Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » РЕКОРДТЫҚ ӨНІМГЕ ҮЛЕС ҚОСТЫҚ

РЕКОРДТЫҚ ӨНІМГЕ ҮЛЕС ҚОСТЫҚ


Сыр – ежелден-ақ еңбекпен даңқы шыққан мекен. Соның дәлелі, соңғы үш жылда күріш өндіруден рекордтық көрсеткіш орнатты. Айталық, биыл аймақтағы басты дақыл – Сыр күрішінен тарихта бұрын-соңды болмаған өнім өндіріліп, 500 мың тонна алтын астық жиналды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы бағытында ауқымды бастамалар қолға алынып, салаға инвестиция тарту, сондай-ақ, азық-түлік тауар өндірісінің экспорттық әлеуетін көтеру мәселесіне барынша көңіл бөлуде. Осындай іргелі істердің нәтижесінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жыл санап жақсарып келеді.
Биылғы жылдың басты жаңалықтарының бірі – Сырдария өзенінің сол жағалауынан бой көтеріп келе жатқан жаңа қала құрылысы. Айталық, 1532 гектар аумақтың түбегейлі жоспарлау жобасы жасалып, бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жалпы, бұл аумақта 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй, 190 мың шаршы метр сауда, кеңсе ғимараттары, 16 мектеп, 12 балабақша, 4 денсаулық нысаны, 30 мың орындық стадион сияқты әлеуметтік маңызды құрылыс нысандары салынатын болады. Сол жағалау жобасы болашақта Сыр өңірінің сәулетін арттыра түсетіні сөзсіз. Сонымен қатар, аймақ тұрғындарының әлеуметтік, тұрмыстық деңгейінің өсуіне, экономиканың қарқынды дамуына жол ашады.
Бұдан бөлек, соңғы төрт жылда қала орталығынан 7 мыңнан астам адам қоныстанған 12 шағын аудан бой көтерді. Ал биыл 60-тан астам тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл дегеніміз, көптің көкейіндегі басты мәселенің байыпты шешімін тапқаны деп айтуға болады.
Бұл айтып өткеніміз, аймағымызда атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана, ал алдағы уақыттың еншісінде қаншама ауқымды тірліктер бар?! Ең бастысы, еліміз аман, еңсеміз биік болсын! Жемісті қадам жалғасын тапсын! Жаңа жыл құтты болсын!

Имамзада ШАҒЫРТАЕВ,
облыстық мәслихат депутаты.
03 қаңтар 2018 ж. 938 0