Әр нөмірін асыға күтеміз
Газет – халықтың көзі мен құлағы, тілі һәм тұнған тарих. Бүгінгі таңда ақпараттық кеңістік көлемі ауқымды. Елімізде қандай жаңалық болса да, жер-жерден жылдам хабар алуға мүмкіндік зор. Бұл ретте, халықты ақпаратпен уақытылы құлақтандырып отырған журналистердің еңбегі ерен.
Қазір әлеуметтік желі мен ғаламтор кең өріс алып отырғаны жасырын емес. Халық арасында «газет оқылмайды» деген ой да кездеседі екен. Меніңше, бұл – жаңсақ пікір. Себебі, газет беттерін құшырлана парақтап отырып, көзбен көріп, қолмен ұстап оқығанға ештеңе жетпейді.
Мен аудандық газеттің бірде-бір санын жібермей оқимын. Мерзімді баспасөзге жазылу уақытында редакцияға арнайы барып, қажетті басылымдарыма жазылып аламын. Газеттің әр санын ынта-ықыласпен күтіп, әр бетін ден қойып оқып шығамын. Біз білетін, салада ұзақ жылдан бері еңбек етіп жүрген жазушы-журналистермен қатар қазір жас мамандардың да тұшымды мақалаларын оқып, газет жолын жалғар буынның жетіліп келе жатқанына шын қуанып, тілектестік білдіріп отырамын. Әлеуметтік желі мен жедел ақпарат көздері қанша жерден дамығанымен, газет-журналдың әркез өзіндік орны жоғары. Басылымды басқа ақпарат көздерімен, «арқалағаны алтын болса да, жегені жантақ» журналистің еңбегін өзге «жазушылармен» салыстыруға келмейді.
Маусым айының 28 жұлдызы – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Пікір беріп, тілек білдіруіміздің де басты себебі осы. Қалам ұстап, сөз қадірін асқақ еткен, ой қуалап, шымыр дүние жазып шығаратын, аудан айнасына айналған басылым қызметкерлері – журналистердің еңбегі еселі, қызметтері қауырт. Қиын салада елеулі еңбек етіп жүрген жандарды атаулы күнмен шын жүректен құттықтаймын. Шығармашылық табыс, елеулі абырой, отбастарыңызға қуаныш, бақ-дәулет тілеймін.
Байырбек ӘМІРБЕКОВ,
еңбек ардагері