«Таза Қазақстан»: елімізде ауқымды акция өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы елімізде қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді абаттандыру және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы ауқымды іске айналды. Бұл бастамаға еліміздің барлық өңірлеріндегі тұрғындар белсенді қатысып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосып келеді.Дүниежүзілік тазалық күніне орай еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жастармен және экобелсенділермен бірге Президент саябағының аумағында ағаш екті.
Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына қатысушылар алдында сөз сөйледі. Президент аталған іс-шараға белсене атсалысып келе жатқан азаматтарға шынайы ризашылығын білдірді.
– Мен осындай игі іске өз үлесін қосып жүрген жастарды нағыз отаншыл азамат деп санаймын. Себебі Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік өз үйіңнен, өз ауылың мен қалаңнан бастау алады. Халқымызда «Бір тал кессең, он тал ек» деген сөз бар. Өнегелі сөз деп айтсақ, артық болмас. Табиғатты аялау, қоршаған ортаға қамқор көзбен қарау – ұлтымыздың болмысында бар асыл қасиет. Бұл – бабаларымыздың бізге қалдырған өсиеті әрі аманаты. Ал жаңа Конституциямыз бойынша осы көзқарас пен іс-шаралар азаматтық міндет болып саналады. Сондықтан біз жаппай бір ел болып бастаған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының қоғамдық және тарихи мәні айрықша. Біз экологиялық мәдениеті жоғары ел болуымыз керек. Тағы да атап өтейін: бұл – мемлекетіміздің Конституциясында айқындалған аса маңызды міндет. «Таза Қазақстан» – жарқын болашағымыздың кепілі. Бұл – жай ғана ұран емес, бұл – шын мәнінде, еліміздің тазалығы өркениетті болашаққа апаратын даңғыл жол деген сөз, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің бұл сөзі «Таза Қазақстан» акциясының тек тазалық жұмыстарымен шектелмей, ел азаматтарының табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қоғамдық бастама екенін айқындай түсті.
Бүгінде республика көлемінде аталған бастама аясында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Экология және табиғи ресурстар министрінің мәліметінше, «Таза Қазақстан» бастамасы жүзеге асырыла бастаған кезден бері 2 мыңнан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, оның аясында 3,8 миллион тонна қоқыс жиналып, 10 мыңдай қоқыс төгетін орын жойылған.
Қызылорда облысында да «Таза Қазақстан» акциясы алғашқы күннен бастап кең қолдау тауып, тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Дүниежүзілік тазалық күніне орай облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған экологиялық акция ұйымдастырылды. Оған Құрылтай депутаттары, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, облыстық басқарма, департамент және инспекция басшылары мен қызметкерлері, еріктілер, экобелсенділер, жастар ұйымдары және студенттер қатысты.
Акцияның негізгі мақсаты – жұртшылықты ортақ іске жұмылдыру, экологиялық мәдениетті дамыту, қоршаған ортаны қоқыстан тазарту және тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау болды. Осыған орай облыстың барлық елді мекенінде және Қызылорда қаласындағы «Қайсар Арена» стадионында жаппай сенбілік өткізіліп, тал егу жұмыстары жүргізілді. Облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы тазалық шарасына қатысушыларға арналған сөзінде «Таза Қазақстан» акциясының өңір үшін маңыздылығына тоқталды.
– Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өңірімізде көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сыр жұртшылығы жалпыұлттық акцияға алғашқы күннен бастап белсене қатысып, туған өлкеміздің тазалығы мен көркеюіне зор үлес қосып келеді. Жыл басынан бері тазалық шараларына 400 мыңнан астам кәсіпкерлер, коммуналдық сала қызметкерлері, еріктілер мен белсенді жастар қатысты. Өңіріміздің климатына сәйкес келетін 88 мыңнан астам тал мен көшет егілді. Тазалық әр үйден, әр ауладан, әрбір елді мекеннен басталады. Сондықтан табиғатты қорғау ісінде мемлекеттік мекемелермен қатар, кәсіпкерлердің, қоғамдық ұйымдардың және әрбір тұрғынның белсенділігі маңызды. Бүгінгі акцияда тазалық жұмыстарын атқарып, сонымен қатар, ағаш көшеттерін егеміз. Баршаңызды туған жеріміздің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға шақырамын, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Экологиялық акция барысында Құрылтай депутаты Ирина Тен де экологиялық жауапкершілікті арттыру және табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті. Өңірде жыл басынан бері тазалық шараларына 328 800 ерікті, қоғам қайраткерлері, бюджет саласының және кәсіпорындардың қызметкерлері қатысты. Осы уақыт аралығында 8741 тонна қоқыс қалдығы шығарылып, елді мекендердегі 510 сквер мен парк, 256 тарихи-мәдени ескерткіш, 1019 әлеуметтік, 1897 өнеркәсіп және бизнес нысаны, сондай-ақ көшелердің бойы тазартылды. Аталған жұмыстарға 548 техника жұмылдырылды.
Облыс бойынша ұйымдастырылған бірқатар іс-шара барысында 12 мыңға жуық адам қатысып, 1750-ге жуық тал егілді. Бұл көрсеткіш Сыр жұртшылығының қоршаған ортаны қорғауға және туған жерді көркейтуге деген белсенділігінің жоғары екенін көрсетті.
«Таза Қазақстан» бастамасы аудан көлемінде де жалғасын тапты. Дүниежүзілік тазалық күніне орай ұйымдастырылған жалпыхалықтық сенбілікке аудан әкімінің орынбасарлары Ерлан Ахетов, Нұржан Ешниязов, аудан тұрғындары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері және түрлі сала өкілдері белсенді қатысты.
Сенбілік барысында аудан көлеміндегі елді мекендерде көшелер, аулалар мен қоғамдық орындар ретке келтіріліп, тазалық жұмыстары жүргізілді. Айналадағы тұрмыстық қалдықтар жиналып, елді мекендердің көркін келтіретін аумақтар абаттандырылды.
Іс-шара аясында «Тал егу» акциясы ұйымдастырылып, елді мекендерді көгалдандыру мақсатында көшеттер отырғызылды. Бұл жұмыстар қоршаған ортаны қорғаумен қатар, елді мекендердің жасыл желегін көбейтуге және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталды.
«Мөлдір бұлақ» акциясы аясында су айдындары мен олардың жағалауларында тазалық жұмыстары жүргізіліп, тұрмыстық қалдықтар жиналды. Су көздерінің айналасын таза ұстау, табиғи ресурстарға ұқыпты қарау мәселелеріне ерекше мән берілді.
«Таза Қазақстан» акциясының басты ерекшелігі – оның халықты ортақ мақсатқа жұмылдырып, тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыруға үндейтіндігінде. Тазалық тек сенбілік кезінде емес, әр азаматтың күнделікті жауапкершілігінен басталады. Өз ауласын, көшесін, ауылын таза ұстаған тұрғын туған жерінің көркеюіне нақты үлес қосады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ











