Аудан әкімінің төрағалығымен актив отырысы өтті
Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен актив отырысы өтті. Отырыста бұған дейін аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген Талғат Мейрамханұлы Нұртазаевты басқа жауапты қызметке ауысуына байланысты шығарып салу рәсімі өтті.Аудан әкімі өз сөзінде Талғат Мейрамханұлының ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, экономика, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және басқа да маңызды салалардың ілгерілеуіне қосқан үлесін атап өтті.
– Талғат Мейрамханұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды бағыттарға жетекшілік етті. Оның ішінде, экономика, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, инвестиция тарту, бюджет қаражатының тиімді игерілуі, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру және елді мекендердің экономикалық әлеуетін арттыру мәселелері тұрақты бақылауында болды. Жергілікті жерлердегі мәселелерді шешуге және мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына үлес қосты. Экономика саласында аудан бюджетінің орындалуы, кіріс көздерін арттыру, инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелеріне жауапкершілікпен қарады. Ауыл шаруашылығы саласында егін және мал шаруашылығын дамыту, шаруалардың мәселелерін шешу, егіс науқанын ұйымдастыру, су, техника және басқа да қажетті мәселелерді үйлестіруге атсалысты. Кәсіпкерлікті дамыту бағытында шағын және орта бизнесті қолдау, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану, жаңа жобаларды іске қосу және жұмыс орындарын ашу мәселелеріне көңіл бөлінді. Кәсіпкерлермен тұрақты байланыс орнатып, олардың өзекті мәселелерін шешуге ықпал етті. Жалпы, Талғат Мейрамханұлы өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлесін қосты. Сізге атқарған еңбегіңіз үшін Өзімнің және аудан халқының атынан шынайы алғыс білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Аудан басшысы Т.Нұртазаевты ауданның ең жоғарғы марапаты – "Құрмет грамотасымен" марапаттады.
Актив отырысында аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов сөз сөйлеп, Талғат Мейрамханұлының ауданға атқарған еңбегі зор екенін атап көрсетті.
Өз кезегінде Т.Нұртазаев бірге қызметтес болған әріптестеріне ризашылығын білдірді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі










