұрыс бағыт пен орынды мақсат қоя білсек жетістіктің желкені жығылмайтыны анық.
    Әр жаңа жыл табалдырығында жақсылық пен жағымды жаңалық күтеміз. Ендеше келер жылы сол ойымыздағы арман-тілегіміз жүзеге асып, бақ-берекеміз таси берсін.
    Жаңа 2018 жыл әр отбасына бақ-береке сыйлап, елімізге мол жақсылығы мен игілігін ала келсін! – деді қала әкімі.
    Шара барысында, Елбасы Жарлығымен 11 батыр анаға «Алтын алқа» табысталды және өңіріміздің дамуына ерекше қызмет етіп, елге еңбегімен танылған 11 азаматқа «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атағы тапсырылды.
    Сонымен қатар, түрлі саладан 17 азамат жарқын жыл бойына халыққа қызмет ету жолында жетістікке жеткені үшін  «Жыл үздігі – 2017» номинациясымен марапатталды.
    Білім беру саласында үздік нәтижелерге қол жеткізген 10 мұғалімге қала әкімінің «Үздік мұғалім» номинациясы мен  150 мың теңге сыйақы берілді. Жыл тоғысына арналған кеште өңіріміздің дамуына өз үлесін қосып жүрген 10 жасқа қала әкімінің «Самғау» жастар сыйлығы және 100 мың теңге сыйақы табысталды.
    Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасып, жергілікті өнерпаздар қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
25 желтоқсан 2017 ж. 1 393 0