Партия филиалының ұжымы жергілікті газетке қолдау білдірді

«AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы аудандық газетті қолдау – қазақ баспасөзін қолдау екенін баса айтып, «ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани-мәдени дамуында редакция ұжымының рөлі зор, кәсіби журналистердің уақытпен санаспай халыққа сапалы әрі дәйекті ақпарат таратқан еңбегі бар құрметке лайықты» деп айтып өтті.
– Партиямыз ұлттық құндылықтарға, оның ішінде әдебиет пен мәдениет саласына ерекше қолдау көрсетуде. Бұл бағытта бірнеше партиялық жобаларымыз бар және оның бәрі кезең-кезеңімен сапалы іске асуда. Осы жұмыстарды қоғамға жеткізу ісінде журналистердің алатын орны ерекше. Бізге әркез ақпараттық қолдау көрсетіп, қажет кезде ұсыныс-пікір айтып, халықтың мұң-мұқтажын баспасөз арқылы жеткізіп, қоғам мен партия, билік пен халық арасына алтын көпір болған аудандық газет ұжымының еңбегін жоғары бағалаймыз. Партия филиалы тарапынан фракция отырысында, аппараттық мәжілістерде партияластарға үндеу тастап, жергілікті газетті қолдауға шақырдық. Бүгінде аудандық мәслихаттың депутаттары, Саяси кеңес бюросы мен Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, сондай-ақ 24 бастауыш партия ұйымындағы біздің партияластарымыз төл газетке жазылып, өзара әріптестік байланыстың, бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсетуде. Бұл бағыттағы жұмыстарды біз алдағы уақытта да жандандыратын боламыз, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.
Өз кезегінде Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Аружан Мұханбетқали редакцияның тарихымен, бүгінгі тыныс-тіршілігімен, жетістіктерімен таныстырды. Соңғы жылдары газеттің электронды сайтын дамытуға баса мән беріліп жатқанын айтып, аудандық газет ұжымының жоспарлы жұмыстары жөнінде ақпарат берді.