Кішкентай оқырман
Әлеуметтік желіде 24 сағат қана сақталатын сурет, видео жүктеу қызметі бар. Кейде парақтап отырып, біраз «жаңалыққа» тұшынасың. Осындайда керемет бір көрініске куә болдым. Анасы баласының алдына газетті жайып қойып, ынта-шынтасымен оқып отырған видеосын жүктеген екен. Шынымды айтсам, ғаламтор торлаған қазіргі кезеңде және жазғы демалыста газет оқып отырған кішкентай бүлдіршінді көріп, көңіл қуанды. Анасымен тілдесе кеттім.«Кітап оқымағанды болашақта кітап оқығандар басқарады» деген сөз еріксіз ойыма оралды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Газет-журнал оқу – жас кезімнен қалыптасқан дағды. Мен ақпарат кеңістігіндегі үрдістерді жіті қадағалап отырамын. Жазбаша мәтіндердің мән-маңызын төмендетуге болмайды. Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді» дегені және еске түсті. Болашағынан зор үміт күттіретін кішкентай оқырманның есімі – Шах Керім Жұбаныш.
– Газет – күнделікті өмірдің шежіресі. Мерзімді баспасөз құралдарына түгел жазылып алғанбыз. Әсіресе, аудандық газетті міндетті түрде отбасымызбен оқып шығамыз. Шах Керімнің атасы да «газет келді ме?» деп үнемі сұрап жүруші еді. Атамыздың жақсы қасиетін кішкентайларға үлгі етіп, бүгінде балама газет оқыту дағдысын қалыптастырып келеміз. Үйде әжесі де, әкесі де үнемі баспасөзді оқып, талқылап отырады. Ал бала көргенін істейтіні рас. Кешегі нөмерде шыққан футбол жайлы, «Жүз теңгенің құны» секілді мақалаларды қызыға оқыды. Соны түсіріп алған едім, – деді анасы Береке әңгімесін жалғап.
Расында, балаға тәрбиені сөзбен емес, іспен көрсетудің маңызы зор екеніне тағы бір дәлел. Қазіргі таңда көп ата-ана «мына бала телефонға телміреді де отырады» деп кінәлап жатады. Десе де, тәрбие – тал бесіктен екенін ұмыт қалдырады. «Бала нені көрсе, білсе ұядан, өле-өлгенше соны таныр қиядан» дейді. Заман қарыштап дамыған сайын ақпарат айдыны кеңейіп, әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұрған жайы бар. Осы орайда газеттің заманын «біттіге» балап жүргендер де кездеседі. Бірақ қағаз газеттің құны, мәні, маңызы, іздеушісі толастамақ емес. Ата-ана оқыса – бала оқиды, ұрпақ оқыса – ұлт жоғалмайды. Міне, сөзімізге дәлел – ертеңінен үлкен үміт күттіретін Шах Керім Дарханұлы.
– Өзіміз де бала кезімізде газет-журналды күтіп, әр санын жібермей оқып өстік. Балам да газетті қызығушылықпен оқиды. Күнде бірнеше тақырыпты таңдатып, дауыстап оқып беруін сұраймын. Өзім білім саласында қызмет еткендіктен, балаларды демалыс уақытында да оқытуға тырысамын. Білгенін бекітеді, білімі кеңейеді. Негізі ұялы телефонның көп зияны бар. Пайдалы тұсы да жеткілікті әрине. Бірақ балаға күнұзаққа беріп қоюдың қажеті жоқ. Бұл жағынан Шах Керімнің әкесі балаларды қатаң бақылайды. Ұялы телефонды тек шектеп қана ұстатады. Әрине, бос уақыты көп болған соң қиялын дамытып сурет салады, газет оқиды, көркем жазуды үйренеді, – дейді Береке Әбсаттарқызы.
Кішкентай оқырманымыз Шах Керім – мәдениет саласының майталманы Жұбаныш Разақовтың немересі. Әкесі Дархан Жұбанышұлы – бүгінде әке жолын жалғап, ауданымыздың руханиятын дамытуға үлесін қосып келеді. «Әке көрген оқ жонар» демекші, тәлім мен тәрбиені қатар алып жүрген бүлдіршін небәрі 3-сыныпқа аяқ басты. Шахматқа, футболға ерекше қызығушылық танытатын зерек оқушының мектептегі ұстазы Жанат Шаймерденқызы оқушының математикаға, есепке жүйрік екенін айтады. Сондай-ақ Шах Керім өткен оқу жылында «Зерде» ғылыми жобасының облыстық кезеңінен 3-орынды жеңіп алған. Қатарластарынан оза шауып жүрген батырдың шахматтан, сурет сайысынан алған дипломдары да бар екен. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген атқа лайық ер жетіп келе жатқан ол өлеңді де жақсы айтады.
Әлеуметтік желі мен ақпараттық технологиялар құндылықтың орнын ауыстыра алмайды. Керісінше, даму мен алға жылжудың, өркендеудің түбірі – осы сауаттылықтан, кітап, газет-журнал оқудан қол үзбеуде жатыр. Әлбетте оқудың маңызы айтпаса да түсінікті. Бұл тұста ең бірінші ақпарат сенімділігін айтып өтуге болады. Одан кейін көпшілікке ең керегі – сауаттылық. Әлеуметтік желідегі кей жазуларға қарап, қызыл қаламмен шимайын шығарғың келеді. Бірақ ең қорқыныштысы, бұл көпшілік үшін үйреншікті нәрсеге айналып бара жатыр. Газеттің гаджет ауыстыра алмайтынына тағы бір дәлел бұл. Газет – қатталған тарих. «Өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың күндік» газет-журналды ұрпағымызға оқытсақ, сауатты, болашағы зор ұлт қалыптастыруға өзіндік үлесіміз болары сөзсіз.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ









