«Дала күні – 2025»: күрішке алғашқы орақ салу рәсімі өтті

-«Егін өсіру – жұмыстың жарты бөлігі ғана. Оны соңғы дәніне дейін жинау одан да маңыздырақ» деп дала академигі Ыбырай Жақаев айтқандай, ала жаздайғы маңдай тердің нәтижесін көретін кез келіп жетті.
Сыр күріші — елдің берекесі, ырысы. Соңғы жылдардағы су тапшылығы диқандарымызға оңай соқпағаны белгілі. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен, Үкімет басшысы мен облыс әкімінің қолдауымен Сырдария өзенінің жоғарғы ағысындағы мемлекеттермен келіссөздер жүргізіліп, салаға нақты қолдау көрсетіліп келеді.
Ауданда ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамуда. Жыл сайын аграрлы ауданымыз егін саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде. Биыл да сырдариялық еңбеккерлер мол өнім алатынына сенім мол, - деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Жалпы, биыл аудан көлемінде 33 145 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде 19 950 гектарға күріш егілді. Суды үнемдеу және тиімді пайдалану мақсатында 13 шаруашылық 31 дана заманауи лазерлік жер тегістегіш техникасымен 16 000 гектар жерді тегістеу жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар жаңбырлатып суару әдісімен 150 гектар жерге күнбағыс дақылы егілді. Күзгі егін жинау науқанына барлығы 900-ден астам техника қатысуда.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында соңғы екі жыл көлемінде бақша дақылдарын егуге ерекше көңіл бөлінуде. Биыл аудан бойынша 800 гектар жерге 1640 отбасы картоп, көкөніс және бақша өнімдерін егіп, алғашқы нәтижесін көріп отыр.
Сыр күрішін егетін ірі шаруашылықтардың бірі – «БАҚ» шаруа қожалығы әрдайым алдыңғы қатардан табылып келеді. Биыл шаруашылық 460 гектар күріш пен 368 гектар жоңышқаның өнімін жинады.
Қалжан ахун ауылының диқандары да несібесін жерден теріп, алтын күзге жарқын еңбегімен жетті.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі