Даналық қарттықпен келе ме?
Жақында бір құдайыға бардым. Ас иесі құрметтеп төрге шығарып жатыр, үлкен кісілермен қатар отырдым. Бір кезде үлкендерге құрмет көрсетіліп қойдың басы да келіп жетті. Ана кісілер «сен ал да, мен ал» деп басты әрі итерді, бері итерді. Болмаған соң орталау жастағы бір кісі табақты қолына алып, басты рет-ретімен бөліп, тиісті қонақтарға ұсына бастады. «Сен ал» деу сыйластық шығар, десе де ас иесін қаңтарып қойып, бір-біріне ысыру маған әдепсіз көрінді. Жасы келген қариялар ондай жерде батасын беріп, құлақтан бастап кесіп, ретімен ұсына бастағаны кейінгі буынға да үлгі еді...Қош, «даудың» үлкені бата берер шақта басталды. «Ал, Пәленшеке, бата беріңіз» деді көпшілік төрде отырған қарияға бет бұрып. Сасып қалды ма, ол қасында ғы шалды түртіп қалды. «Сен берсеңші». Қапелімде аузына сөз түспеді ме, әлде бата білмеді ме, бұл да сырт көзге бір жайсыз көрініс болды. Содан «сен бер, мен бер» деп жатып, бір қария бата емес, тілек айтып, дастарханды жапты. Қарап отырып, ойға қалдым. Көпке топырақ шашпаймыз, әрине. Отырған жерде саясаттан сыр алдырып, әңгімеге қонақ беретін ондай үлкендер кейінгіге ісімен үлгі болмаса, жастардан нені талап етеді екен?!
«Алдыңғы буынның кейінгі буынға көңілі толған емес» дейді. Десе де қит етсе «жастар» деп сөз бастайтын кей үлкеннің алдымен үлгіні іспен көрсетпегеніне қарын ашады кейде. Жасы үлкеннің көргені көп, түйгені мол. Олардың жасын, заманын сыйлау – жас буынға парыз. Бірақ бата беруді білмейтін қарияны жиі кезіктіреміз. Дуалы ауыз ақсақал атанып, соңынан ерген жас буынға ақ батаны арнаудың қиын тұсы қандай? Жас ұлғайғанда адам «Ұрпағыма не қалдырдым?» деп ойланса керек. Сондайда ата-баба мұрасын кейінгі буынға мұртын бұзбай жеткізудің өзі ғанибет шығар.
Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлі «Даналық қарттықпен бірге келмейді, кейде қарттық бір өзі келеді» деп жазыпты бір сөзінде. Афоризмге айналған ақын сөзі бүгін небір жайтты көргенде еріксіз еске түседі де тұрады. Расында, үлкендікті алып жүрудің өзіндік жауапкершілігі бар.
Көп жағдайда кінәні жастарға арта саламыз. «Жастар дұрыс емес, үлкенді сыйламайды, шет елге еліктейді, кітап оқымайды» деген аргументтерді жиі еститініміз жасырын емес. Менің түсінігімде, есейген адам өзінен кейінгіге үлгі болуы керек. Асылында, бұл ойымыз арқылы бәріне күйе жағып, бірді қараламақ емеспіз. Дегенмен кішіден құрмет күту үшін үлкен «үлкен» деген атқа лайық болғаны жөн деп ойлаймыз.
Кейінгі буын дұрыс болуы үшін, алдыңғы арба мықты болуы шарт. Үлкендер тарапынан «біздің кезіміздені» жиі естиміз. Ол үлкен кісіміздің өзі өзінен үлкендерден сол баяғы әңгімені естіп өскен себебі. Жастардың тәрбиесі, киім үлгісі, тағы басқа мәселе сөз болғанда «ой, біздің кезімізде» деп ала жөнеледі. Өткен ғасырдың аяғында дүниеге келсек те, қос ғасырда жорта жүргендей біздің өзіміз кейінгі буынға қарап отырып, «біздің кезіміздені» айтып қалып жатамыз. Бірақ, «Елу жылда ел жаңаны» да ұмыт қалдыруға болмас.
Бас мүжіп, сүйек жеу – үлкендіктің ең оңай шаруасы болар. Десе де ас ішіп, аяқ босатумен іс бітпейді. Кейінгі буынға тәрбие беретін – алдыңғы аға буын, олар ісімен де, сөзімен де үлгі болуы керек. Той-құдайыда көрегендігін паш етіп, өнегелі әңгіме айтып отыратын қарттар азайып бара жатқан секілді. Тіпті ас қайырып, бата беруді ұмыт қалдырып барады көбі. Рас, шаңырақта әр ас ішілгеннен кейін бата бергенін көрмеген бала да есейіп, алқалы жиында сөз тигенде бата бермек түгел, екі сөздің басын құрап айта алмайды. «Көпті көрген көсем болар», «Қариямен көп сөйлескен дана болар» деген бар. Қартымыз қазыналы болып, жасымыз тәрбиелі, тәлімді болып, ұлттық құндылығымызды бір сәтке де мызғытпаса екен. «Жасы үлкенді құрметтесе – құт болар» деген. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген және бар. Жастарымыз қазыналы қарттардан өнеге алып, өзі де сол кезеңге абыроймен жетсе, үлкендеріміз кейінгіге тәрбие көзі екенін әркез есте сақтап, сыйлай отырып, сыйлы болса екен. Ал «Кісіліктің кілті – кішіпейілдікте» екенін ұмытпаған абзал.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ










