Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Беделі биік басылым

Беделі биік басылым

Газет оқу мәдениеті – талғамы жоғары оқырманның талабы. Газет оқу – зиялылықтың белгісі. Қазіргі таңда «газет оқи бермейміз», «баспасөз басылымдары қолданыстан шығады» деген сыбыс-пікірді жиі естиміз. Бірақ дамыған елдердің тұрмысына назар салсақ, ауқатты, зиялы адамдардың күні газет парақтап, жаңалықтармен танысудан басталатын әдемі көрініс жиі кездеседі.

Газеттің өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың күндік. Бетте қатталып, жылнамалар жазылған иісі ерекше парақтар тарих қойнауына енеді. Ақпарат алмасудың заманауи тәсілдері көп болғанымен, газет бетіндегі шынайы ақпарат, байыпты сөз, нақты тұжырымды алмастыра алмайтыны анық.

Аудан айнасына айналып, республика көлеміндегі маңызды мәселелерден бастап аудан көлеміндегі жаңалықты оқырман қауымға уақытылы жеткізіп отыратын «Тіршілік тынысы» газетінің оқырманымен жасасып келе жатқанына – 85 жыл. Бұл күнде аудандық газеттің тұрақты оқырманы қалыптасқан. Оның ішінде егде жастағы кісілерден бастап мектеп оқушыларына дейін бар. Редакцияға арнайы келіп, жазылып, тілшілермен тығыз қарым-қатынас орнататын жанашырлар да жеткілікті.

Үлкен кісілер жағы үйдегі келін-бала жазылса да, өз аттарына газетті арнайы жаздырып алғысы келіп, жазылу науқанында редакцияға көптеп келеді. Ал жастар үшін сенбілік бет, кәсіпкерлер беті, поэзия, проза сияқты арнайы шығарылымдар ұнайды. Мектеп оқушылары «Рауан» балалар шығармашылығы бетінің кезекті шығарылымын сұрап, хабарласып жатады. Бұның бәрі – өмірін жазуға арнаған журналист үшін зор мәртебе, үлкен қуаныш. «Журналистің жұмысқа баратын уақыты белгілі, қайтатын уақыты белгісіз» деген сөз бар. Сол айтпақшы, көз майы таусылып, күн мен түнге қарамай ағартушылық бағытта жұмыс істейтін сала мамандарының еңбегі оқырман пікірімен бағаланатыны анық.

Осы ретте кішігірім статистика жасап, оқырмандар арасынан ең көп газет оқитын ұйымдарды анықтадық. Ең көп газет Шаған ауылдық округіне жеткізіледі екен. Төрт мыңнан астам халқы бар ауыл тұрғындарының 300-ден астам тұрғыны тек «Тіршілік тынысы» газетіне жазылған. Одан кейін «Көп оқитын ауыл» аталымы бойынша Нағи Ілиясов ауылы мен Ақжарма ауылдық округі тізімді жалғастырды. Ал мекемелер арасында Сырдария аудандық ауруханасы ең көп жазылушыларымен көш бастап тұр. Бір ғана мекемеде 275 «Тіршілік тынысы» оқырманы бар. Бұл газетке жазылу бойынша ғана жүргізілген есеп екенін еске сала кету орынды. Сәйкесінше, газет тілшілері де аудандық аурухана ұжымына әркез ақпараттық қолдау көрсетіп келеді. «Ең көп газетке жазылған мекемелер» тізімін «Өркен-Сырдария» ЖШС, одан кейін Ішкі істер бөлімі мен кент әкімдігі жалғастырады. Ал білім беру ұйымдары бойынша аудандағы №210 орта мектебі ұжымы көш бастайды. Одан кейін тізімді №137 С.Сейфуллин ауылдық мектебі, №126 Қалжан ахун ауылындағы білім ордасы жалғастырады.

Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дейтін даналық сөзі өз маңызын жойған жоқ. Халық пен тарих барда, сөз құны яки басылым құны жойылмақ емес. Газет оқырманымен құнды. Ал тілшілер қағаз басылым арқылы әлі де талай ұрпаққа бағыт-бағдар береді.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

23 наурыз 2024 ж. 253 0