Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№93 газет

06 желтоқсан 2025 ж.

№92 газет

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 газет

29 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Қолдаушысы бар басылымның болашағы жарқын

Қолдаушысы бар басылымның болашағы жарқын

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Газет-журнал оқу – жас кезімнен қалыптасқан дағды. Мен ақпарат кеңістігіндегі үрдістерді жіті қадағалап отырамын. Жазбаша мәтіндердің мән-маңызын төмендетуге болмайды. Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді» деген болатын.

Иә, ақпарат тарату қарқын алып тұрған кезеңде мерзімді басылымдардың рөлі зор. Осы орайда 2026 жылдың алғаш­қы жартыжылдығына газетке жазылу науқаны қарқынды жүргізілуде.

Қоғам қайраткері, ғасырдан аса тарихы бар «Қазақ» газетінің екінші тынысын ашқан жазушы Қоғабай Сәрсекеев «Қазақ» газетінің бас редакторы болып тұрғанда газет шыққан күні Алматы көшелеріндегі дүңгіршекке арнайы барып, кеше өзі баспаханаға жіберген газетті сатып алып оқиды екен. Бұл – газетке ғана емес, ұлтқа, тілге, руханиятқа жасалған құрмет, қамқорлық болса керек.

Әдетте біз газетке жазылу нау­қанында алғашқы болып межені то­лық орындаған мекемелерді газетке шығарып, ақпараттық қолдау көрсетеміз. Сондай-ақ аудандық газетті жыл сайын тұрақты түрде қолдап, демеушілікпен еңбек ардагерлерінің мекенжайына тегін газет жазып беретін атымтай жомарт жүректі жандар бар. Біз олардың еңбегін жоғары бағалап, төл басылым арқылы тілектестігімізді білдіріп отырамыз.

2026 жылға газетке жазылу науқаны басталғалы төл басылымға жанашырлық танытқан ел азаматтары Ғалым Абызбаев, Бақдәулет Мақашевқа газет оқыр­мандары атынан алғысымызды біл­діреміз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, көптің қолдауымен газетіміздің беделі биіктей түседі. Жанашыр жандар, тұрақты оқырманы мен қолдаушысы барда газеттің мерейі үстем болары сөзсіз.

Сыр өңіріне белгілі қайраткер, Сырдария ауданының құрметті азаматы СССР Журналистер одағының мүшесі, аудандық газетте өзіндік ізі мен қолтаңбасы қалған ғибратты ғұмыр иесі Абызбай Маханбетовтің ұлы Ғалым Абызбаев – аудандық газеттің тұрақты оқырманы әрі қолдаушысы. Бүгінде ауқымды «Ком-мұнай» компаниясының директоры жыл сайынғы үлгілі үрдісті жал­ғастырып, аудандағы 50 еңбек арда­герінің мекенжайына газет жаздырып берді. «Қолдан келген көмекті сүйікті газетіміз үшін жасауға тырысамыз» дейді Ғалым Абызбаев. Айта кетейік, Абызбай ағай аудан жаршысының халыққа уақытылы жетіп, сапалы шығуына, газеттің бүгінгі келбетінің қалып­тасуына қиын кезеңдерде үлес қосқан. Бүгінде арда азаматтың ұрпақтары аудандық газет редакциясының ұжымымен ұдайы байланыс орнатып, басылымға тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. Бұл өз кезегінде көпшілікке үлгілі іс деп, жоғары бағалаймыз.

Ал «Жан-Арай» серіктестігінің ди­рек­торы, Қызылорда облысының құрметті азаматы, Сырдария ауданының құр­метті азаматы, меценат Бақдәулет Мақашевтің есімі облыс, республика көлемінде белгілі. Бұған дейін де мұқтаж жандарға қайырымдылық көмек көрсетіп, жанашырлық танытып жүрген азаматтың игі істерінен көпшілік хабардар. Жақында абзал азамат сырдариялық 60 еңбек ардагерінің мекенжайына ау­дан­дық газетті тегін жаздыртып беріп, көпшіліктің алғысын арқалады. Кәсіп­керліктің кө­шін өрге сүйреп келе жатқан Бақдәулет Еркінбекұлы жыл сайын ауданның айшықты басылымына тұрақты қолдау көрсетіп, ұлт руханиятына қамқорлық көрсетіп келеді. «Сыр өңірінің дамуына қолымыздан келгенше өз үлесімізді қосып келеміз. Бұл – біздің азаматтық парызымыз» дейді жомарт азамат.

«Жақсының жақсылығын айт, нұ­ры тасысын» демекші, үлгілі үрдісті жер­­гілікті азаматтар мен кәсіпкерлер жал­ғастыруда. Атап айтқанда, «Ризық» дүке­­­нінің иесі Айгүл Өмірсерікова 2 адам­­ға, «Жаннұр» сауда дүкенінің иесі Марал Жеткергенов пен Салтанат Қожамұратова 5 адамға, төтенше жағдайлар бөлі­мінің мамандары 2 ардагерге, жас ұстаз Заманбек Аманбеков 3 ардагердің үйіне аудан жаңалықтарының уақытылы жетіп отыруына себепкер болды. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, демеушілік көрсетіп, төл басылымды қай кезде де қолдаған жанашырларға шынайы алғысымызды білдіреміз. Жалпылай айтқанда бұл да қайырымдылыққа жатады. Ал газеттің сөзі мың жылдық екенін ескерсек, бұл газетті әр адам оқып, жаңа ой түйген сайын, сауабы еселенбек.

«Аудандық газетті үзбей оқимын. Төл газетке жазыл­май қалай оты­рамыз?! Өр­кен­дерің өсіп, жа­пырақтарың жа­йыл­­­сын! Ойлы оқыр­ман олжасына жасап жатқан жұмыстарың жемісті болсын» деп ақ батасын берді газеттің тұрақ­ты оқырманы, ардагер-ұстаз Алтын Нұртаева.

«Бұған дейін де өз орны бар газеттің дизайны ерекше көзге түседі. Қазір ақпарат таратудың жылдамдығы күннен күнге артуда. Сол жүйеден қалыс қалмай, тұрғындар үшін еңбек етіп жүрген редакция ұжымына ризамын. Әр жазылу науқаны басталғанда аталған газетке міндетті түрде жазыламын. Өзім газеттің электронды нұсқасын қарайтындықтан, газетті өзгелер де оқысын деген ниетпен басқа мекенжайға жаздырамын» дейді шынайы пікірін білдірген газет жанашыры Жадыра Бағдатқызы.

Бұл – басылым жайлы жылы пікір­лердің бірсыпырасы ғана. Қолдаушысы мен тұрақты оқырманы барда газеттің құны шарықтап, мазмұны арта берері сөзсіз.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ



06 желтоқсан 2025 ж. 17 0