Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолдың жайын жүрген білер...

Жолдың жайын жүрген білер...

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Шаған ауы­лына арнайы барып, Ғани Мұратбаев кө­ше­сінде атқарылып жатқан құ­ры­лыс жұмысының барысымен танысты. Аудан басшысы жөн­деу жұмысының сапасына, құры­лыс қарқынына және бел­гіленген мерзімнің сақ­талуына ерекше назар аударып, жауапты мекемелерге нақты тап­сырма жүктеді.

Жалпы құны 209,8 миллион тең­гені құрайтын жоба ауылдың көлік инфра­құрылымын жақсартуға бағытталған. Құры­лыс жұмысын «Р и А Сервис ЛТД» ЖШС жүзе­ге асырса, техникалық қадағалауды «Абы­лайхан АА» ЖШС жүргізуде. Өз кезе­гінде жобаның сапалы әрі талапқа сай орындалуына мердігер мекеме тікелей жауапты.

Жоба аясында ұзындығы 1,3 шақырымды құрайтын Ғ.Мұратбаев көшесі мен оған жалғасқан жаяу жүргіншілер жолына күр­делі жөндеу жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін жолдың негізін дайындау мақсатында қиыршық тас төселіп, жаяу жүргіншілер жолына бордюрлер толық орнатылған. Қазіргі таңда көше мен жаяу жүргінші жолына асфальт-бетон жабындысын төсеу жұмысы қарқынды жүйелі түрде жалғасын табуда.

– Шаған – аудандағы іргелі елді мекеннің бірі. Мұнда 5 мыңға жуық тұрғын бар. Тереңөзек кентінен кейінгі ең үлкен ауыл саналатын елді мекенде әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан маңызды бірқатар нысан орналасқан. Сондықтан ауылдың орталық көшелерінің сапалы болуы – тек көлік қозғалысы үшін ғана емес, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне, мектепке, балабақшаға, емханаға және басқа да әлеуметтік нысанға қауіпсіз қатынауына тікелей ықпал етеді. Елдің игілігі үшін жүзеге асырылып жатқан әрбір жоба сапалы орындалуы қажет. Жол – тұрғындардың күнделікті пайдаланатын маңызды инфрақұрылым нысаны. Сондықтан құрылыс барысында белгіленген талаптың барлығы сақталып, ауқымды жоба уақытылы аяқталуы тиіс. Біз үшін ең бастысы, халықтың қауіпсіздігі мен жайлылығы. Әрбір бюджет қаражаты тиімді игеріліп, ел игілігіне қызмет етуі керек, – деді аудан әкімі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елді мекен­дердің инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау бағытында ауданда жүйелі жұмыс бар. Соның нақты көрінісі – Шаған ауылындағы аталған жоба. Алдағы уақытта мұндай игілікті жоба кезең-кезңімен жалғасын таба бермек.

Б.ОРДАБЕКОВ
28 шілде 2026 ж. 66 0