ДАМУЫ ДАҢҒЫЛ ЖОЛҒА ТҮСКЕН ӨҢІР
Биылғы жартыжылдық облысымыз үшін табысты болды. Барлық макрокөрсеткіштер бойынша жағымды оң динамикаға қол жеткізілген. Бұл туралы 18 шілде күні өткен облыстық мәслихаттың кезекті ХХІ сессиясында облыс әкімі Қ.Көшербаев мәлімдеді. Аймақ басшысы өз хабарламасында алғашқы жартыжылдықтың жетістіктерін баяндап, алдағы міндеттерді саралады.
Өзіне жүктелген міндеттер мен функциялардың орындалуы тұрғысында баяндама жасаған өңір басшысы алдымен 2017 жылғы жалпы өңірлік өнім өндірудің қорытындысына тоқталды. Бұл көрсеткіш – аймақтың барлық сала бойынша экономикалық іс-қимылының жылдық қорытынды нәтижесі екенін атап айтты.
2017 жылы облыста жалпы құны 1,5 трлн. теңгенің өнімі шығарылған, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 0,8%-ға көп. Жалпы өңірлік өнім бойынша соңғы 4 жылда аймағымыз алғаш рет оң векторға шығып отыр. Бір ғана өңдеу өнеркәсібі саласының өндіріс көлемі осы жылдары 56%-дан асып түскен. Яғни, соңғы жылдары көмірсутегі және уран өнімдерінің бағасы түсіп кеткеніне қарамастан, жақсы өмір сүріп, қарқынды дамуға болатыны дәлелденіп отыр. Қазір өңір экономикасының көмірсутегі шикізатына тәуелділігі едәуір азайып, айтарлықтай төмендеген.
Мұнан соң аймақ басшысы биылғы жартыжылдықтың табысына тоқталып, көрсеткіштерді тізбектеді. Атап айтқанда, инвестициялар көлемі (117,2%), құрылыс жұмыстары (115,9%), ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру (102,7%) және өңдеу өнеркәсібі көлемі (100,5%) артқан. Ал, өңдеу өнеркәсібі саласындағы еңбек өнімділігі биылғы бірінші тоқсанның өзінде 10%-дан асса, шикізаттық емес өнім экспортының көлемі 2,7 есеге көбейіп отыр. Өнеркәсіп өндірісі мен тұрғын үй беру бойынша көрсеткіш аз болғанымен жыл соңына дейін жоспарлы жұмыстар толығымен орындалмақ.
Индустрияландыру бойынша облыс орталығында бой көтерген шыны зауытының құрылысы ағымдағы жылдың IV тоқсанында аяқталып, желтоқсан айында Елбасының қатысуымен өтетін телекөпір барысында зауыт пеші іске қосылмақ. Бұл жұмыстар шілде айына жоспарлаған болатын. Алайда, инвесторлар арасындағы мәселелердің себебінен зауытты іске қосу мерзімі кейінге шегерілген. Осыған қатысты аймақ басшысы Қытайдың шыны өндіретін зауыт салудан мол тәжірибесі бар трансмемлекеттік «Чайна Триумф» компаниясы шыны зауытының құрылтайшылар құрамына өткен айдан бастап кіргетін атап өтті. Енді бұл компания жоғары технологиялық зауыт құрылысына инвестор ретінде қатысып, смартфондар мен планшеттердің күн сәулесінен қорғайтын панельдеріне арналған аса жұқа және өте мөлдір шыны жасап шығаруды да көздеп отыр. 150 миллион АҚШ долларын құрайтын бұл жобаны Қызылорда облысының индустриялық аймағында жүзеге асыру жоспарланған. Сондай-ақ, жылдық қорытынды телекөпірінде Мемлекет басшысына тампонажды цемент өндіретін зауытты іске қосу да ұсынылатын болады.
