Жазба ақындар мүшәйрасы

Мүшәйра С.Сейфуллин ауылдық клубында өтіп, оған облыс аудандарынан және Қызылорда қаласынан ақындар қатысты. Іс-шараның ашылу салтанатында ауыл әкімі Б.Қыдырбаев, еңбек ардагері И.Фазылұлы және «С.Сейфуллин Жер» ЖШС бас есепшісі А.Досмырзаева, бас инженер М.Мығымбаев пен қоймашы Ж.Бақышев сөз сөйлеп, ақындарға сәттілік тілеп, шаруашылық атынан Б.Қалабайұлының ұрпақтарына құрмет көрсетті. Іс-шара барысында «Сырдария» квартеті ән шырқаса, Сұлтанбейбарыс Бақытбек «Атаға сыр», Мәншүк Бақытбек «Үш бақытым» өлеңін оқыды.
Мұнан кейін ақындарға кезек берілді. Олар Б.Қалабайұлына арнау және еркін тақырыпта бір өлең оқыды. Ақындардың таланты мен талабын халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Ш.Нұрсейіт, ақын Б.Есназар бастаған қазылар бағалады. Нәтижесінде үш ақын ынталандыру сыйлығына ие болды. Бұл жолы С.Сейфуллин ауылынан шыққан ақындар А.Арыстанов пен Б.Айтбаев үшінші орынмен марапатталды. Екінші орын А.Сайлауов пен Ұ.Бектайға берілді. І орынды М.Мансұров еншілесе, мүшәйраның бас жүлдесін А.Балман жеңіп алды. Ақындарға қаржылай сыйлық пен диплом табысталды.
Жазба ақындар мүшәйрасының соңында Б.Қалабайұлының ұлы А.Бақытбекұлы әкесі туралы естеліктер айтып, іс-шараның ұйымдастырылуына қолдау білдірген бауырларына, ауыл әкімдігі мен ауылдық клуб ұжымына алғысын білдірді. Бұл күні бабалар рухына арналып арнайы құдайы ас берілді. Аста да аудан, ауыл ақсақалдары сөз сөйлеп, текті әулеттің түлегі болған Б.Қалабайұлының жарқын бейнесі, қажырлы еңбегі ұмытылмайтынын айтты.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