Төл теңгеде бейнеленген тарихи тұлғалар
Бүгін − ұлттық валютамызға 30 жыл. Егемен елдің еңсесін биік ететін төл нышандарымыз секілді ұлттық валютамыздың да болуы заңды. Тәуелсіздік тұғырын нығайтып, әлеуметтік-экономикалық әлеуетімізді түзеген теңгеміздің айналымға түсуі маңызды қадам болды. Теңгесіз мемлекетаралық қатынас орнату, мемлекет ішінде қаржылық операцияларды жүзеге асыру мүмкін емес еді.
Халықаралық қаржы сарапшылары Қазақстан теңгесін ТМД аумағындағы тұрақты валюта деп бағалайды.
Еске алсақ, теңге тарихы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев 1993 жылдың 12 қарашасында қол қойған «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» заңынан бастау алады. Араға үш күн салып, 15 қарашада ел аумағындағы жаңа сауда-саттық жасау құралы ретінде төл теңге қолданысқа енді. Ал, 1997 жылы 13 қарашада Н.Назарбаев алғаш теңгенің айналымға түскен күнін «Ұлттық валюта күні» деп жариялады.
1991 жылы теңге дизайнын әзiрлейтiн мамандар тобы құрылды. Бұл топ құрамында Тимур Сүлейменов, Меңдiбай Әлi, Досбол Қасымов, Ағымсалы Дүзелханов пен Хайролла Ғабжәлел болды. Тиынның дизайнын жасау Айрат Исмамбетов пен Виктор Ивженкоға тапсырылды.
Ұлттық теңгеміздің бедері терең тарихымызды айғақтап тұрады. Соның ішінде ұлтымызды ұйыстырып, сан салада саңлақ болған тау тұлғалардың бейнесі де бедерленген.
1993 жылдан бері ұлттық валюта бетінде жиыны 8 тұлғаның портреті басып шығарылды.
Тізбектесек, 1 теңгеде философ, социолог, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, логика, музыка зерттеушісі, «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің портреті бейнеленді. Айта кетейік, ойшылдың бейнесі ұлттық валютамызда әр жылдары, әртүрлі соммалық жиынтықтарда қайта жаңғырып тұрды. Мәселен 1994 жылы Әбу Насыр әл-Фараби бейнеленген 200 теңге айналымға енсе, 2000 және 2002 жылдары номиналдың дизайны өзгерді. 1994 жылдан 2003 жылдары «әл-Фараби» сериясы бойынша 500 теңге, 1 000 теңге, 5 000 теңге және 10 000 теңгелік ақшалар айналымға енді.
3 теңгеде әйгілі ақын, айтыстың ақтаңгері Сүйінбай Аронұлы бейнеленді.
Ал 5 теңгеде аспапты музыка өнерінің классигі, «Кішкентай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Ақсақ киік», «Адай» және «Алатау» күйлерінің авторы Құрманғазы Сағырбайұлының портреті басылды.
Ал, 10 теңгелік банкнотада қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ Шоқан Уәлихановтың бейнесі бедерленді.
20 теңгелік номиналда қазақ жазба әдебиетінің негізін салған, ақын, аудармашы, филосософ Абай Құнанбайұлының портреті басылды.
50 теңгеде 1718-1748 жылдары билік құрған Кіші жүз ханы Әбілқайыр ханның бейнесі басылды.
Ал, 100 теңгелік банкнотада Қазақ Ордасы тарихындағы ең ұлы хандардың бірі Абылайхан портреті басылды. Ол 1771 – 1781 жылдар аралығында билік құрған Қазақ хандығының 18-ші ханы болды.
2016 жылы теңгенің 25 жылдық мерейтойы аясында 10 мың теңгелік банкнотаға Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев бейнеленді. Сонымен қатар Тәуелсіздік таңы атқан 30 жылдық торқалы той құрметіне 20 000 теңгелік қағаз ақшада да Н.Ә.Назарбаев портреті басылды.
Биыл төл теңгеміздің 30 жылдығына орай Ұлттық банк номиналы 10 000 теңгелік мерейтойлық банкнотаны айналымға шығарды.