Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасы үлкенді қадірлесе – құт болар

Жасы үлкенді қадірлесе – құт болар

Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлі «Даналық қарттықпен бірге келмейді, кейде қарттық бір өзі келеді» деп жазыпты бір сөзінде. Афоризмге айналған ақын сөзі бүгін небір жаға ұстатар жайттарды көргенде еріксіз еске түседі де тұрады. Расында да үлкендікті алып жүрудің өзіндік жауапкершілігі болады емес пе...

ӘДЕМІ ҚАРТАЮ – ӨНЕР

Әйел адамның жасы жеткенде ақ жау­лықты ана яки ақылшы апа, ардақты әже атануы және сол атқа лайық болуы қандай жарасымды болса, ер кісілердің азамат атына лайық, қартайғанда елге сыйлы ақсақал болмаса да отбасына қадірлі қария болып отыруы өмірдің заңдылығы әрі бұлжымас ереже секілді көрі­нетін маған. Түрлі адамдарды көрмей тұрып...

Расында, әлеуметтік желі жан-жақты дамыған. Сондықтан да жер-жерден хабар алу оңайдың оңайы болып кетті. Және үлкен кісілердің ыңғайсыз іс-әрекет жасағанын бейнелейтін видеолар да жиі тарап жатады. Жақында осындай бір видеоны көріп, іштей өзімді жайсыз сезіндім. Небір ойлар мазалады. Расында, біз көрген үлкендер «үлкен кісі» атына лайық, сірә. Содан болар әлгі видеодағы әйел мен ер кісінің әрекетін кіршіксіз көңіл қабылдай алмады. Нақтырақ айтар болсам, видео белгілі бір тойдан түсірілген сыңайлы. Жасы кемінде алпыс­ты алқымдаған әйел ортада барын салып билеп жатыр екен. Қасында шамалас ер кісі де бар. Көрген көзде жазық жоқ, енді әлгілердің іс-әрекеті тым дөрекі, жайсыз. Біреудің әжесі болар, біреуге апа болар, әлгі әйел шашын жіберіп әрлі-берлі селтеңдегенде қысқа көйлегінің етегі одан әрі түріліп, семіздікпен қабаттаса сүйкімсіз көрініс келеді көз алдыңа. Тамашалап отырған адамға да жағымсыз әсер қалдырары сөзсіз. Өкініштісі, бұл бір ғана жағдай емес. Бұндай видеолар әлеуметтік желіде толып жатыр. Тіпті тойға ақ жаулық тағып, құдағай болып барып, ортада ыңғайсыз бидің көркін қыздырып жатқан үлкен кісілерді көргенде, экранның ар жағында отырған адам ұялады.

КІМ КІНӘЛІ?

Былайынша, көп жағдайда кінәні жастарға арта саламыз ғой. «Жастар дұрыс емес, үлкенді сыйламайды, шет елге еліктейді, кітап оқымайды» деген аргументтерді жиі еститініміз жасырын емес. Өзгені білмеймін, менің түсінігімде, есейген адам өзінен кейінгіге үлгі болуы керек, қай ісімен де. Бізге тәрбие үлкендер тарапынан солай берілген. Таяқтың екі ұшы бары қаншалықты рас болса, мәселені де жан-жақты қарастыру орынды, әрине. Десек те, шектен шығып кететін жағдайлар көп. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, өнегелі өмір өрнегін сызып, ұрпағына абыройлы болып отырғандармен қатар, көше кезіп, әңгіме теріп, бірді-бірге, бала-шағасын бір-біріне айдап салып, берекеден жұрдай қылатындар да жоқ емес. Ондайдан Алла сақтасын дейміз. Асылында, бұл ойымыз арқылы бәріне күйе жағып, бірді қараламақ емеспіз. Дегенмен, кішіден құрмет күту үшін үлкен «үлкен» деген атқа лайық болғаны жөн деп ойлаймыз.