– Облысымыздың қашаннан аграрлық өңір екендігін ескерсек, жұмыстың келесі бір ірі ауқымы ауыл шаруашылығын дамыту бойынша жүргізіледі. Осы орайда, облыстың аграрлық секторы дамудың жақсы қарқынын көрсетіп отырғанын атап көрсетуіміз керек. Соңғы жылдары (2013-2017 жж.) облыстың Жалпы өңірлік өнім құрылымында ауыл шаруашылығының үлесі 2,5%-дан 3,7%-ға дейін артты, бұл өңір экономикасы құрылымында сапалы өзгерістер бар екендігін көрсетеді, – деген өңір басшысы жыл сайын мал басын арттыру мен мал шаруашылығы өнімдері көлемін ұлғайтуға қол жеткізіліп, енді заманауи ет комбинаттары, сүт зауыттары, құс фабрикалары қажет екендігіне тоқталды. Ағымдағы жылы осы салаларды дамыту бойынша бірқатар жобалар іске асырылмақшы. Атап айтқанда, жыл соңына қарай Қызылорда қаласында ет комбинаты құрылысы басталмақ («Сыр Маржаны» ЖШС). Бұл кәсіпорынға шикізат жеткізу үшін жобалық офис аясында «якорлық кооперация» қағидаты негізінде, яғни, өнімдерді сатуды қамтамасыз ететін, ірі бордақылау алаңдары бар, әлеуеті шағын және орта фермерлерді біріктіре отырып, ет өндіру бойынша аймақтық кластер құру жоспарлануда. Бұл мақсатта облыста (Қазалы, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласында) мал өсірумен айналысатын шағын және орта ферма қожалықтарын тарта отырып, 7,5 мың бас малды бір мезгілде бордақылайтын (олардың 2-і ӘКК қатысуымен) 3 бордақылау алаңы құрылған.
Өз баяндамасында Қырымбек Елеуұлы тағы бір маңызды бағыттарының бірі – суармалы жерлердің су шаруашылығы инфрақұрылымын қалыпқа келтіру мәселесін де айтып өтті. Бұл тұрғыда, бүгінде Қызылорда облысы бойынша ирригациялық және дренаждық инфрақұрылымның нашарлауы салдарынан суармалы жерлердің төрттен бір бөлігі пайдаланылмай отырғандығын атап айтты. Аймақтың Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқандығын және жоғарыда орналасқан көрші мемлекеттердің шешімдеріне толықтай тәуелділігімізді ескеретін болсақ, ирригациялық және дренаждық жүйелерді жаңғырту стратегиялық сипатқа ие болады және биылғы жылы өңірде су тапшы болып отыр. Сондықтан бірнеше жылдар бойы судың қажетті көлемімен қамтамасыз етілген 188 мың га суармалы жерді қалпына келтіруге бағытталған үш жобаны жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыс жасалуда екенін жеткізді.
Мұнан бөлек, аймақ басшысы аграрлық-өнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста «Қараөзек» және «Күміскеткен» су қоймасы құрылысының мәселелері әзірленуде екенін айтты. Мұндағы «Қараөзек» су қоймасы 1,5 млрд. текше метр суға дейін жинақтайды, яғни, жыл сайын Үлкен Арал теңізіне қайтарымсыз жіберіліп жатқан, су аз кезеңде егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етуге болатын 3 млрд. текше метр судың жартысын сақтауға мүмкіндік береді. Осыған қатысты үстіміздегі жылы жобаның техникалық-экономикалық негіздерін (РБ) әзірлеу аяқталып, жобаның тікелей өзін (ЖСҚ) әзірлеу басталмақшы.
Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында кәсіпкерлік саласы үлкен рөл атқарады. Оның үстіне, биылғы жыл өңірімізде «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» болып жарияланды. Осыған орай, кешенді «Жол Картасы» әзірленіп, соның нәтижесінде ағымдағы жылы барлық қаржы көздерінен кәсіпкерлікке 32 млрд. теңгеден астам қаржы бөлу көзделіп отыр.
– Өткен маусым айында облыстың барлық аудандарын жұмыс сапарымен аралап шығып, аудан басшылары мен жауапты кураторлардың шағын кәсіпкерлікті дамыту жоспарларымен танысып, жұмыстарын тыңдадық. Айта кету қажет, қабылданған шаралардың алғашқы нәтижелері байқалуда. Ағымдағы жылы облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілер 11 пайызға көбейді. Аталған көрсеткіш бойынша Қызылорда облысы аймақтар арасында көш бастап тұр, – деген облыс әкімі халықты жұмыспен қамту мәселесінде кәсіпкерлікті дамыту, оқыту және басқа да белсенді шаралар арқылы шешуге ықпал етуге күш жұмсалып жатқанын жеткізді.
