Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫР ЕЛІ СЕРПІНДІ ДАМУ ҮСТІНДЕ

СЫР ЕЛІ СЕРПІНДІ ДАМУ ҮСТІНДЕ


Жақында аймақ басшысы Қ.Көшербаев әлем­дегі беделді америкалық қаржы-эко­но­микалық «Forbes» журналына сұқбат бе­ріп, облыстың әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін жеткізді. Оның ішінде, әр саладағы табысқа тоқталып, Елбасы Жолдауынан туындаған цифрлық технологияны енгізу тұрғысындағы жоспарлармен бөлісті.
Сұқбат барысында өңір басшысы экономиканы әртараптандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап айтты.
– 2013 жылдан бастап біз алдымызға қойған негізгі міндет, ол Президент айқындаған бағыт – экономиканы әртараптандыру болды. Өйткені, өңірдің экономикалық құрылымында мұнай мен уран өндірісі басымдыққа ие болып келді. Бұл тым қолайсыз жағдай еді. Өйткені, мұнай бағасының күрт түсуімен қатар, оның қоры сарқыла бастауына байланысты өндіру көлемі де қатар кеміп келе жатты. Кейбір мұнай скважиналарының сулануы 98 пайызға жетті. Сондықтан да соңғы жылдары шикізаттық емес секторды дамыту бағытында біз мақсатты жұмыс жүргізіп келеміз. Нәтижесінде, дағдарысқа дейінгі 2013 жылмен салыстырғанда өңдеу секторындағы тауар өндірісі көлемі 27 пайызға өсті. Тек соңғы жылдың өзінде осы саладағы экспорт көлемі 26 пайызға өсіп, онда жұмыспен қамтылғандар саны 45 пайызға артты, – деді облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы.
Жүйелі жұмыстардың арқасында соңғы бес жылдың ішінде 16 ірі кәсіпорын, жалпы, 50-дей жаңа өңдеу кәсіпорны іске қосылған. Ал ағымдағы жылы шыны және тампонажды цемент шығаратын зауыттар мен молибден триокисі өндірісі іске қосылатын болса, кальцилендірілген сода өнді­ретін, керамикалық плита мен керамогранит шы­ғаратын зауыттар құрылысы басталады. Мұның аймақ үшін тиімділігі зор және пайдасы көп.
Сондай-ақ, аймақ басшысы экономиканы әр­тараптандыру, оның ішінде, кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқандығын және де осы жылы аталған салаға басымдық берілетінін жеткізді.
– Соңғы бірнеше жылда біз ШОБ саласында қамтылғандар үлесін 22 пайыздан 26 пайызға жеткізе алдық. Әйтсе де, біздің мақсатымыз 45-50 пайыз және бұл бағытта жұмыс жүргізіп келеміз. 2018 жылды аймақта «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп жариялаймыз, – деді өңір басшысы.
Сұқбатта ауыл шаруашылығы, атап айтқанда, күріш өндірудегі рекордтық көрсеткіш, оны экспортқа шығару, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қала құрылысы, әлеуметтік саладағы оң шешімін тапқан мәселелер, білікті кадр­ларды дайындау жөніндегі сауалдарға облыс әкімі егжей-тегжейлі жауап берді. Бұдан бөлек, аймақ басшысы биылғы Елбасы Жолдауында айтылған цифрландыруға қатысты атқарылатын жұмыстар легін тізбектеді.
– Цифрландыру бұл енді кері айналмайтын үдеріс және оны біз күнделікті жер-жерде байқаудамыз. Цифрландыруға келетін барлық дүние цифрландырылуы тиіс, әлеуметтік сала, өндіріс, ТШК, агроөндіріс – барлығы бірдей. Мемлекет басшысы барлық салада ақпараттық-технологиялық шешімдер енгізу жөнінде нақты тапсырма жүктеді. Әрине, экономикада қосымша құн деген түсінік бұрынғысынша маңызды екені түсінікті, алайда бүгінгі таңда оны қалыптастыратын негізгі құрал сандық технология болуда. Дәстүрлі экономиканы салыстырмалы түрде арбаның жүрісіне теңесек, цифрлық экономика Шаттл жылдамдығымен даму мүмкіндігін беруде. Нақтылап айтқанда, ақпарат және цифрлық технология жаңа дәуірдің көмірсутегіне айналуда. Қазақстан да өз кезегінде жаһандық технологиялық инновацияны жәй ғана сырттан бақылаушы емес, нақты қатысушысы болуы керек, – деді Қырымбек Елеуұлы.
Осы бағыттағы жұмыстардың орындалуы үшін қазіргі таңда білікті кадрлар дайындау жөнінде «Microsoft» компаниясымен тығыз жұмыс жасалуда. Одан бөлек, ІТ-технологиясын дамыту мақсатында Ресейдің Қазан қаласындағы мамандармен жақсы байланыс орнаған.
– Олар бүгінде осы сала бойынша ТМД елдерінде көшбасшы ретінде мойындалған. Біз, тіпті, Татарстан президенті Рустам Миннихановпен қызылордалық студенттерді Қазанның жоғары оқу орындарында оқыту жөнінде уағдаластыққа келдік, – деген өңір басшысы МИСиС-пен 3D бас­па технологиясын қолдану арқылы машина жасау саласында жаңа материалдар мен технологияларды дайындау бойынша мәскеулік ғылыми-өндірістік Инжинирингтік орталыққа ұқсас құрылымды Қызылорда қаласында құру жөнінде келісім жүргізіліп жатқандығын мәлімдеді. Мұнда композиттік қоспалар өндіру бойынша тәжірибелік пирометаллургиялық желі енгізу жоспарлануда. Сондай-ақ, қытайлық «Huawei» компаниясымен «Ақылды қала» технологиясын енгізу бойынша ынтамақтастық жасау мүмкіндігі талқылануда. Осындай жоспарлы жұмыстарды атап өткен облыс әкімі Қ.Көшербаев бәрі де заман ағымына ілесе білген білікті мамандардың арқасында жүзеге асатынын жеткізді. Ол үшін білімді, білікті, машықтанған жандар ең маңызды және қымбат ресурс болмақ.

Әзірлеген Е.БЕРКІНБАЕВ

14 ақпан 2018 ж. 914 0