Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерейлі марапат

Мерейлі марапат

Апта ағымында біз Астана қаласынан келіп жеткен сүйінші жаңалықты естіп қуанып қалдық. Талай жыл ауданның әлеуметтік саласына еңбегі сіңген ардақты ардагер, «ҚР Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Жамиға Іздібаева «ҚР еңбек сіңірген қызметкері» медалімен марапатталды.

Негізінен, өз ісінің майталманы Жамиға Іздібаева әлеу­меттік салада ұзақ жыл бойы жемісті еңбек ете білді. Қажыр-қайратының арқасында ол өзі қалаған мамандықтың жұмысын жандандыра білді. Әркез қызмет сапасын жақсартуға күш салып қана қоймай, әрбір адамның әлеуметтік салаға түйткілді дүниелерін шешуге атсалысты.

Бұған дейін «Қазақстанның Алтын кітабы» атты жина­ғына есімі енген Жәмиға Іздібаева Арал ауданында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын Қазалы ауданындағы колхозаралық құрылыс мекемесінде бастаған. Ал Жамбыл технологиялық институтында «Есеп және экономика» факультетінде дайындық курсынан өткен кейіпкеріміз Жалағаш аудандық «Қызылордаводстрой» ПМК-14 меке­месінде есепші қызметін атқарады. Кейіннен, Тереңөзекке қоныс аударып, ауыл шаруашылығы басқармасында аға экономист, қаржыгер ретінде еңбек етеді. Кейіннен Ж.Іздібаева аудандық еңбек және әлеуметтік қорғау бөлімінің әлеуметтік сақтандыру қорының маманы, тұрғын үй жәрдемақысын тағайындау маманы, аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің бас маманы, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру, бақылау және кадр жұмыстары бөлімінің жетекші маманы, әлеуметтік сала бөлімінің аудан әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» мекемесінің директоры қызметтерін абыроймен атқарды.

– Еңселі еңбектің арқасында бірнеше жыл бойы орасан жетістікке қол жеткізе білдік. Осы жолы «Білім-өркениет» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу ор­та­­­лығының ұйымдастыруымен «ҚР еңбек сіңірген қыз­мет­кері» атты байқауға құжаттарымды тапсырған болатынмын. Нәти­жесінде, Астана қаласындағы Ұлттық музей­де өткізілген салтанатты іс-шараға қатыстым. Ұлттық музейді аралап, тарихи жәдігерлермен таныстық. Ерекше әсер алдық. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген сан саланың ардагерлері бас қосты. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында конференция өтті. Содан кейін «ҚР еңбек сіңірген қызметкері» атты республикалық байқауына қатысқан жандар арасында жеңімпаз атана білдім. Өз кезегінде «ҚР еңбек сіңірген қызметкері» медалі мен І дәре­желі дипломға ие болдым, – деді Жамиға Іздібаева.

Өз кезегінде сала ардагерінің жоғарғы марапатымен шын жүректен құттықтаймыз!

Балтабай ОРДАБЕКОВ
17 маусым 2023 ж. 252 0