Мемлекеттік бюджеттің артуы экономикадағы оң жетістік екені айқын. Өткен жылмен салыстырғанда үстіміздегі жылы мемлекеттік бюджетке салықтар мен төлемдер түсімі 34%-ға артқан. Оның ішінде, жергілікті бюджет көлемі 48%-ға көбейген. Бүгінгі таңда облыс бюджеті 250 млрд. теңгеден асып түскен. Жыл басында бекітілген бюджеттің көлемі 220 млрд. теңге екенін ескерсек, мұндай көрсеткіш облыс бюджеті тарихында алғаш рет болып отырғанын аймақ басшысы үлкен жетістік деп бағалады. Бұл өз кезегінде әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік берді. Мәселен, ауылдық елді мекендерде жолдар мен көшелер жөнделген, Қызылорда қаласында сол жағалауды дамыту қолға алынған, шағын және орта бизнесті дамытуға, оның ішінде «Байқоңыр» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын кластерлік дамытуға, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамытуға, салаларды цифрландыруға қаржы бөлінген. Нәтижесінде, маңызды деген бірқатар мәселелер өз шешімін тапқан.
Баяндама барысында білім, денсаулық, мәдениет саласындағы атқарылған жұмыстарды, жетістіктерді атап өткен өңір басшысы биылғы Астананың 20 жылдығына Сыр елінен тамаша тарту жасалғанын тілге тиек етті. Астананың сол жағалауында Елорданың 20 жылдық мерейтойына арнап Қызылорда облысы жасаған және Астананың тұрғындарына сыйға берілген зымырандық-ғарыштық техника экспозициясының, ашық аспан астындағы өзіндік ерекше музейінің ашылуы жарқын оқиға болғанын мақтанышпен айтты. Сол үшін Елбасы Сыр жұртшылығына алғыс білдірді.
– Үстіміздегі жылдың 11 шілдесінде біз Мемлекет басшысынан Астананың мерейтойына байланысты құттықтау алдық. онда Елбасымыз Сыр елінің барлық тұрғындарына Елордаға жасаған ерекше сыйлығы үшін, Астана қаласының гүлденуі мен дамуына қосқан қомақты үлесі үшін алғысын білдірді, – деді облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы.
Сонымен қатар, есепті баяндамада аймақ басшысы облысты газдандыру жұмыстары жалғасуда екенін жеткізді. Бүгінде Қармақшы ауданының Жосалы кентінде автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы аяқталып, кварталаралық газ құбырларының құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ал Сырдария және Жалағаш аудандарында газ тарату стансасын орнатуы мен жобаның іске асырылуына республикалық және облыстық бюджеттен ағымдағы жылы 1,2 млрд. теңге бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған.
Мұнан кейін цифрландыру бағытына тоқталған өңір басшысы ағымдағы жылдың 22 маусымында «Цифрландыру: өңірді дамытудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында ІІІ Халықаралық Интернет-форум өткенін атап айтты. Оған Ресейден, оның ішінде Татарстаннан, Қытайдан, Белоруссиядан, Украинадан, сонымен қатар, цифрландыру саласы бойынша әлемнің алдыңғы қатарлы компаниялары – «Huawei» (Қытай), «Dell» (АҚШ), «Сколково» (РФ) және т.б. өкілдері қатысқан. Форум нәтижесінде, IT-жобаларды жүзеге асырудағы ынтымақтастық туралы Халықаралық «Astana Hub» стартап-хабы, «Smart city» технологиясын енгізу бойынша Беларустық «Какаду Девелопмент», сондай-ақ, цифрландыру бойынша Қазан қаласындағы ресейлік «Барс Групп» және қазақстандық «Транстелеком» компанияларымен меморандумға қол қойылыпты. Сонымен қатар, осы бағытта ағымдағы жылдың аяғына дейін облыста 37 жобаны іске асыру жоспарда екенін атап, электронды жүйеге көшірілген салаларға тоқталып өтті.
– Аймақты дамыту бағдарламасында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сипаттайтын жылдың соңына дейін қол жеткізуге тиіс 121 индикатор қаралғанын айтқым келеді. Барлық осы сан-алуан жұмыстың нәтижелерін қорытындылайтын ең негізгісі, бұл өңірлік өнімнің физикалық көлемінің индексі болып табылады. Оны 100,4%-ға жеткізу – 2018 жылға міндет. Ағымдағы жылдың 6 айының нәтижелерін талдай келе, бұл міндет күрделілігіне қарамастан қолдан келетіні сөзсіз, – деді облыс әкімі баяндама қорытындысында.
Сессияның күн тәртібінде 18 мәселе қаралған. Соның негізінде, баяндамалар жасалып, халық қалаулыларының ұсыныс-пікірлері тыңдалып, тиісті шешімдер шығарылған.
Е.БЕРКІНБАЕВ
(Суреттер «Қызылорда
облысының әкімдігі» фейсбук
парақшасынан алынды)
Пікір 1