Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыстық ақындар мүшәйрасы өтті

Облыстық ақындар мүшәйрасы өтті

Туған жерін өлеңіне арқау етпеген ақын кемде-кем шығар. Әсіресе, кіндік қаны тамған жерден ерекше күш алған ақын жүректің алысқа көз тігері анық. «Жетікөлім, жауһар жырсың, лағылсың» деп жүрекжарды лебізін арнаған ақын Кенжалы Райымбекұлының мерейлі жетпіс жасы аясында Жетікөл ауылында облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.

Мәні мен маңызы терең іс-шараға құрметті қонақтармен қатар ауыл тұрғындары қатысып, еркін форматтағы мазмұнды мүшәйрадан мол тағылым алды. Өмір жолы өнегеге толы азаматтың жүріп өткен жолы ауылдастарына таныстырылып, кейінгі буынға үлгі етілді. Ең алдымен құрметті қонақтар ауылдық клубтың кіреберісінде ұйымдастырылған кітап көрмесімен танысты. Ауылдың ақ жаулықты аналары қазақы дәстүрге сай қонақтарға ас-дәмін ұсынды. Сондай-ақ «Сұхбат-тіме» жобасы аясында ардақты азаматпен шағын сұхбат ұйымдастырылды. Көп­­шіліктің қолқалауымен жырдан шашу шашқан Кенжалы Райымбекұлы бұл іс-шараны өткізу ұзақ уақыттан бері ойға алған іс екенін айтып өтті.

– Жетпіс жас аз да, көп те уақыт болмауы мүмкін. Десе де, өмірдің бірқатар кезеңін артқа тас­тап, бұрылып, жүріп өткен ізіңе көз салған сәтте ойға қаласың. «Мен туған жерге, еліме не бере алдым?» деген сұрақ көкейге оралады. Осы мақсатта бүгінгі іс-шараны өткізуге бел байладық. Ауылда көл бар, Жетікөл аталуы да сол себептен. Сол көлдің жағасында балалық шағымыз өтті. Туған жер – шабыттың мекені болды. Бұл іс-шараны үлкен жерде өткізуге де болар еді. Бірақ мен ауыл­дас­тарыма осы күнге дейінгі еңбегімді паш етіп, әріптестеріме Жетікөлдің қандай сұлу, ғажап мекен екенін көрсетуді, таныстыруды ұйғардым. Ақынның жырына шабыт болатын туған жеріме арнаған өлеңдерім баршылық. Келіп отырған баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деді мерейтой иесі.

«Жырымен елін тербеткен» атты облыстық ақындар мүшәйрасы екі кезеңнен тұрды. Іс-шараны ашып берген аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева мерейтой иесін құттықтап, аудан әкімінің арнайы сый-сия­патымен бірге «Құрмет грамотасын» табыстады. Сондай-ақ Жетікөл ауылдық округінің әкімі Өмірбек Тоқпамбетов алдыңғы буынға ізгі ілтипатын танытып, құттықтауын ұсынды. Өз кезегінде «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев сөз сөйлеп, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қазақстанның құрметті журналисі», «Ақпарат саласының үздігі» Кенжалы Ерімбетовке облыс әкімінің құттықтауын табыстап, мерей-мәртебесін арттырды. Облыстың бас басылымы «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов сөз алып, мерейтой иесіне шынайы ықыласын білдірді. Салтанатты кешке қатысқан ауыл тұрғындарына мерейтой иесінің өлеңдері басылған аудандық газет таратылды.

Жыр додасында облыс орталығы мен алыс-жақын ауданнан келген ақындар бақ сынады. Бірінші кезеңде қатысушылар мерейтой иесіне арналған арнау өлеңін оқыса, екінші кезеңде еркін тақырыптағы жыр жолдары тыңдарман жүрегінен жол тапты. Сөз сайысына «Құрмет» орденінің иегері Дүйсенбек Аяшұлы, Қазақстан Жазушылар одағыны мүшесі Мұхамеджан Нұрханов, Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиал төраға­сы Қуат Шарабидинов төрелік етті. Қазылар алқасының шешімімен І орынды Ақжол Түменбай, ІІ орынды Айдар Сайлауов, ІІІ орынды Бекжан Ержігіт пен Сәния Жақып иеленді. Өз кезегінде жүлде­герлер мен қатысушыларға диплом мен қаржылай сыйлық табысталды. Айта кету керек, бұл ретте Қызылорда қаласынан қатысқан ақын Ақжол Түменбай азаматтық жасап, жүлдесін замандасы Ізбасар Әбдібековке табыстады. «Бұл бір асып-тасқандық емес, ағамыздың мерейтойына алу үшін емес, беру үшін келдім» деген жас ақынның азаматтығына көпшілік ризашылығын білдірді. Сондай-ақ қатысушылар Қанат Көзейбай, Ақтөре Ибрагимұлы, Бексұлтан Санақұл, Тұрар Бекмырзаев арнайы Алғыс хатпен марапатталды.

«Жырымен елін тербеткен» облыстық ақындар мүшәйрасы – Кенжалы Ерімбетовтің шығармашылық мұрасын ұлықтап, ақындық өнердің мәртебесін көтерген, жас таланттарға қанат бітірген мазмұнды мәдени-рухани іс-шара болды. Мерейтой иесі арнайы қонақтарға шынайы ризашылығын білдірді. Құрмет пен сыйға, ән мен жырға толы әсерлі кеш әдемі қорытындыланды. Ауыл мешітінен ас беріліп, ата-баба рухына Құран бағышталды.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
25 шілде 2026 ж. 98 0