Кейінгі буын дұрыс болуы үшін, алдыңғы арба мықты болуы шарт. Сіз өзіңіз адам ретінде, тұлға ретінде кейінгі буынға не көрсетіп жүрсіз? «Алдыңғы буынның кейінгі ұрпаққа ешқашан көңілі толған емес» дегенді бір жерден оқығаным бар. Шынымен де, үлкендер тарапынан «біздің кезіміздені» жиі естиміз. Ол үлкен кісіміздің өзі өзінен үлкендерден сол баяғы әңгімені естіп өскен себебі. Жастардың тәрбиесі, киім үлгісі, тағы басқа мәселе сөз болғанда «ой, біздің кезімізде» деп ала жөнеледі. Өткен ғасырдың аяғында дүниеге келсек те, қос ғасырда жорта жүргендей біздің өзіміз кейінгі буынға қарап отырып, «біздің кезіміздені» айтып қалып жатамыз. Бірақ, «Елу жылда ел жаңаны» да ұмыт қалдыруға болмас. Заманына сай адамы, соған сай сәні мен үлгісі болады. Бұл ретте жастарды сөге жөнелуге және болмас. Бірақ үлкеннің тәлімін тыңдап, өсиетінен өнеге алып өскен жан болашақта жерге қарамасы анық. Ал бірақ үлкендер қандай ақыл, өнеге көрсетіп жатыр?

ТӘРБИЕ – ТАЛ БЕСІКТЕН

«Ауызбен орақ орғанның белі ауырмас» демекші, ақыл айтқанда барлығы тамаша. Ал бірақ шынтуайтқа келгенде адам өзгеге сөзімен емес, ісімен үлгі көрсетеді. Оның үстіне балаңыз болса, ол естігенінен гөрі көргенін жасауға бейім. Журналист болған соң жұмыстың бабымен түрлі ортамен тілдесеміз. Жақында балалар ойын алаңына бас сұқтым. Жақында жөндеуден өткен ойын алаңын көпшілікке ақпараттандыру мақсатында суретке түсіріп жүргенімді көрген кішкентай қыз «Апай, фейсбукке саласыз ба?» дейді. Және менің жауа­бымды күтпестен «Менің анам да күнде фейсбукке кіреді. Ол мектепте мұғалім. Күнде кешке бізге қарамай фейсбукке кіре береді ғой. Бәрін оқып, көріп отырады. «Лайк» басады» деп саңқылдай жө­нелді. «Балалы үйде ұрлық жатпас» деген. Кішкентай қыздың ашық-жарқын сөйлесе жөнелгеніне риза болып, шырт еткізіп суретке түсіріп алдым. Бірақ анасы әлеуметтік желіден гөрі қызына көңіл бөлсе ғой деп ойладым...

Жантану ілімінің майын ішкен маман болсын, ұзақ жыл білім мен тәрбие беру саласында еңбек еткен ұстаз болсын, бұл пікірімізді қуаттай түседі. Яғни, бала айтқанды емес, көргенді қайталайды. Ал бүгінде үлкен буын ертеңгі қария болса, бүгінгі бала ертеңгі жас. «Жас буынға үлкендер жағы не үйретіп, не талап етіп жүр» деген ой келеді кейде.

ДАНАЛЫҚ ПЕН ҚАРТТЫҚ
ЕГІЗ ҰҒЫМ ЕМЕС


Үлкенді құрметтеу, жасы ұлғайғанды сыйлау, құрметтеу әрине қазақы танымға негізделген салт-сана. Яғни, кіші екенсің, үлкенді құрметте. Ал кейбір кісілермен коммуникация барысында «үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген мәтелдің «көп көмегі» тиеді.

Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды «Шал, қария, ақсақал, абыз» деп төртке бөліп, отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қартты «шал» деуі, өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап билік жүргізген қартты «қария» деуі тегіннен тегін емес. Ал тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, азаматын атқа мінгізіп, айдынын асырып отыратын қартты «ақсақал» десе, бүкіл елдің сөзін сөйлеп, намысын жыртып, дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты «абыз» деп атауының өзіндік сыры бар. Осы ретте ғалым, жазушы, публицист Немат Келімбетовтің түсінігі тұрғысынан бағамдап көрейік. «Мен өзім тек бала-шағасының қамын күйттеп, күйбеңдеп жүрген кісіні шал дер едім де, ал туған ауылының, туған жерінің жоғын жоқтап, қамын жеп, жан-тәнімен қарбаласып жүрген егде жастағы ер азаматты «қария» дегім келіп тұрады, қазақ дейтін тұтас қауымды бөліп-жармай, бүкіл елдің қамын ойлау дәрежесіне дейін көтерілген құрметті қартты ақсақал дегім келіп тұрады» дейді ғалым. Біздің емес, үлкен ғалым, абыз ақсақалдардың сөзі үлкеннің бәрі ақыл мен тәрбиенің қайнар көзі еместігін көрсететіндей. Қадір ақынның «даналық қарттықпен келмейді» деуінің де сыры сол болар.

– Бұрындары жасы елуді еңсерген апаларымыз үлкен кісі секілді көрінетін бізге. Өзімнің анамнан көргенім бар, ақ орамалы мен Алласын аузынан тас­тамай, құлшылықтан қолы босамайтын. Қазір қарап отырсам, анам сол кезде небәрі елудің шамасында болған екен. Үнемі орамал тағып жүрген соң ба, қарт көрінетін сол кезде. Қазіргі елуді, алпыс­ты алқымдаған жандарға қарап кейде ойға қаласың. Әрине, ерте бастан қартаймай, балаларыңның ортасында жас қалпыңда қалғанға не жетсін. Бірақ сырт кейіптен бұрын ішкі жан-дүние үлкен рөл ойнайды. «Өсер елдің баласы он бесінде бас­пын дер, Өшер елдің баласы отызында жаспын дер» демей ме. Не десек те, жас қосылған сайын алдыңғы қатарға қарай жылжи береді екенсің. Ал соңыңнан елдің ертеңгі болашағы еріп келеді. Сен оған қандай жол көрсетіп келе жатырсың? Міне, осы маңызды. Қалай айтсақ та, өз жасына сай әңгіме айтып, жасына сай әрекет жасаған абзал болар деп ойлаймыз, – деді Алмас Есназар аға бір әңгімесінде.

ТҮЙІН

Той-құдайыда көрегенділігін паш етіп, өнегелі әңгіме айтып отыратын қарттар азайып бара жатқан секілді маған. Тіпті ас қайырып, бата беруді ұмыт қалдырып барады көбі. Рас, шаңырақта әр ас ішілгеннен кейін бата бергенін көрмеген бала да есейіп, алқалы жиында сөз тигенде бата бермек түгел, екі сөздің басын құрап айта алмайтын болады. Бұл ұлттық құндылығымызды құлдырататын бірден бір жол. Бата мен тілектің аражігін айыр­мау бөлек әңгіме. Біздіңше, не де болса барлығы – тәр­бие­­ден. «Көпті көрген көсем болар», «Қа­рия­­мен көп сөйлескен дана болар» деген бар. Қартымыз қазыналы бо­лып, жасымыз тәрбиелі, тәлімді болып, ұлттық құндылығымызды бір сәтке де мыз­ғытпаса екен. «Жасы үлкенді құрмет­те­се – құт болар» деген. «Үлкенге – құр­мет, кіші­гі – ізет» деген және бар. Жастары­мыз қазыналы қарттардан өнеге алып, өзі де сол кезеңге абыроймен жетсе, үлкен­­­деріміз кейінгіге тәрбие көзі екенін әр­­кез есте сақтап, сыйлай отырып, сыйлы болса екен. Қай кезеңнің өкілі болса да «Кісіліктің кілті – кішіпейілдікте» еке­нін ұмытпағаны абзал.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
26 қыркүйек 2023 ж. 301 0