Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өтірік өлеңді өрнектеген ақын

Өтірік өлеңді өрнектеген ақын

Қалың жұртшылықтың ыстық ықы­ласына бөленіп, айтыс өнерінің хас жүйрігіне айналған Заметдин Ибадуллаев мерейлі 80 жасқа толып отыр. Жақында Ақжарма ауылында «Сырдар­ия ауданының Құрметті азаматы», белгілі айтыскер ақын, өтірік өлең ше­бері З.Ибадуллаевтың 80 жылдығына арналған «Тұрам ба өтірікке сал дегенде» тақырыбында аудандық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.
Тағылымды шараны ашқан ауыл әкі­мі Е.Ешмұратов ақынның өмір жолына тоқталып, қатысушыларға сәт­тілік тіледі. Жастайынан «Ақын бала» атанған дарынды талант иесінің құр­метіне ұйымдастырылған мүшәйраға қал­жанахундық Самат Жұмаділ, ақжар­малық Нұргүл Махан, шіркейлілік Рахматулла Мұстапаев, нағилық Гүлбану Сембиева, жетікөлдік Қанат Көзейбай, сәкендік Бақтөре Айтбаев, тереңөзектік Ербол Сағымбай, шағандық Нұржамал Ізбасқанова қатысты. Олар екі кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы кезеңде өтірік өлең табиғатына терең бойлап, қоғам өміріндегі түрлі жағдайды жыр тілінде суреттеді. Өлеңнің құдіретті күшінен қуат алған ақындардың шеберлігі халық алдында сыналды. Еркін тақырыпта поэзияның түрлі бағытына қалам тербеген олар мықтылығын танытты.
Аудандық мүшәйраның бас жүлдесін қазылар алқасының шешімімен ақжар­малық Нұргүл Махан иеленді. Ал жүлдері І орынды шіркейлілік Рахматулла Мұстапаев, ІІ орынды нағилық Гүлбану Сембиева, ІІІ орынды жетікөлдік Қанат Көзейбай, сәкендік Бақтөре Айтбаев жеңіп алды. Барлық қатысушыға арнайы диплом мен бағалы сыйлық табыс етілді.

Б.ОРДАБЕКОВ
07 желтоқсан 2019 ж. 905 0