Дала күні – 2026»: егінге алғашқы орақ салу рәсімі өтті
Бүгін Шіркейлі ауылындағы «Мәді Қажы» ЖШС-нің егіс алқабына орақ түсті. Егінге орақ салу рәсіміне аудан әкімі Берік Сәрменбаев, қоғам қайраткері, Сырдария және Жалағаш аудандарының Құрметті азаматы Батырбек Мәншарипов, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, ауыл шаруашылығы құрылымдарының төрағалары мен ардагерлер, шаруашылық қызметкерлері қатысты.Аудан әкімі ауыл шаруашылығы саласының аудан экономикасындағы маңызына тоқталып, диқандардың тынымсыз еңбегін атап өтті.
– Сыр күріші – ел ырысы. Осы ел ырысын еселеуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың, Үкіметтің қолдауымен ауданда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде, жыл сайын аграрлы ауданымыз егін шаруашылығы бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Биыл да сырдариялық дала еңбеккерлері күріштен мол өнім жинайды деген сенім бар. Жалпы, биыл ауданда 32 354 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, оның ішінде күріштің көлемі 19 950 гектарды құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде су үнемдеу және суды тиімді пайдалану мақсатында аудан бойынша 16 шаруашылық 38 дана заманауи лазерлік жер тегістегіш техникасымен 17 500 гектар жерге тегістеу жұмыстарын жүргізді. Ауданда Сыр күрішін егетін ірі шаруашылықтардың жұмысы жолға қойылған. Солардың қатарындағы «Мәді Қажы» серіктестігі де ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына өз үлесін қосып келеді. Шіркейлі ауылының егінжай ерлері тынымсыз еңбек етіп, Сыр дақылының күтімін жасады. Серіктестікте биыл 1000 гектарға күріш егіліп, 1000 гектар жоңышқа алқабы күтімге алынған. Шіркейлілік диқандар ала жаздайғы еңбектің өтеуін көретін алтын күзге жарқын көңілмен жетті. Бүгінгі алғашқы орақ – маңдай термен атқарылған жұмыстың нәтижесін айқындайтын маңызды кезең. Дала еңбеккерлерінің еңбегі еселеніп, науқанды науқанды табысты аяқтайтынына сенім білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Іс-шара аясында ауыл шаруашылығы өнімдері және жеке кәсіпкерлер көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, халқымыздың салт-дәстүрі мен ұлттық мәдениетін дәріптейтін көрмелер жасақталып, онда қазақ халқының дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі мен жөн-жоралғылары кеңінен көрсетілді.
Дала күні іс-шарасында қоғам қайраткері, Сырдария және Жалағаш аудандарының Құрметті азаматы Батырбек Мәншарипов сөз сөйлеп, дала еңбеккерлерін жаңа егін орағының басталуымен құттықтады. Мерекелік іс-шарада ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа аудан әкімінің "Алғыс хаты" табысталды.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі









