Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос ауыл арасын өнер жалғады

Қос ауыл арасын өнер жалғады

Өткен жылы Іңкәрдария ауылдық клубы жанынан «Іңкәр» аналар ансамблі құрылып, аз ғана уақыт ішінде ел ықыласына бөленіп, ауыл мәдениетінің дамуына өзіндік үлесін қосуда. «Іңкәр» аналар ансамблінің жетекшісі – мәдениет саласының ардагері, мәдениет майталманы Зағира Ахметова.

Ұзақ жыл бойы мәдениет саласында еңбек еткен тәжірибелі маман ансамбль мүшелерінің шығар­машылық ізденістеріне бағыт-бағдар беріп, ұлттық өнер­дің өркендеуіне барын салуда. Оның жетекшілігімен ансамбль халық әндерін жаңғыртумен қатар, жастардың ұлттық өнер­ге деген қызығушылығын арт­тыруға да еңбек етуде.

Жақында ардақты жандар­дың қатысуымен «Ән көгінде аналар!» атты ән кеші Жалағаш ауданына қарасты Жаңадария ауылында өтті. Өнер мерекесі екі ауыл арасындағы мәдени байланысты нығайта түсіп, ұлттық өнерді дәріптеуге арналған тағылымды іс-шараға айналды. Жалпы алғанда, кештің негізгі мақсаты – ата-бабадан аманат болып жеткен халық әндерін насихаттау, ұлттық өнердің құн­дылығын жас ұрпақтың бойына сіңіру, халқымыздың мәдени мұрасын дәріптеу және ән арқылы ұлт руханиятын жаңғырту екені мәлім.

Кеште қазақтың кең тынысты халық әндері, ел жүрегінен орын алған дәстүрлі шығармалар мен халық сазгерлерінің бірнеше әні шырқалды. Аналар ансамблінің орындауындағы әрбір туынды тыңдарманның көңілінен шығып, ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ән мен әуенге толы кеште көпшілік өткеннің өнегесін сезінді.

– Өнердің киесі мен қасиетін терең түсінетін аналар сахнада тек ән орындап қана қоймай, ұлттық құндылықты насихат­таудың үлгісін көрсетті. Ақ жаулықты аналардың сахнадағы жарасымды бейнесі, олардың орын­даушылық шеберлігі мен өнерге деген адалдығы жаңа­да­риялықтардың тарапынан жо­ға­ры бағаланды. Ансамбль құ­рылған алғашқы жылдың өзінде ауыл тұрғын­дарына үш мәрте ән кешін ұсынып, ұлттық ән өнерінің мерейін үстем етті. Аналардың орындауындағы халық әндері мен дәстүрлі шығар­­малар көрермендердің ыс­тық ықыласына бөленіп, өнер ұжы­мы­ның шығармашылық әле­уетін айқын көрсетті. Алдағы уақытта мұндай іс-шаралар легін жиі жалғастырып, ана­лардың өнердегі ізгі жолын қалып­­тастырғымыз келеді, – деді Іңкәрдария ауылдық клубы­­­ның директоры Айкерім Жұмабекова.

Кеш соңында Жаңадария ауылдық округінің әкімі Рауан Ақпанбетов ансамбль мүше­леріне Алғыс хат табыстап, олардың ұлттық мәде­ниетті наси­хаттаудағы еңбек­теріне жоға­ры бағасын берді. Өз сөзінде ол ауылдар ара­сын­дағы мұндай мәдени бай­ланыстың маңыздылығына тоқ­­­та­лып, өнер ұжымына шы­ғар­­­­­­машылық табыс тіледі. Жаңа­дария ауылдық клубының бас­шысы Рүстембек Көшеров, Жаңадария ауылдық клубы жаны­­нан құрылған «Аналар» ансамблінің жетекшісі Манат Бисембаева, өнер жанашыры Бақыт Жаңабергенова, Гүлмай Сейітова қонақтарға ізгі лебіз­дерін білдіріп, сый-құрмет көр­сетті.

Бүгінде жаһандану дәуірінде ұлттық мәдениетімізді сақтау мен оны кейінгі ұрпаққа жеткізу – барша қоғамның ортақ міндеті. Осы жолда аналар ансамблінің еңбегі ерекше құрметке лайық. Себебі олар ән арқылы ұлттық тәрбиені дәріптеп, қазақтың төл өнерінің өміршеңдігін насихаттап келеді. Осындай игі бастамалардың саны артып, ауыл мәдениетінің мерейі тасып, ұлттық өнердің көкжиегі кеңейе бермек. Ақ жаулықты аналардың өнері өркендеп, ел бірлігі мен руханиятының алтын діңгегі болып қала берсін.

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
09 шілде 2026 ж. 115 0