Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№75 газет

03 қазан 2026 ж.

№74 газет

29 қыркүйек 2026 ж.

№73 газет

26 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Ұстаз еңбегі – ұрпаққа бағыт

Ұстаз еңбегі – ұрпаққа бағыт

5 қазан – ұстаздар күні. Барша білім беру саласының қызметкерлеріне құрмет көрсетіп, олардың қоғамдағы айрықша орнын айшықтайтын кәсіби мереке ел аумағында кеңінен тойлануда. Ұстаз еңбегінің салмағы қашанда биік. Қазіргі таңда білім беру жүйесіне қойылатын талап та, ұстазға артылар жауапкершілік те жоғары. Уақыт талабына сай мұғалім үнемі ізденісте болып, кәсіби біліктілігін жетілдіріп, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеруі қажет. Бүгінгі ұстаз – оқушыға ақпарат беруші ретінде қалыптаспайды. Ол – шәкірттің қабілетін танып, оны өздігінен ізденуге, ой қорытуға, шығармашылықпен жұмыс істеуге бағыттайтын кәсіби маманға айналады.

Осы тұрғыдан алғанда Сырдария ауданындағы білім саласының дамуында жаңашылдыққа ұмтылған ұстаздардың еңбегі ерекше. Аудандағы 17 білім беру ошағында педагогтер жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, заманауи талаптарға бейімделген білім беру ортасын қалыптастыруға күш салып келеді. 2026-2027 оқу жылында аудан бойынша 8065 оқушыны біліммен қамту жоспарлануда. Оларға 1319 мұғалім сабақ береді. Бір қарағанда статистикалық көрсеткіш болғанымен, оның ар жағында мыңдаған баланың тағдыры, жүздеген ұстаздың тынымсыз еңбегі мен ата-ананың үміті тұр.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып білім саласындағы басты міндет ұстаздың кәсіби әлеуетін арттырып, оқушының жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін орта қалыптастыру екенін тілге тиек етті.

– Қазіргі білім беру үдерісінде ұстаздың жаңашылдыққа бейімділігі аса маңызды. Бүгінгі оқушының талабы мен танымы өзгеше. Сондықтан мұғалім де заман ағымынан қалмай, жаңа технологияларды тиімді пайдаланып, әр шәкірттің бойындағы қабілетті ашуға ұмтылуы қажет. Біздің ауданымыздағы әрбір педагог осы бағытта ізденіп, тәжіри­белерімен бөлісіп, білім сапасын арттыруға өз үлесін қосып келеді. Ұстаз еңбегінің басты нәтижесі – шәкіртінің жетістігі. Сондықтан білім саласындағы әрбір маманның еңбегін бағалау – ортақ міндет, – дейді бөлім басшысы.

Білім беру жүйесінің алғашқы баспалдағы – мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту. Баланың мектепке дейінгі кезеңі оның кейінгі тұлғалық қалыптасуына тікелей әсер етеді. Осы ретте балабақша тәрбиешілерінің еңбегін де ерекше атап өткен жөн. Бүлдіршіннің алғашқы әлеуметтік ортасы – бала­бақша. Мұнда бала қоршаған ортаны танып, достасуды, қарым-қатынас жасауды, өз ойын жеткізуді үйренеді. Тәрбиешінің әрбір сөзі мен ісі баланың санасында із қал­дырады. Сондықтан мектепке дейінгі ұйым мамандарының жұмысы үлкен жа­уап­кершілікпен қатар, мейірім мен шыдам­ды­лықты қажет етеді.

Ал баланың шығар­ма­­шылық қабілетін шың­­дап, бос уақытын тиім­ді ұйымдастыруда қосым­ша білім беру орталық­тарының маңызы ай­­рық­­ша. Қазіргі кезде баланың мектеп бағдар­ла­ма­сы­нан тыс қы­зы­ғушы­лығын дамытуға мол мүмкіндік бар. Қосымша білім беру ұйымында өнер, музыка, қолөнер, робототехника, спорт, түрлі шығармашылық бағыт бойынша сан түрлі үйірме ұйым­дас­­­тырылып, оқушылардың өз қабілетін еркін танытуы­на жағдай жасалуда.

Шығармашылыққа бейім бала өз ойын ашық жеткізуге, жаңа дүниеге қызығушылықпен қарауға, ізденуге үйренеді. Бір бала сурет арқылы өзін танытса, екіншісі сахнада өнер көрсетіп, үшіншісі техникалық бағытқа қызығушылық танытуы мүмкін. Сондықтан қосымша білім беру – баланың мек­тептегі білімін толықтырып қана қоймай, оның тұлғалық қабілетін ашатын маңызды орта.

Білім саласындағы жаңашылдық тек технологиямен өлшенбейді. Нағыз жаңашыл ұстаз – баланың жүрегіне жол таба білетін, заман талабын түсінетін, өз білімін үнемі жетілдіріп отыратын маман. Ол дәстүрлі ұстаздық құн­ды­лықтарды сақтай отырып, жаңа әдісті орынды қолданады.

Бүгінде Сырдария ауданындағы білім беру ұйымдарында еңбек етіп жүрген педагогтер алдында үлкен міндет тұр. Ол – сапалы білім, саналы тәрбие, шығармашыл ойлайтын, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. Ұстаздың тақта алдында өткізген бір сабағы, шәкіртіне берген бір ауыз ақылы, оның бойындағы қабілетті дер кезінде танып, қолдау көрсетуі – ертең үлкен нәтижеге айналуы мүмкін. Себебі ұрпақ тәрбиесіне жұмсалған еңбек ешқашан зая кетпейді.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
Коллаж: Камшат Ерлепесқызынан
03 қазан 2026 ж. 58 0