«Обналичка» орға жықпасын!
Орта есеппен алғанда, әрбір қазақстандықтың басында 1 миллион теңге несие бар. Ресми банктер алдындағы борыштан бөлек, бейресми ұйымдар да жоғары үстемақымен қаржы береді. Бір қарызды екінші қарызбен жапқан көпшілікке микроқаржы ұйымдары көмекке келеді. Бірақ ондай ұйымдар уақыты жеткенде қалтаңды қағып, мазаңды алып, берекені қашыратыны тағы бар. Қаржылық сауаттылықтың төмендігінен көпшілік қарыз қамытын киіп, әупірімдеп күн көруде.
Азық-түлік те, киім-кешек те, жүріп-тұру да қымбат. Бір отбасының орташа шығыны мен кірісін есептер болсақ, заманға ілесіп өмір сүру үшін кеткен шығынды кіріс ақтай алмай қалады. Бұл – жай ғана күнделікті күнкөріс қамы. Одан бөлек үлкен іс бастауға үлкен тәуекел керек екені тағы бар.
Осындайда тұтынушылар айлаға барады. Бұның бір түрі – «обналичка». Яғни тауарды ақшаға айналдыру. Бірақ ешкім зат сатпайды, сатып алмайды. Тек банкті «алдап» қажет сумманы ақшаға айналдырады. Қазіргі таңда көп сұранысқа ие Каспий банкі 24 айға бөліп төлеу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл белгілі банктің тұрғындар үшін жасап отырған тиімді жүйесі. Кез келген техника немесе тұтыну өнімін сатып алып, ақшасын екі жыл ішінде бөліп қайтаруға болады. Әдетте бір жыл мерзімге ғана беретін мүмкіндікті банк кейде осылай екі жылға дейін ашып береді. Уақыты ұзарғанымен, айға бөлгенде қалтаға салмақ салмайтын сумма шығады. Бұл бір жағынан тиімді. 24 айға бөліп төлеу мүмкіндігі қазіргі таңда жүргізіліп жатыр. Банк бұл жүйені 21 шілдеге дейін ашық деп жариялады. Осы орайда «обналичка» жасаушылар көп. Ұсынатын пайыздық үстемесі де аз емес.
Әлеуметтік желі мен чаттарда «Обналичка жасаймын. Ақшасын бірден қолға аласыз. Мынша пайызбен» деген жарнама толып жүр. Сәйкесінше, заңсыз түрде заттай тауарды ақшаға айырбастап беретіндерге сұраныс та жоғары. Оны арнайы желілерде «Обналичка жасайтын адам бар ма?» деп іздеу салатын көптің сұрауынан аңғардық.
Ақша алмастыру деген не? Бұл – несиеге алынған тауардың қаражатын қолма-қол ақшаға айырбастау. Яғни, сізге шұғыл ақша керек, бірақ банк несие бермесе немесе үстемақысы тым жоғары десеңіз, «обналичка» жасаушылар өз қызметін ұсынады. Сіз белгілі бір фирманың өнімін сатып алған боласыз, бірақ қолыңызға тауарды емес, ақшасын аласыз. Сосын алмаған затыңыздың ақысын белгіленген мезгілде бөліп төлейсіз. Яғни несиеге зат сатып алғандай болып, банкті алдап, орнына ақша аласыз. Ал бұндай мүмкіндікті үйлестіріп берген «қызмет көрсетуші» белгіленген сумманың белгілі бір мөлшерін өз қызметі үшін ұстап қалады. Мысалы 300 000 теңгені 25 пайызбен шешіп беруге уәде етсе, сіздің қолыңызға 225 000 теңге ақшалай түседі, ал 75 000 теңге – заттай несиені ақшамен рәсімдеп берген адамның қалтасына сыйақы. Бар-жоғы 15 минут ішінде қаржы шотыңызға түседі. Бірақ банкке қарызды 300000 түгел етіп қайтаруыңыз қажет. Қазіргі кезде «обналичка» жасатып жүргендер де, жасап жүргендер де көп. Бірақ оларға заң жүзінде шектеу бар.
Мән-жайға қанығу үшін күнделікті келіп түскен жарнама берушілермен тұтынушы болып сөйлесіп көрдік. Олар 17 пайыздан 30 пайызға дейін өз қызметін ұсынатындарын айтты. Есептен қарасақ, қарапайым тұтынушы үшін бұл жерде тиімділік жоқ. Себебі банкті бұлай «алдамай-ақ» қажет сумманы несие түрінде алсаңыз, үстіндегі пайыздық үлес бәрібір сол шаманы құрайды. Көбіне қолма-қол ақшаға айналдыру қызметін банк алдында борышкер атанып, несие рәсімделмей қалғандар қолданып жатады.
«Обналичка» – бұл Kaspi Pay-мен жұмыс істеу ережелерін өрескел бұзу болып табылады. «Обналичкамен» айналысатын серіктестермен біз ынтымақтастықты бірден тоқтатамыз. Содан кейін ондай тұтынушы Kaspi Pay-ге қайта қосыла алмайды» дейді банк қызметкерлері.
Дәл бұндай жолмен ақша алмастыру әрекеті заңға қайшы. Заңсыз екеніне қарамай, онымен айналысатындарға қандай жаза қарастырылған? Мамандардың айтуынша, несиеге алынған тауардың қаражатын қолма-қол ақшаға айырбастаумен айналысу «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру» 218-бапқа сәйкес заңсыз деп танылған. Заңға қайшы әрекет еткен азамат, бас бостандығынан айырылады немесе үлкен сомада айыппұл төлейді.
Каспий ред арқылы обналичка жасаушыларға, заңға сәйкес 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 5000 АЕК мөшерінде айыппұл салу жазасы қарастырылады. Егер аталған іс-әрекет адамдар тобымен ұйымдастырылып және бірнеше мәрте қайталанатын болса жаза мерзімі де, өтемақысы да арта түспек. Сондай-ақ алдын ала сөз байласқандар да кінәлі болып табылады.
Аталған қызметті пайдалану алаяқтықтың санын еселеп көбейтіп отыр. Себебі ақшаны шотқа аударуға уәделесіп, қашықтан қызмет көрсеткен адам тиісті кодты анықтағаннан кейін жалт беруі мүмкін. Бұндай жағдайлар тіпті жиі кездескен. Әсіресе осындай екі жылға бөліп төлеу мүмкіндігі болған кезде алаяқтық іс-әрекеттер де көбейеді. Ал несиені өзің мақұлдай отырып, рәсімдегеннен кейін әлбетте бұл тұтынушының мәселесі болып қалады. Осылай опық жеп жатқандар жетерлік. Банк қызметкерлері осы тұста алаяқтардың арбауынан сақ болуға шақырады.
Айта кетейік, бейтаныс нөмірден хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырса, әр сөзіне мән беріңіз. Алаяқтар кәсіби маманша сөйлеп, арбап алуы мүмкін. Қоңырау шалған адам қандай да қызметті жаңарту үшін сілтемеге қосылуды немесе кодты айтуды сұраса, жауап бермеңіз. Байланысты үзіп, бұл туралы тиісті органдарға хабарлау маңызды. Сондай-ақ қауіпсіздік үшін банк шотын уақытша бұғаттау да артықтық етпейді. Осы ретте ескерте кетейік, банк қызметкерлері сізден ешқандай код сұрамайды, тек банкте жүріп жатқан жеңілдіктер туралы ақпараттандыруы мүмкін.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