Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ҚЫЗЫЛОРДА

ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ҚЫЗЫЛОРДА

Сыр өңіріне соңғы бес жылда қомақты инвестиция тартылды. Бұған қоса, өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі арта түсті. Өңірдегі қалың жұрттың әлеуметтік және экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында көптеген игі істер қолға алынып, жүйелі жұмыстар жасалуда. Осы ретте аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы еліміздің өзге өңірлеріне үлгі боларлықтай артып, өркендеп-өсіп келе жатқандығын баса айтуға тиіспіз.
Жоспарлы жұмыстың нәтижесінде облыс орталығы Қызылорда қаласында іргелі де ауқымды істер атқарылуда. Мәселен, өткен жылы қалада әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелер кезең-кезеңімен өз шешімін тапты. Әлеуметтік бағдарламалардың сәтті жүзеге асырылуының арқасында экономикамыз өрістеді. Осындай экономикалық дамудың арқасында Қызылорда қаласы өркен жайып, халықтың әлеуметтік ахуалы артты. Айшықты істер мен байыпты бастамалардың нәтижесінде шаһарымыз шырайланып, өсіп, өркендеп, тұрақты дамып келеді.
Бүгінде шаһардың инженерлік, коммуналдық инфрақұрылымын дамыту мен жол сапасын жақсартуда кешенді шаралар қабылданып, қала құрылыс алаңына айналды. Көп қабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар салынды. Осындай тиянақты жұмыстардың арқасында кейінгі бес жылдың ішінде шаһардың кіріс көзі еселеп артты.
Бастысы, кейінгі жылдары облыс орталығында тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші жоғарылады. Бұл жыл сайын қала экономикасының өсе түскендігін аңғартса керек. Сырдың бас қаласы жылдам дамып келеді. Оны көзіміз көріп жүр.
Бес жыл ішінде қалада жаңадан 12 шағын аудан бой көтерді. Ал апатты үйлер мәселесі өткен жылы толықтай шешімін тапты. Мысалы, 2017 жылдың өзінде 2971 пәтерлік 61 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген. Сондай-ақ, қаланың 500 шақырымнан аса жолы күрделі және орта деңгейде жөндеулерден өтті. Қашанда жол мәселесі шешімін табуды қажет ететіні белгілі. Бұндай жақсы жаңалықтан шет аймақтардың да түйткілді тұстары назардан тыс қалмай келеді.
Қала құрылысының қарқынын одан әрі дамыта түсу үшін сырттан келетін инвестиция көлемін барынша арттыру қолға алынған. Соның нәтижесінде өткен жылы тұрғын үй құрылысын дамытуға тартылған инвестиция көлемі 33 млрд. 142 млн. теңгеге жеткен.
Айта кетейік, облыс бойынша атқарылған құрылыс жұмысының 43,8 пайызы Қызылорда қаласының еншісіне тиеді. Ауқымды істерді жүзеге асырудың нәтижесінде 20 мыңға жуық адам еңбекпен қамтылған. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, тұрмыс сапасын арттыруды айқындайтын басты өлшемнің бірі – баспана.
Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» осыны меңзейді. Онда елімізде құрылыс индустриясын дамытуға басымдық берілуі негізделген. Осының аясында Елбасының жаңа «7-20-25» бағдарламасы болашақта әрбір отбасын баспанамен қамтамасыз етуді көздеген. Бұл аймағымызда тұрғын үй құрылысын бұрынғыдан да өрістете түсуге жаңа серпін беруде. Қолжетімді баспана қашанда әрбір отбасының арманы, тұрмыстық қажеттілігі екені белгілі. Қызылорда қаласында бұл бағытта тұрғын үй бағдарламасын жетілдіріліп, арттыра түсуде қажетті іс-шаралар жасалуда.
Өткен жыл қызылордалықтар үшін есте қаларлықтай мерейлі жыл болды. Өйткені, қаланың бас жоспарына сәйкес Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа қаланың іргесі қаланды. Нақты кезеңде сол жағалауда құрылыс қарқын алды. Бүгінде мұнда барлығы 770 пәтерден тұратын 18 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Оның жұмысын жандандыра түсуге 18 құрылыс компаниясы атсалысуда.
Қызылордалық кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен үйлер салып, қызу тірліктің көркін қыздыра түсуде. «Болашақ» кампусы алыстан менмұндалайды.
Алдағы уақытта сол жағалаудағы жаңа қоныста 15 шағын аудан бой көтереді деп жоспарлануда. Оған қоса әртүрлі қаржы көздерін құрайтын сауда, бизнес, ойын-сауық нысандары орын теппек. Бұдан да басқа отбасылық медициналық орталық, мектеп, неке сарайы және «Шіркейлі» каналы үстінен көпір салу көзделген. Сонымен қатар, Дәстүрлі өнер академиясы мен мамандандылған физика-математика мектеп-интернаты да сол жағалауда ірге көтермек.
Сырдың бас шаһарында жасалып жатқан ел игілігі жолындағы тоқтаусыз тірліктерді көрген адамның көңіл марқая түсері анық.
30 шілде 2018 ж. 830 0