Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдария ауданы әкімінің орынбасары тағайындалды

Сырдария ауданы әкімінің орынбасары тағайындалды

Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен актив отырысы өтіп, жиында аудан әкімінің орынбасары таныстырылды. Сырдария ауданы әкімінің өкімімен аудан әкімінің орынбасары лауазымына Ахетов Ерлан Дәуітбекұлы тағайындалды.

– Ерлан Дәуітбекұлының тәжірибесі мол, мемлекеттік қызмет салсында нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. Ауданды дамытуға бағытталған жарқын жобаларды жүзеге асыруға аянбай еңбек етеді деп сенім білдіреміз, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Аудан әкімінің орынбасарына ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуын қатаң бақылауға алып, бюджет қаражатын уақытылы әрі тиімді игеру, ауданның кіріс көздерін ұлғайту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді, әсіресе егін, су, жер және мал шаруашылығы бағыттарын тұрақты бақылау жұмыстарын атқару жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.

Ерлан Ахетов 1980 жылы Сырдария ауданында дүниеге келген. Алматы құрылыс және менеджмент колледжінде «Бухгалтер – заңгер», Қызылорда инженерлік – экономикалық институтында «Экономист» мамандықтары бойынша жоғары білім алған.

Еңбек жолын 2001 жылы Қалжан ахун ауылдық округі әкімі аппаратында салықшы болып бастаған. Әр жылдары Сырдария ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің бас маман – бас есепшісі, Сырдария аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы, Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясы талдау бөлімінің бас маман – тексерушісі, Сырдария аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарған.

2017-2019 жылдары Сырдария ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

2021 жылдан бүгінгі күнге дейін Сырдария аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы қызметін атқарып келді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
16 қыркүйек 2026 ж. 88 0